Абай – 175

Абайдың еңбек және де адал еңбек ету жөніндегі ғибраты

Тілеуқабыл Ахметов,
Көкшетаудағы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогика колледжінің оқытушысы

Бар саналы ғұмырын өз халқына арнап өткен ұлы Абай хакімнің ғұмыры өз халқының тағдыр-тарихы мен өзектес болатын. Әрине, сол өз халқына деген жан күйзелісі де болды. Алайда, «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» дей отырып, Абай өз халқының тағдырымен біте қайнаса ой айтып, оның болашағына да зор сеніммен, үмітпен қарағаны да анық жай.

Абай әсіресе, өз халқын еңбек етуге, кәсіп меңгеруге, білім мен ғылымды білмекке үндей білді.
Адасып, алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай,
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, –
деп қынжыла отырып, ұлы ақын өз халқына тағы бір «Малға достың мұңы жоқ мал­дан басқа» дейтін өлеңінде «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?» деп жөн сілтейді.
Еңбекті және сол еңбек етуді бәрінен де жоғары қоя білген Абай данышпан «еңбегіңді сат» деген ғибратын тағы бір ойымен бекітеді. Мысалы:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өз күшің алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, –
деп еңбекті ақылмен қатар жүктейді. Өйткені, адам баласы өзінің еңбегі мен ақылын тең ұстаса, ол ешнәрседен қор болмайтындығын Абай дөп басып айта білді.
Абай өзінің «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде «Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей», – дегенді жаны қинала да айтқан болар. Ал, Абайдың осы айтқаны бүгінгі күннің ақиқатымен де астасып жатқандығы бардай сезіледі. Және де өз қазағына тағы да Абай мынандай жанашырлық кеңес береді:
Жалға жүр, жат жерге кет,
Мал тауып кел.
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел…
Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте ал­мас!..
Міне, Абайдың «мал тауып кел дегені» бүгінгі күннің ұғымында ақша тап, күн көрісіңді дұрыстай біл дегенге саяры да анық. Сөйтіп, Абай өз халқын, өз жұртын тіршіліктің қарекетін жасап, адал еңбек етуге шақыра білді. Ұлы ғұламаның өз заманында айтқандарының мәні мен мағынасының осы заманда да анық естілуі және де бүгінгі күнге де сол айтқандарының өлмей, өшпей жетуінің де сыры да тереңде жатыр.
Абай еңбек етіп, мал таппаққа үндеген өз өлеңдерінде айтылатын терең ойларын өзінің қара сөздерінде де қайталап, терең мағына беріп, халқы түсінетіндей етіп тағы айтқан-ды. Мы­салы, ол өзінің екінші қара сөзінде: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе –
демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.
Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық қазақ», – деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?», – дейді. Енді осы сөздегі терең ойын Абай өзінің қырық екінші сөзінде былайша тереңдете түседі: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғының бір себебі – жұмысының жоқтығы», «Егер, егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді…», – деп қынжылады.
Және де Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», – деп пайымдайды да, төртінші қара сөзінде: «Еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбек етудің ең абзал жол екендігін нұсқайды.
Жалпы, ұлы Абайдың еңбек етіп, адалдық жолмен жүруді нұсқауы адами ақыл-парасаттылықтың ең биік ұстанымы болып табылады. Абайдың бұл ғибраты – мәңгі жасайтын ғибрат!

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар