Жарқылдап өткен ғұмыр
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ елінің азаматтары өздерінің өр мінездерімен, ерлік істерімен айшықталды. Менің бүгінгі әңгімеме өзек болып отырған майдангер аға, жасынан жазушылық пен ақындық өнерді меңгерген кісі – Құлжабай Марин. Ол кезінде Ақмола облыстық «Сталин туы» (қазіргі «Арқа ажары») газеті редакторының орынбасары болған.
Ақмола өңірінің күншығысында жайғасқан Ереймен елінің тумасы Құлжабай Марин 1920 жылы жарық дүние есігін ашыпты.
Бұл әулеттен көптеген игі жақсылардың шыққаны белгілі. Олардың ішінде Құлжабайдың ағасы Әлиасқардың орны бәрінен де өзгеше. Совет үкіметін орнату барысында белсенді жұмыс істеген алғашқы қазақ революционері ойда жоқта ізін аңдыған жау қолынан мерт болған. Бұл жөніндегі әңгімені Ерейментау елінің үлкендері бас қосқан кездерінде жиі айтып отыратын-ды.
Құлжабайдың жалындаған жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Алдыңғы лекте әскерге алынған ол 1-ші Белорус майданының 392-ші атқыштар дивизиясының құрамында Орлов, Брянск, Белоруссия, Польша, Шығыс Пруссия бағыттарында болған қиян-кескі ұрыстарға қатысады.
Жас офицер, аға лейтенант Құлжабай Марин батальон комсоргі болғасын сан ұлт өкілдерінен жасақталған жауынгерлерді шешуші айқастар алдында жігерлендіре білген жүректі әрі білімді жігіттердің бірі болған. Отан, туған жер, ұлы халық деген ұғымы терең сөздер оның ойынан бірде-бір шыққан емес.
Орлов бағытындағы болған ірі шайқаста командирдің ауыр жаралануына байланысты жаяу әскер ротасын Құлжабай өзі басқарып, бірде-бір шығынсыз алға жылжыды. Сол кездегі 392-ші атқыштар полкінің командирі Елькиннің ұсынысымен жалынды жаужүрек азаматқа жасаған ерлігі үшін алғашқы рет «Қызыл жұлдыз» ордені берілді.
Іс-қимылы ширақ, бірбеткей, орысшасы жетік қазақ азаматының ұрыс даласында көрсеткен ерліктері бұдан кейіндері де көптеген жоғары дәрежелі орден-медальдармен көтермеленгені белгілі.
1945 жылы орнаған Ұлы Жеңіс жолындағы тамаша ерлік істері үшін ол «Қызыл Ту», «Ұлы Отан соғысының» 1-ші және 2-ші дәрежелі ордендерімен, сондай-ақ, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Сталиннің бірнеше Алғыс хаттары бүгінгі ұрпақтарының қолында әкеден қалған асыл қазына ретінде сақтаулы тұр.
Варшава воеводасының Напорки деревнясы маңында болған ұрыста жас қазақ офицері Құлжабай Марин тапқырлық танытып, бетпе-бет келген неміс жасағының есін шығарып, бірнеше солдат пен офицерді қолға түсіреді. Атқыштар полкін сол кезде басқарған гвардия полковнигі Серебровтың жазбасынан: «Марин жолдас жас жауынгерлер арасында өзінің ерлігі мен шешендігінің арқасында зор беделге ие. Жеке басының үлгісімен Шығыс Пруссияның Пассарг өзені бойында болған шайқаста жаудың қалың әскеріне, бронетехникасына зор бөгеттер жасай білді. Жаудың бірде-біреуі оның жауынгерлерінің оғынан құтыла алмады».
Кенигсбергті босату барысында жас қазақ жігітінің басқаруындағы солдаттар бытырай қашқан жауды, оның зеңбіректерін олжалайды. Бірақ, өзі де ауыр жарақат алып госпитальге түседі.
Мектеп жасынан өлеңге құмар болған Құлжабай туған өлкесіне оралғаннан кейін бірден «Сталин туы» газетіне қызметке шақырылады. 1946 жылдан бастап ол Ақмола облысы газетінің өнеркәсіп-транспорт, кейіндері ауыл шаруашылығы бөліміне жетекшілік етеді. Еңбек ете жүріп Құлжабай аға республикалық Жоғары партия мектебін, кейіндері Алматының С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетін бітіреді. Өмірде іс-қимылы ширақ кісі сонымен бірге 1958-1960 жылдары Москваның Жоғары партия мектебін де толық бітіріп шығады. Соған байланысты ол Ақмола өңірінің «Сталин туы» газеті редакторының орынбасары қызметіне жоғарылатылады.
Тың көтеру жылдары түрлі деңгейде өткен комсомолдық және партиялық конференцияларға осы газет редакциясы атынан ол бірнеше рет делегат ретінде қатысқан. Сол тұстары Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмелері де жиі-жиі өтіп тұратын. Осы мемлекеттік ірі оқиғалардың бірден-бір куәсі болғасын ол баспасөз беттерінде талай-талай тұшымды материалдар жариялады.
Тың көтеру кезеңдерінде Ақмола облысы газетінің аты бірнеше рет өзгеріске түсті. Бірде «Тың өлкесі» аталса, екіншіде – «Есіл правдасы» ретінде таралып жүрді. Екі тілді жақсы меңгерген журналист Құлжабай Марин Москвада басылатын «Правда» газеті ұжымының тапсырысы бойынша оларға тың өлкесі жаңалықтарын жиі ұсынып отырды.
Оның еселі еңбегі атаусыз қалған жоқ. Ол «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарының иегері. Өмірлік жұбайы Раиса екеуі 5 баланың қуанышын көрді. Қазіргі кезде ардагер аға перзенттерінің алды 70-тен асса, кенжесі зейнеткерлік жасқа жетті.
Құлжабай Марин қазақ өмірін сүйген кісі болғандықтан үйдің киесі домбыра деп білген. Сондықтан, азын-аулақ бір демалыс сәттерінде ол қазақтың сал-серілері салған әндерді жиі орындайтын-ды.
Тың өлкесі құрылған кезде Құлжабай Мариннің жұмысы жоғарылап, ол партиялық-мемлекеттік бақылау ұйымына басшылыққа тағайындалады.
Қандай жерде болмасын көпшілікпен оңай тіл табысатын, талабы мен таланты ұштасқан азамат ел сенімін өз деңгейінде толықтай ақтай білді. Бірақ, соғыстан алған ауыр жарақаттар оның ғұмырын ұзартпады. 1966 жылы бар болғаны 46 жасында бұл фәнимен мәңгілікке қош айтысты.
Құлжабай ағаның өмірі сан құбылған заманмен тұспа-тұс келсе де, ол арманына қол жеткізген кісі. Оқыды, бала-шаға өсіріп,
Отанына жан тәнімен адал еңбек етті. Ардагер ағаның ұрпақтары оның өмірлік жалғасы болып, асқақ ойын, арман-қиялын жүзеге асырып жатқан қымбат әрі абзал жандар.
Мұндай батыр кісілердің есімдерін жадымызда ұстау, ұрпақтың ойына салу – бүгінгі біздердің парызымыз. Рухы биік ағалар өмірі – бізге мәңгі өшпес өнеге болмақ.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суретте: батальон комсоргі Құлжабай Мариннің (ортада) жауынгерлермен кезекті саяси жиын өткізіп жатқан сәті.