Жауапкершілікті терең сезіне білейік

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев арнайы жиын өткізіп Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің ХVІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындықты пысықтап, бұл шараның аса маңыздылығын атап көрсетті.

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов қалада жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша есеп беріп, салынып жатқан «Болашақ» сарайы мен басқа да құрылыстарға, инфрақұрылымдық нысандарға тоқталды. Дегенмен, өңір басшысы атқарылып жатқан бұл жұмыстарға көңілі толмайтындығын айтып, форумға дейін барлық қолға алынған жобалар дер кезінде орындалып, іске қосылу керектігін қатаң тапсырды.
– «Болашақ» сарайы – форумға дайындық барысындағы ең басты нысан. Оның құрылысы мен ішкі безендірілуі, салыну сапасы, маңайының көз тартарлықтай көрікті болуы бәрінен маңызды. Сондықтан, ішіндегі қойылатын жиһаздар мен орнатылатын құрылғыларының әрбіреуіне жете мән берілуі қажет. Сонымен бірге, форум аясындағы нысандар бойынша Нұр-Сұлтан және басқа да аймақтардан жұмыс істеуге келетін жұмысшылардың қазіргідей төтенше жағдай кезінде ойдағыдай қатынау мәселесін де дұрыс қарастырыңыздар,–дей келе, облыс басшысы өзінің орынбасарларына осы жөнінде тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, бұл жиында өңір басшысы қала әкіміне және өз орынбасарларына Көкшетау қаласының жолдарын, соның ішінде Назарбаев даңғылы бойындағы жолдарды жаңғырту, тұрғын үй құрылысы, Қопа көлінің аумағын көркейту, қала ішімен өтетін Қылшақты өзенінің маңын тазарту мен абаттандыру секілді жұмыстарды да нақты уақытында аяқтауды тапсырды. Форумға қатысушылардың жиын кезінде уақытша тұруына арнайы салынып жатқан Назарбаев даңғылындағы көп қабатты үйлер бойынша туындаған заңдық тұрғыдағы мәселелерді де тездетіп шешуге тапсырма берді.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық форумы кезінде оған қатысушылар мен қала қонақтарын абыроймен қарсы алып, шығарып салу үшін белгіленген жұмыстардың қаншалықты маңызды екенін осыған жауапты тұлғалар саналы түрде барынша ұғынып, көзделген барлық нысандарды сапалы әрі уақытында іске қосулары қажеттігін қатаң ескертті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар