Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Талап: тәртіп күшейтілсін! - АРҚА АЖАРЫ

Талап: тәртіп күшейтілсін!

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен төтенше жағдайға байланысты құрылған өңірлік жедел штабтың отырысы болып өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткізілгенін және онда халықты әлеуметтік қолдау, коронавирус індеті мен дағдарысқа қарсы күрес шаралары талқыланғанын айта келіп, облыс әкімі Ермек Маржықпаев тәртіпті күшейту қажеттігін атап өтті.
– Қазіргі қалыптасып отырған жағдайға байланысты мемлекетіміздің, оның ішінде өңіріміздің экономикалық дамуы бәсеңдейтіні белгілі. Осыған орай, Президентіміз алға бірнеше маңызды міндеттер қойды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, электрондық сауда, металлургия, машина жасау, қайта өңдеу секторы, көлік, тұрғын үй-құрылыс инфрақұрылымы, медициналық қызмет көрсету секілді салаларды жіті назарда ұстауымыз керек, – дей келе, Ермек Маржықпаев коронавирус пандемиясының таралуын тоқтатуға байланысты шараларды күшейту туралы тиісті ведомство басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда елімізде коронавирус ауруын жұқтырғандардың әр бесіншісі дәрігерлер екені алаңдатарлық жайт. Бүгінде 120 ақ халаттыда осы қауіпті індет лабораториялық зерттеулер арқылы расталған екен. Осы ретте, облыс әкімі медициналық қызметкерлердің коронавирус жұқтырып алмауы үшін тиісті шаралар қолдану қажеттігін айтты.
–Медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен, залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз ету күнбе-күн қадағаланып отыруы керек. Облыста 3583 адам тіркеуге алынды. Тағы 1096 адам бақылауда. Коронавирус жұқпасы расталғандардың саны 61 адам. Осы індет салдарынан 3 адам көз жұмды. Коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі астананың айналасындағы елді мекендердің тұрғындары, – деген облыс әкімі жуырда Целиноград ауданындағы «Шапағат» қарттар үйінде тұратын 38 адамда осы қауіпті індет анықталғанын, аталмыш медициналық-әлеуметтік мекеме түгелдей карантинге жабылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.Барлық науқастар провизорлық, жұқпалы аурулар және карантиндік нысандарға жеткізілген. «Шапағат» қарттар үйі орналасқан Аққайың ауылында да карантин режимі енгізілген.
Ермек Маржықпаев коронавирус жұқпасы расталған науқастармен байланыста болған тұлғаларды тездетіп анықтап, бақылауға алуды қатаң ескертіп, облыста сәуірдің 13-інде карантин тәртібі күшейтіле түсетінін айтты.
Облысымызда коронавирус жұқтырған науқастарды емдеумен айналысып жатқан медицина қызметкерлерін уақытша тұратын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Бұл тізімге жедел жәрдем қызметкерлері де енгізілуі тиіс.
Штаб отырысында қаралған тағы бір мәселе, коронавирус індетінің таралуына байланысты жұмысынан айырылған, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары. Облыс әкімі ақшалай көмек шын мәнісінде көмекке мұқтаж азаматтарға берілуі керек екенін айта келе, қазіргідей жағдайда азық-түліктің қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Ет, жұмыртқа, ұн өзімізде өндірілетіндіктен, бұл өнімдер қымбаттамауы тиіс. Себебі, жыл сайын мемлекет тарапынан бизнес саласына қомақты сомада субсидия бөлініп келеді. Өнеркәсіп орындарының басшылары осы жақсылықтарды түсініп, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде мемлекетке демеу болулары керек.
Сонымен қатар, штаб отырысында облыс әкімі осы аптада болған қатты желдің зардаптарына да оралып, 964 миллион теңгенің шығыны келтірілгенін атап өтті. Әр аудан бойынша жол картасы әзірленіп, төтенше жағдай салдарынан қираған әлеуметтік, білім нысандарының бәрі қалпына келтірілуі тиіс.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар