Ауру айтпай келеді

1.Ең бастысы сенім

Бұрын туберкулезбен ауырамын деген ой мен үшін жоқ болатын. Әрине, қатерлі ісік, қант диабеті сияқты аурулардан қорқатынмын. Туберкулез мен үшін басқа әлемнің ауруы сияқты көрінетін. Бір сөзбен айтқанда, мен бұл ауру туралы мүлдем бас қатырмаппын. Мектеп дәрігерлері сыныптастарымды анда-санда манту сынамасының әсері ұлғайған кезде фтизиатрға жіберетін. Бірақ, олардың бірде біреуі бұл дертке шалдықпаған және ауруханаға жатпаған еді.
Өкінішке орай, бұл кесел мені де айналып өтпеді. Мен ауырып қалдым және маған туберкулез деген ауыр диагноз қойды. Сол сәтте мен үшін дүние төңкерілгендей көрінді. Өзімді бір түрлі сезініп, ажалым жақындап қалған шығар деп ойладым. Егер аман қалсам, алда не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты болатын. Осыдан кейін адамдармен қарым-қатынасым қандай болады, жұмысым не болады, әрі қарай қоғамға пайдам тие ме деген ойлар санамнан кетпей қойды.
Мен туберкулезбен бір жыл ауырдым. Алайда, бағыма орай, осы дерттен толығымен айықтым. Осы кездегі бастан кешкендерімді өмірден алынатын маңызды тәжірибе деп қабылдаймын. Мен сол өмір сынақтарынан сүрінбей өтіп, жазылып шықтым.
Әрине, осының бәрін өткеру маған оңай болған жоқ, алайда, аурумен алысқан сол кезеңіме еш өкінбеймін. Бұл күйінішті жағдай мені көптеген нәрсеге үйретті. Осының арқасында бойымда қайсарлық пайда болды, жаңа достар таптым. Өмірдегі кез-келген қиындықтарды, тіпті, туберкулез сияқты қатерлі ауруды да жеңуге болатынын түсіндім. Ол үшін мойымай, жасымай, өзіңе деген сенімділікті жоғалтпай, дәрігерлердің айтқандарын бұлжытпай орындап, тағайындаған емдерін уақытында қабылдау керек және қандай жағдай болсын ем-шараны үзбеген абзал.
Ауруханадан шыққаннан кейін өзіңе күтім жасау керек. Менің оқиғам және тәжірибем біреулерге сабақ, басқаларына пайдалы кеңес болатынына және ауырғандар өздерін дұрыс жолға бағыттайтынына сенімдімін. Баршаға дерттеріне дауа, ауруларына шипа тілеймін!
Лилия.

2.Ерік-жігеріммен жеңдім

Бұрын мен туберкулез туралы көп біле бермейтінмін. Тіпті, бұл ауру бейәлеуметтік тұлғаларда, атап айтқанда, қаңғыбас адамдарда болады деп ойлайтынмын.
Өткен жылы олай емес екенін түсіндім. Мен сатушы болып жұмыс істегендіктен, жыл сайын медициналық тексерістен өтіп жүрдім. Кезекті тексерісті өткенімде, менде туберкулез ауруы бар екенін естіп білдім. Бұл жайтты білгенде төбе шашым тік тұрып, бойымды қорқыныш билеп, өзімді дәрменсіз сезініп, көкейімдегі «бұл инфекция менде қайдан пайда болды және неге ол мені айналып өтпеді?», «мен енді қалай өмір сүремін?» деген сансыз сұрақтар маған маза бермеді.Әлсіреген иммунитет туберкулез таяқшасымен байланысқа түссе, бұл ауру ушығып кетуі ықтимал екенін дәрігерлерден білдім (бұл таяқшалар сатушыларда да кездесіп қалуы мүмкін).
Ашығын айтайын, маған алғаш рет туберкулез диагнозы қойылған кезде менде өзіме деген сенімділік пен өмірге деген құштарлық жойылды, мен үшін бұл инфекция ЖИТС, гепатит пен қатерлі ісікпен пара-пар көрінді. Алайда, жақындарымның, әсіресе, ата-анамның қолдауының арқасында мен өз-өзіме келіп, осы дертпен күресе бастадым. Сондықтан да, мен оларға шексіз алғысымды білдіремін.
Бойыңа дерттен айығамын деген сенімділікті қалай ұялату керек? Бұл, әрине, оңай шаруа емес және көп күш жұмсауды талап етеді, алайда, бұл әрекеттің зая кетпейтіні сөзсіз. Ең алдымен, осы ауруға шалдыққан адамдарды, сонымен бірге, осы аурудан құлан таза айыққан азаматтарды іздеп табу керек. Содан кейін олармен бірге аурудан айығу үшін істелетін әрекеттер жоспарын құрған жөн. Мәселен, қатерлі аурумен күресіп, оны жеңген адам, басқа адамдарға күш-қуат беріп, ауруды жеңемін деген үмітті оятады. «Жалғыздың ісі оңалмас, көптің ісі жоғалмас» демекші, осы ауруды бірлесіп жеңу әлдеқайда жеңілірек деп ойлаймын. Қазір менің денсаулығым жақсы және ел қатарлы өмір сүріп жатырмын. Ең бастысы, әр адамда өзіне деген сенімділік болуы керек, сонда ғана өмірдегі талай қиындықтарға төтеп беруге болады.
Елена.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар