Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Наурыз тарихынан сыр шертсек - АРҚА АЖАРЫ

Наурыз тарихынан сыр шертсек

Наурыз – Жаңа жылдың басы. Бұл күн, яғни, наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні – аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Бұл күн сонымен қатар, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Осы күннен бастап Жаңа жыл басталады. Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тие бастайды.

Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Наурыз, (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн). Ол өте көне мереке. Наурыз мерекесінің халық арасында аталып келе жатқанына, кейбір деректер бойынша 5 мың жылдай болған. Яғни, қазіргі дәстүрлі діндерден бұрын пайда болған. Ертеде Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алудан басталған. Бұл ежелгі ғұрыптардың бірі – «Бұлақ көрсең көзін аш!» деген мәтелге байланысты болды. Бұл мерекенің дінге қатысы жоқ. Наурыздың нақты тарихы тереңде жатыр, ол өзінің бастауын мұсылмандыққа дейінгі заманнан алады. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі кезде осы мейрамның тамырлары зороастризм және шаманизм дәуіріне жатады. Кейбір елдерде мысалы, Сирия мен Иракта Наурызға тыйым салынған. Сонымен қатар, Түркияда 1991 жылға дейін Наурыз тойланбаған.
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Егер шығыс елдерінде бұған дейін соғыстар, қарулы қақтығыстар болып келсе, бұл күні олар тоқтайтын болған. Сонымен қатар, адамдар бұрынғы өкпе-наздарын ұмытып, бір-бірімен татуласады. Бар жақсысын киініп, бір-біріне қонаққа барады. Бұл күндері әр түрлі ұлттық ойындар, жарыстар өткізіледі. Айталық, бәйге, жамбы ату, палуандар күресі. Сондай-ақ, алтыбақан құрылып, әндер шырқалады.
Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыс-тарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі – «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге, барлығы «Жасың құтты болсын!» деп амандасады. Наурыздың халықаралық мәртебесі – 2010 жылы 19 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында «Әлем мәдениеті» атты күн тәртібінің 49 тармағы аясында «Халықаралық Наурыз күні» деп аталатын қарар қабылданды.
1988 жылдан Наурыз Қазақстанда бүкілхалықтық мейрам болып саналған. 2001 жылы Наурыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі болып жарияланды. 8 жылдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Наурыз мерекесін тойлауға қазақстандықтарға демалыс күндері беріледі деп жарияланды.
Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Су, сүрленген ет, тұз, май, дән, айран, құрт және басқа дәмдерден жасалады. Тұзды қосқаны тұз астың дәмін келтіреді. Сүт немесе ақ құйғаны – «Сүттей ұйып отырайық, көңіліміз ақ, таза болсын» деген ұғымды білдіреді. Қазақта: «Ағы бардың бағы бар» деген түсінік бар.
Наурыз мерекесінің рухани бейнесі – Қыдыр ата. 22 наурызға қараған түні бүкіл халық оның келуін күтеді. Бұл түнді «Қыдыр түні» деп атайды. Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы ретінде келеді. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді деген сенім бар. Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені діни мейрам деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салған. Соған қарамастан, көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бұрын ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды.
«Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөздің астарында да үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Жалпы Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады.
Наурыз мейрамы күні қазақ ауыл-ауылдағы өнерпаз қыз-жігіттерді жинап, ауыл ортасына ақ орда тігіп үлкен жеребе жасаған. Мұндайда наурыз тойына арнап ақ түйе, ту бие, атан өгіз, не көкқасқа тай, кемінде ақсарбас қой сойған.
Мұның үш түрлі мәні бар. Бірі – «Көк тәңірі қорғайды, жерді дәу көк өгіз көтеріп тұрады. Ол бір мүйізі талғанда екінші мүйізіне жерді аударып көтереді. Сол күні жер сілкінеді. Міне, ұлыс күні шалынған өгіздің қаны жер сілкінуден қорғайды» деген наным-сенім болған. Енді бірі – қазақ халқы көк сөзіне ерекше мән береді. Мәселен, көк қасқа тай, көкжал, көкбөрі, көк дөнен дегендер аталы, киелі, шарапаты мол, текті тұқым деп қараған.
Қазақ халқы Наурыз күні әйелдерді ерекше құрметтейді. Қас-қабағына қарап, ер адамдарды отағасы десе, әйелдерді отанасы деп аялаған. Бұл атаудың төркіні әріден басталады. Діни бір рауаятта жер бетінде, ошақ қасында ең алғаш от жаққан әйел Хауа ана екен. Хауа анамыз бір күні күн көзіне әбден қызып жатқан екі тасты қолына алып үйкестіріп көрсе, одан от шығыпты. Содан бастап ошаққа от жағу басталған екен.
Қазақ Наурыз мерекесін ұлыс тойын, үш күннен тоғыз күнге дейін жалғастырып тойлаған. Наурызды құт мейрамы немесе көктем мерекесі деп атаған. Бастапқы үш күнде құт басы, ортаңғы үш күнді құт ортасы, соңғы үш күнді құт аяғы деп білген. Осы үш-үштен тоғыз күнде үйіне қонақ көп келсе ырысымыз тасыды, бағымыз жанды, адамдар арасындағы бет-беделіміз өсті, тілегіміз қабыл болды деп қуанған.
Қорыта айтқанда, сонау Нұх пайғамбар заманынан басталған сан ғасыр санағынан өтіп, бізге жеткен Наурыз мерекесі қазақы салт-дәстүр, ырым, наным-сенім, кәделік жол-жоралғылармен ұштасып, бүгінгі таңдағы ұрпағымызға мирас болардай, басқа ұлттарға даңқымызды көтеретіндей үлкен мерекеге айналып, жаңғырып, жасарып келеді.
Раушан ЖҮСІПОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік
университетінің тарих магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар