Кәсіпкерлердің сенімі нығайып келеді

Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ақылбек Смағұлов бизнес қауымдастығымен кездесіп, 2019 жылы жүзеге асырылған басым бағыттар жөнінде есеп берді.

Есеп беру кездесуін облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Әсен Жақсылықов ашып, жүргізіп отырды. Палатаның негізгі міндеті – бизнесті қорғау. Осы бағытта өткен жылы бұл мекемеге 323 өтініш түскен екен. Оның 96-сы оң шешімін тапқан. Түскен өтініштің 21 пайызы жер қатынасы саласына, 17 пайызы салық салуға, 7 пайызы мемлекеттік сатып алуға, 5 пайызы теміржол көлігі саласы мен мал шаруашылығына, 3 пайызы бизнестің дау-дама-йына қатысты. Өткен жылы кәсіпкерлер палатасы жер, баға, қатты тұрмыстық қалдықтар, тұрақсыз сауда орындары тәрізді 17 өзекті мәселені өңірлік тізілімге енгізіп, алтауын шешті. Республикалық тізілімге теміржолды пайдаланушылар мәселесі, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай саласындағы айыппұл санкциясының көптігі, вендингтік жабдықтар тәрізді мәселелер енгізілді. Палата сарапшылары өткізген нақты зерттеудің бірі – аудан әкімдерінің рейтингісі болды. Аудан әкімдері жұмысының басты өлшемі – кәсіпкерлердің жұмысын ұлғайтуға ықпал ететін құқықтық нормаларды бағалау, бизнесті жүргізудің қолайлылығының деңгейі, елді мекендерді дамытудың келешегі, ақпарат, жер ресурстарына қолжетімділік, сауданың дамуы, мемлекеттің бизнес алдындағы қарыз, облыс аумағындағы мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста бизнестің қорғалу жағдайы, өңірдің экономикалық дамуының серпіні сияқты мәселелер.
–Бизнеспен жоспарлы коммуникация құру нәтижесінде оң өзгерістер байқалады. Палатаға деген сенім өсті. Кәсіпкерлер өз құқын қорғауға талаптануда. Бүгінгі күні кәсіпкер өз құқы бұзылып, мәселенің шешімі шығарылмаса, оған палата ықпалын тигізетінін нақты біледі, – деді Ақылбек Смағұлов.
Өткен жылдан бері өңірлік палатада жеңілдетілген несие беретін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде. Жобалық кеңсе құрылды. Бүгінгі күні 8500 кәсіпорында тағам, жиһаз, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және өзге де осындай бағдарламалардың әлеуеттік қатысушылары анықталды. Жұмыста 67 жоба жатыр, оның 47-сі мақұлданды.
Дегенмен, палатаның сарапшылары өткізген талдауға сәйкес, бұл бағытта біршама өзекті мәселелер бар. Мәселен, банктер жобаларды ұзақ қарайды. Сұрайтын құжаттар саны көп. Ауылдық елді мекендерде кепілдік мәселесі туындайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын одан әрі ілгерлету мақсатында палатаның сарапшылары жергілікті жерлерде бағдарламаның жай-жапсарын түсіндіру үшін аудандарға шығып, нақты жұмыс жүргізуді жоспарлауда.
Агроөнеркәсіп кешені саласында ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы құрылды. Мұнда еуропалық деңгейдегі бірыңғай ветеринарлық сервис қызметі көрсетіледі. Өткен жылы Зеренді, Ақкөл аудандарында тағы да осындай екі орталық ашылды. «Бастау» жобасы бойынша 3080 адам тегін оқытылды. 1422 жоба қаржыландырылды. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 950 адам курстан өтті. 387 жобаға қаржы бөлінді. Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына сервистік қызмет алу үшін кәсіпкерлер 1250 өтініш берді, 1576 қызмет көрсетілді.
Одан әрі облыстық кіріс департаментіндегі түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Шынар Мусина 2020 жылғы салық заңнамасындағы кейбір өзгерісі жөнінде айтып берді.
Кездесуді қорытындылаған Ақылбек Смағұлов жобаларды одан әрі жүзеге асыру бойынша палатаның биылғы жылғы міндеттері, өзекті мәселелерді шешу жолдарына тоқталды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар