Жасыл желек – ел байлығы, жердің көркі

Атадан мал қалғанша, тал қалсын.
(халық нақылы).

Ұлыстың ұлы күні – жылдың жаңаратын уақыты ғана емес, адамның да жан дүниесін тазартатын, бір уақыт қоршаған ортаға назар аударатын экологиялық-тәрбиелік мәні зор мейрам.

Бұл күні елімізде мерекелік дастархан жайылып, мәдени-спорттық шаралар өткізіліп қана қоймайды, жылдағы дәстүр бойынша елді мекендер мен тоғайлардың, өзен-көлдердің маңы қоқыстан тазартылып, көгалдандырылады, сондай-ақ, ағаштардың түбі әктеліп, тал егіледі. Бұл үрдіс еліміздің барлық өңірінде қалыптасқан.
Жалпы, тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауылымыздың ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызы. Ұлыстың ұлы күні наурыздағы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөз осыдан шықса керек. Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл өзекті де өміршең, халқымыздың болашағына бағытталған, жан-жақты ойластырылған ұзақ жылдық бағдарлама. Ол арқылы біз экологиялық апаттардың зардабын жеңіп, табиғатты сауықтырамыз, сайып келгенде адамдардың денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартамыз, халықтың қажеттіліктерін өтейміз, экологиялық және экономикалық проблемаларды шешеміз. Бағдарламаны халық шаруашылығының жаңа бір маңызды саласы деп қарау керек.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтың айтуына қарағанда, облыстағы мемлекеттiк орман қорының көлемi 1 058,6 мың гектарды құрайды. Соның iшiнде 383,9 мың гектары орманмен қамтылған. Облыстың алты ауданы мен екі қаласында орналасқан 13 орман шаруашылығы жұмыс істейді.
– Мемлекеттiк орман қоры аумағында өткен жылы 1230 гектар алаңда орман дақылдарын отырғызу жұмыстары жүргiзiлдi. Соның iшiнде 840 гектар облыстық бюджет қаражаты есебiнен, 21 гектар мекемелердiң ақылы қызмет көрсетуi және 369 гектар орман пайдаланушылар қаражаттары есебiнен іске асырылды. Облыста 11 тұқымбақ бар, оның 4-еуі тұрақты, үшеуі базистік (Ақкөл, Кіші-Түкті, Маралды орман шаруашылығы мекемелері) және 7-еуі уақытша. Бұларда бір жылдық және екіжылдық 10,5 миллионнан астам көшет өсірілді, – дейді Руслан Әубәкіров.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шортанды кентінен Щучинск қаласына дейін «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автожолы бойында қорғаныштық мақсатта орман екпелерін құру 2009 жылдан бастап жүргізілуде. Қазіргі кезде бұл жерде орман екпелерінің жалпы ауданы 2575 гектарды құрайды. Мұнда ағаштар мен бұталардың қарағай, қайың, тоқымақ, үйеңкі, ырғай, қарақат, черемуха, алма, долана, шаған, акация тәрізді он бір түрін кездестіруге болады.
Қазiргi ормандар мен Нұр-Сұлтанның іргесіндегі жасыл белдеуді қосу бойынша жұмыстың екiншi кезеңi жүзеге асырылуда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандары тарапынан 2021 және одан кейінгі жылдары ағаш отырғызу үшін қосымша ауданы 2500 гектар жер телімі зерттелді. Көкшетау қаласының айналасында жасыл аймақты құру жұмыстары басталып, жүзеге асырылуда.
Расында да, қаланы желдің өтінен сақтап, таза оттегімен қамтамасыз етіп тұрған жасыл белдеу жобасы бүгінде еңселі елорда мен облысымыздың мақтанышына айналып отыр. Ағаш отырғызу мемлекеттік маңызы бар мәселе ғана емес, тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауылымыздың ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызы.
Әсіресе, «ағаш, талшыбық кезінде иілер» демекші, бүгінгі ұрпаққа ағаш егу мәдениетін үйретудің маңызы зор. Әрбір оқушы баланың өз атымен аталған ағашы болып, оны көзінің қарашығындай сақтауға тәрбиелеуіміз қажет. Сонау ерте заманнан бері тал отырғызып, экологияны жақсарту міндетін атқарып келе жатқан Наурыз мерекесінде ағаш егуді насихаттасақ, бұл да бір үйлесімді іс болар еді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар