Өз балаңды қорға!

Туберкулез бұрын емделмейтін және миллиондаған адамның өмірін қиятын аса қауіпті жұқпалы ауру болатын. Қазіргі уақытта міндетті екпелік алдын алу шаралары енгізілгендіктен әрі туберкулезге қарсы тиімді бірқатар химиялық препараттар болғандықтан, адамдар бұл ауруды бақылай алатын болды.

Алайда, қазірдің өзінде бұл аурудан көз жұмып жатқандар бар. Міне, сондықтан, балалар мен ересектер туберкулезден сақтануға және мамандардың ұсыныстарына құлақ асуға міндетті.
Балаларда туберкулездің алдын алу жұқпалы дерттің жұғуын және дамуын болдырмауға бағытталған. БЦЖ екпесі мен химиялық профилактика балаларда осы аурудың алдын алудың негізгі әдістері болып табылады. БЦЖ екпесі екпе алғандарда екпе алмағандарға қарағанда туберкулез ауруын 5-10 есе азайтуға көмектеседі. Екпе жұмыстары қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда перзентханаларда бала дүниеге келген бойда жүргізіледі. Жеткілікті түрде иммуногенді БЦЖ екпесі микобактерияның әлсіреген штаммасы болып табылады, бірақ, дені сау балаларда жұқпаны болдырмайды. Екпе тері ішіне салынады. Салынған жерде баланың жалпы денсаулығына қауіпті болмайтын жергілікті иммундық процесс дамиды. Нәтижесінде, ағза туберкулез микобактериясына қарсы арнайы иммунитет өндіреді.
БЦЖ екпесі балалар арасында аурудың жұғуын және таралуын азайтады, туберкулездің жедел және жалпыланған түрлерінің дамуының алдын алады. Бұл дегеніміз ­­– постекпелік иммунитеті жақсы, екпе салынған бала туберкулез микобактериясымен бетпе-бет келген кезде бұл ауруға төтеп бере алады немесе инфекцияны жеңіл түрде қабылдауы ықтимал.
Ата-аналар балаларына БЦЖ екпесін егуден бас тартқан жағдайда туберкулезден ешкім, әсіресе, балалар сақтандырылмағанын есте ұстағандары абзал. БЦЖ екпесін салған кезде асқыну және кері әсері болу қаупі өте төмен. Іс жүзінде екпеден кейінгі асқынулар 0,02-0,06 пайыз жағдайларда ғана кездеседі. Адамның жас ерекшеліктерін ескерсек, туберкулез ауруына ересектерден гөрі балалар бейім келеді. Сол себепті, туберкулезге қарсы иммунитетті бақылау және жұқпалы аурудың алғашқы белгілерін анықтау үшін балаларға манту жасалады. Манту сынамасы үшін туберкулиннің шағын мөлшері тері ішіне енгізіліп, кейін енгізілген жерде туындайтын аллергиялық әсер бағаланады.
Туберкулин микобактерия тіршілігінің өнімі болып табылады. Манту сынамасы зиянды емес екенін айта кету керек. Туберкулиннің құрамында тірі микро ағзалар жоқ және қолданылатын мөлшері адамның бүкіл ағзасына да, иммундық жүйесіне де әсер етпейді.
Микобактерияны жұқтыру ауру жұқты деген сөз емес. Әрбір адам егде жасқа келгенде микобактерия жұқтырады және оған қарсы иммунитеті болады. Алайда, барлығы туберкулезбен ауырмайды. Жақсы иммунитет инфекцияға төтеп береді және аурудың дамуына жол бермейді. Ағза әлсіреген болса, адам ауыр дерттерге шалдықса, иммунитеті әлсіз болса, микобактерияны жұқтырған кезде туберкулез дамиды.
Ауру жұқтырған балаларды осындай әдіспен анықтау оларды сауықтыру және аурудың дамуын тежеу үшін қажет. Ақмола облысында балаларды сауықтыру жұмыстары Щучинск қаласындағы «Жұлдыз» шипажайлық түрдегі мектеп-интернатында, «Арай» облыстық балалар шипажайында және мектепке дейінгі балалар ұйымдарының санаторлық топтарында жүргізіледі. Ауру жұқтырған балаларды және олармен байланыста болған балаларды уақытында сауықтыру соңғы он жылдың ішінде балалар арасындағы туберкулез ауруын үш есе төмендетуге мүмкіндік берді.
Құрметті ата-аналар! Сіздер өз балаларыңыздың денсаулығы мен өміріне жауаптысыздар. Уақытында жүргізілген профилактикалық екпелер туберкулез инфекциясынан сақтауға мүмкіндік береді. Балаңыздың денсаулығын сақтаңыздар!
Марина ОСИПОВА,
Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің жоғары санатты фтизиатр дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар