Көкшетау абаттана түседі

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында орналасқан полимеразды тізбекті реакция лабораториясының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы Пушкин және Мәлік Ғабдуллин атындағы көшелердің жолдарын жөндеу, «Сарыарқа» ықшам ауданындағы көппәтерлі тұрғын ұй құрылысы мен «Васильковка», «Көктем» және «Сарыарқа» ықшам аудандарындағы аралық жолдардың салыну барысымен танысты.

Көкшетаудағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан ашылған полимеразды тізбек реакциясы тестілерін өткізетін зертхананың құрал-жабдықтары мен тексерістен өткізетін мамандар «Олимп» клиникалық диагностикалық зертханасының мамандары екен.
– Тестілер қазір тексерілуде. Бұл зертханада тестілеуден өту тұрғындарға мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көлем шеңберінде тегін болады, қалған азаматтар ақылы өтеді, – деді «Олимп» клиникалық-диагностикалық лабораториясының Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша филиал директоры Әсет Бекбосынов.
Филиал директорының айтуынша қазіргі таңда зертханада 1 мың тесті бар. Алдағы дүйсенбі күні тағы да тестілер әкелінбекші және сол күні адамдарды да тестілеуден өткізе бастайды. Осы орайда, облыс әкімі Ермек Маржықпаев филиал директорына облысымызда алғашқылардың бірі болып коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана ашқаны үшін алғыс білдірді және де зертханада қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін тапсырды.
Сонымен бірге, облыс басшысы Мұхтар Әуезов көшесінің бойында орналасқан зертхананың мобильдік пунктінде болды. Тестке қан талдамасын алатын бұл мобильдік пунктті Макинск құс фабрикасының басшылары сыйға тартыпты. Мұнда күніне 160 адам тест тапсыра алады. Дүйсенбі және сенбі күндері аралығында жұмыс істейтін пункттің қызметкерлері мен келушілер арасында ешқандай байланыс болмайды. Тест тапсырушылар арнайы терезеге келіп, сырттан тапсырады.
Көкшетау қаласында жекелеген көшелердің жолдарын жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Облыс әкімі осы жұмыстардың барысымен де танысты. Пушкин көшесінің бойында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмысының барысымен танысып, бұл іске жауапты мердігер компания өкіліне жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді және уақытында аяқтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта қаланың «Сарыарқа» ықшам ауданында тұрғын үй құрылыстары қарқын алғаны белгілі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 және 40 пәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұл тұрғын үйлер жалдамалы түрде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға үлестіріледі. Сондай-ақ, жыл соңында медицина қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуы тиіс.
Сонымен бірге, ықшам ауданда жаңадан жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да салынуда. «Сарыарқадағы» бұл жолды «Көкшетау жолдары» серіктестігі салып жатыр. Облыс әкімі жалпы қалада биыл жолдарға жөндеу жүргізу және жаңа жолдар салу жоспарланып, оған 10 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінгендігін айтты. Сондай-ақ, «Назарбаев» даңғылы толығымен жаңартылады. Краснояр селосында да жаңа жолдар салу жоспарланған. «Васильковка», «Көктем», «Сарыарқа» ықшам аудандарының арасында салынып жатқан жол құрылыстарының да қарқынды әрі сапалы жүргізілуіне айырықша көңіл бөлінді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар