Облыс орталығы Көкшетау қаласының дами түсуіне орай, электр энергиясын тұтынушылар саны да артып келеді. Тиісінше, біздің кәсіпорын электр желілерін жөндеу және қызмет көрсету, жедел басқару сияқты қай қызмет түрі болсын, азаматтарымыздың жайлы өмір сүруіне барлық жағдайларды жасауға тырысуда.
Өткен жылдың күзінде «Көкшетау Энергия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында халыққа қызмет көрсететін жаңа заманауи орталықтың ресми ашылу салтанаты болып өтті. Бұл орталықты біз көптен жоспарлаған болатынбыз.
Бұл халыққа қызмет көрсету орталығының аумағы 300 шаршы метрден асады. Қызметкерлер саны 12 адам. Біздің мамандар күніне 700 абонентке қызмет көрсетеді. Орталықтың негізгі міндеттері тұтынушыларға ақпараттық көмек көрсету және «бір терезе» қағидаты негізінде бұл қызметті сапалы және уақытылы көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Осының негізінде халықпен өзара әрекеттесу процестері едәуір жеңілдеді, соның нәтижесінде бюрократиялық кідірістер де азайтылды. Сонымен қатар, орталық жеке және заңды тұлғалардан түрлі өтініштерді қабылдау, төлем ведомостері, шот-фактуралар жазбаларын беру, келісім-шарттар жасау және оны бұзу, ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеру және өтініш берушілерге дайын құжаттарды беру функцияларын да жүзеге асырады. Бүгінгі таңда нақ осы жеке тұлғалардан шот-фактуралар, төлемдер мен есептеулерді қабылдау және салыстыру халық арасында ең сұранысқа ие қызметтер.
ХХІ ғасыр ақпараттық технологиялардың қарқынды даму ғасыры болып табылады. Сондықтан, біздің ұйымның да заман талабынан қалмайтыны белгілі. Осыған орай, Көкшетау Энерго Орталығы екінші деңгейлі банктермен интернет пен ұялы телефон арқылы жеке және заңды тұлғалардың тұтынылған электр энергиясы үшін төлем мәселелерін де пысықтады. Біздің міндетіміз – ХҚКО қызметтерін мүмкіндігінше электрондық форматқа көшіру. Мұнымен бірге, алдағы уақытта қызметкерлеріміздің өз клиенттеріне әрдайым жылы қабақ танытып, олармен ықыласты қарым-қатынаста болуы жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Ал, мұның өзі сайып келгенде, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырумен қатар, «Көкшетау Энергия» серіктестігі мен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне халықтың сенімін арттыратынына ешбір күмән жоқ.
«Көкшетау Энергия» ЖШС-інің
баспасөз қызметі.
Суреттерде: жаңа қызмет көрсету орталығында.