Жақсылықтан үмітті елміз!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптада еліміздегі коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеуін жариялайды деген хабар таратылды. Өте орынды. Елдің қазіргі жағдайын Президенттің өзінен естіген дұрыс болар. Және де Президенттің жиі-жиі жағдайды айтып тұруы да халықтың билікке деген сенімін де нығайта түсуде. Халық өз мемлекетіне, өзінің Президентіне сеніп отыр.

Сонымен бірге, Президенттің және жалпы биліктің халыққа жақындай түсуінің де маңызы болса, соған осы жағдай, яғни, Президенттің бар жағдайды жасырмай өзі айтып отырғандығы қазіргідей аса күрделі жағдайда зор маңызы бар.
Індет (коронaвирус) жайлап бара жатқан әлемнің жай-күйі белгілі. Майдан даласынан беріліп жатар ақпарат сияқты. Әлемнің бай ірі қуатты деген АҚШ-ы бар, өзге де мемлекеттерінде осы індеттің таралуы әрі адам өлімі тым жоғары екендігін мәліметтерден біліп отырмыз. Соған қарағанда біз, қазақ елі Тәуба дейміз! Бұл әрине, Президентімізден әу бастан осы коронавирусқа қарсы бірден жедел әрі орынды да жан-жақты ойластырылған шаралар қабылдағаны оң әсер етті. Және де Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты ірі мегаполистерде бірден карантиннің жариялануы осы індеттің таралуына үлкен кедергі жасады. Сонымен бірге, облыстарда шектеулер қойылуы да дұрыс шешім болды. «Үйде отырыңыз!» деген бастама да дұрыс еді. Дәрігерлерге мың рахмет! Әрине, кей жерлерде дәрігерлердің де індет жұқтырып алып жатқандықтарына жаным ауырады. Бәрі де аман болса екен! Бұл орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының пандемиямен күрестің бел ортасында жүрген медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу жөніндегі ұйғарымы үшін алғыс айтар едім. Және де Президентіміздің «Әлемді футболшылар емес ғалымдар құтқарады» деген сөзі де орынды айтылды. Бұл да біздің ғалымдарымыздың еңсесін көтеріп тастады.
Тағы бір атап көрсететін жай сол, Президенттің қамқорлығынан ешқайсымыз да шет қалып отырған жоқпыз. Зейнеткерлердің зейнетақылары 10 пайыз индекстелетін болса, жұмыссыз қалғандарға 42500 теңге берілуі де қамқорлық еді. Осы 42500 теңгені алып, қуанып бірі-бірлеріне соны үлкен бір қуаныштай хабарлап жатқан ағайындарымыздың көңіл-күйін көріп, өзіміз солармен бірге қуанып отырамыз.
Мына біздің аймақта, Қазақстанның солтүстік өңірлері көктемгі егіске әзірленіп жатыр. Тұқым себетін күн жақын. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деуші еді, апырмай биыл қалай болар екен деп алаң күйге де түстік. Алайда, бұл мәселе бойынша да Мемлекет басшысы өте тиімді және орынды шешім қабылдады. Президентіміздің өзі осы көктемгі егіске зор мән беріп отыр. Тоқаевтың пәрменімен жеңілдетілген бағамен жанар-жағар майдың берілуі аграршыларды қолдаудың ең бір ұтымды жолы болды. Қазақта «алтын-күміс ас екен, арпа бидай тас екен» деген аталы сөз бар. Сондықтан да, көктемгі егісті уағында өткізіп алу біздің стратегиялық міндетіміз. Соған толық мүмкіндік жасалды! Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Тәуелсіздігімізді қорғаумен бірдей!
Қазақстанда коммуналдық төлемнің төмендетілуі, негізгі азық-түлік бағаларын тұрақты ұстау, халықты азық-түлік себетімен қамтамасыз ету тағы да басқа, соның ішінде бизнеске жасалып жатқан жеңілдіктердің барлығы да Қазақстанның және оның Президенті Тоқаевтың кез-келген жағдайдан өз елі мен халқын алып шығуға деген қабілет-қарымы мен ақыл-парасатының жетерлігін көрсетіп отыр. Мен өз Президентіме сенемін!
Қазір әлеуметтік желілердегі кейбір ақпараттар мен айтылып жатқан жайларды оқысаңыз «ақырзаман» келіп қалған екен ғой деп төбе шашың тік тұратын болды. Тіпті, бетін аулақ қылсын «аштық болады» деп те жатқандар бар. Жамандықты шақырмай отыр деуші еді баяғыда үлкендеріміз.
Қазақта «атың шықпаса жер өрте» деген сөз бар еді. Қазір атыңды шығарғың келсе, болмаса «халық батыры» атанғың келсе, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып, болмаса билікке қарсы бір-екі ауыз сөз айта салатындар көбейіп барады. Өкінішті, әрине!
Коронавирусқа қарсы күрес біздің еліміздің бірлігін көрсетті. Әрине, сонымен бірге осал тұстарымыз да сыр берді. Соның барлығынан да орынды қорытынды жасалар деген сенімдеміз. Біздің сабыр сақтап, өткеніміз бен бүгінімізді терең саралап, алдағы күндерімізді, әлемнің даму үрдістерін терең пайымдап болашаққа жоспар құрар кезеңде тұрмыз! Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын берсін!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар