Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зеренді - АРҚА АЖАРЫ

Зеренді

Диқанның сенімі орнықты

Елдегі жағдайға байланысты көңілдеріне күдік ұялаған Ақмола облысының диқандары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыздағы мәлімдемесінен кейін серпіліп сала берді. Күмән сейілді, сенім орнықты.

Тамылжыған табиғат аясындағы Зеренді диқандары өткен жылы табысты жұмыс істеді. Агротехникалық шараларды уақытылы әрі тыңғылықты атқаруларының арқасында 299,1 мың тонна астық жинап алған болатын.
–Биыл ылғал мол болатын сыңайлы,–дейді «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов,–су тышқандары ұяларын әдеттегідей томарға емес, жапырыла құлаған бұтаның етегіне салыпты. Рас, бұрынғыдай егістік алқаптарына қар тоқтатуды ойдағыдай атқара алмай келеміз. Есесіне, жомарт табиғат өзі қарайласқандай. Өткен жылы отбасымызбен мың гектар алқапқа егін егіп, ойдағыдай өнім алдық. Биылғы көктемде қалай болар екен деген тәрізді алаңдаушылық бар еді. Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін бойымызға күш-қуат құйылып, құлшынысымыз артып сала берді. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, көктемгі егіс науқаны үшін қосымша 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді екен. Оның үстіне Үкіметке жанар майдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Шын мәнінде, бұл біз тәрізді ауыл шаруашылығының шағын құрылымдары үшін өте көп көмек.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Шайкөзовтың айтуына қарағанда, биыл аудан диқандары 177,4 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар отырғызбақ. Оның 59,5 мың гектары арпа, 4 мың гектары сұлы, одан өзге бұршақ тұқымдас дақылдар да бар. 1,7 мың гектар алқапқа картоп, 0,39 мың гектар алқапқа көкөніс отырғызылмақ.
–Биылғы жылы майлы дақылдар алқабы 53,4 мың гектар жерді құрап отыр. Бұл жай аудандағы майлы дақыл тұқымы өндірісінің көлемін әлдеқайда көбейте түседі. Гектарлық субсидия төленбесе де, диқандардың бұл дақылды егуге деген ынтасы зор. Өйткені, өзге дақылдарға қарағанда, майлы дақыл тұқымының бағасы қымбат,–дейді бөлім басшысы.
Қазіргі заманда ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру ұсынылуда. Бұл – заман талабы. Диқандар да бір дақылмен шектеліп қалмай, зығыр, рапс, жасымық, соя, күнбағыс тәрізді дақылдарды көптеп өсіруді ойластырып отыр. Бұл өнімдерге сұраныс та аз емес. Ауданда төрт түлік малдың басы жыл сайын өсіп келеді. Өтпелі кезеңде біржылдық және көпжылдық екпе шөп егу ұмыт қалған болатын. Мал азығы үшін аса қажетті осы бір іс соңғы жылдары айтарлықтай жанданып келе жатыр екен.
–Ауданда біржылдық және көпжылдық екпе шөптің 375 тонна тұқымы бар,–дейді Серік Шайкөзов,–үстіміздегі жылы 15 мың гектар жерге мал азығына қажетті дақылдарды себуді жоспарлап отырмыз.
Тұқым демекші, қолда бар 21,8 мың тонна тұқымның 14,6 мың тоннасы тексеруден өткізілген. Тексерілген тұқым қорының бірінші және екінші класты көлемі 65,6 пайызды құрайды. Зеренділік диқандар биылғы жылы тұқым тақсыретін тартпауға тиіс. Өйткені, аудандағы аттестатталған тұқым шаруашылықтарының субъектілерінде 758,3 тонна жоғары сапалы тұқым бар. Өздерін ғана қамтып қоймай, көрші аудандардың шаруашылықтарына да бұл тараптан көмек көрсете алады. Мәселен, «Көкшетау Астық Инвест ЛТД» серіктестігі 515 тонна бидай, 180 тонна зығыр тұқымын сатуға шығармақ.
Аудан шаруашылықтары тұқымды залалсыздандыратын қажетті дәрі-дәрмектің 61 пайызымен қамтамасыз етілген. Дәл осы арада олқылықтың орын алып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұрынғыдай көктемнің бір күні емес, бір сағаты жылға азық болайын деп тұр. Демек, жергілікті жерлерде тұқым өңдейтін дәрі-дәрмекті сатып алуда жеделдік қажет.
Көктемгі егісті дер шағында, тыңғылықты атқару алдымен машина-трактор паркінің қауметіне тікелей байланысты. Үстіміздегі жылы үш ауыл шаруашылығы егіс техникасы сатылып алынған екен. Жоқтан тәуір дегенімізбен, шынтуайтына келгенде аздау. Дәл осы арада аудандағы ауыл шаруашылығы техникасының 30 пайызының тозып тұрғандығын айтуға мәжбүрміз. Біздіңше, әр жыл сайын машина-трактор паркінің тым болмағанда 10 пайызы жаңартылып тұрса. Сонда бірер жылда бәрін болмағанымен, қақ жартысын жаңалап алар едік. Техника қуаты жетіп тұрса, дәнді және бұршақты дақылдар он күннің ішінде егілмек. Іркіліссіз жұмыс істеу үшін 3,9 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны қажет. Әзірге оның 70 пайызы тасымалданып алынған.
Ылғал көп жылы арамшөптер де бой көтереді. Демек, диқан қауым осы бір жайды қаперінде ұстағаны жөн. Зеренділік диқандар 175 мың гектар егістік алқаптың арам шөбіне қарсы химиялық өңдеу жүргіземіз деп алақандарын ысқылап отыр. Жерің құнарлы болса, арам шөптен ада болсаң, астық шықпағанда қайтеді?! Жерді құнарландырып отыру диқан парызы. Биыл аудан диқандары құнарландыруға ерекше көңіл бөлмекші. Науқан басталмай тұрып 5,7 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алып қойыпты.
Мемлекет басшысының өзі дем берген көктемгі егісте іркіліс болмайды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Бақберген АМАЛБЕК.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар