Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Өмірде өшпейтұғын із қалдырған

Ұлы Отан соғысы ерлерінің бірі – екі бірдей Даңқ орденінің иегері Сейполла Мұқанов болатын

Сейполла Мұқанов Көкше өңіріндегі әсем жерлердің бірі – қазіргі Зеренді ауданына қарасты Ортақ ауылының төл тумасы. Сепең кешегі жалыны жер мен көкті шарпыған жалпыға ортақ қанды майданға жиырмаға толмай аттанған екен. Ақыл-ойы толысып, бұғанасы еркін қатып, жетілмеген жас өрен өзінің зеректігі, алғырлығымен өз басшыларына басқалардан бұрын көзге ілігеді. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмайды» деген аталы сөз тегінде осындайларға айтылса керек. Солай десе де, Сейполла жиырмасында әділет, Отан жолында орда бұзуға дайын болды. Ол әскери дайындықта жүріп, көп уақыт өтпей-ақ, соғыс стратегиясының бірнеше мамандығын меңгеріп алады. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде сұрапыл соғыстың қанды шайқасына Т-34 мұнаралы танкінің пулеметшісі, атқыштар взводы командирінің көмекшісі ретінде араласады.
Басқасы басқа, Сейполла ағайдың Ұлы Отан соғысы жылдарында алты рет жараланғанын, «Қызыл Жұлдыз», екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, бірнеше мәрте жауынгерлік медальдармен марапатталғандығын тілге тиек етер болсақ, оның қанды шайқастардағы жанқиярлық ерліктерін көз алдыңызға елестетер едіңіз.
Сол ерліктеріне қолда бар ресми құжаттарға сүйене отырып қысқаша тоқтала кетейік. 1943 жылдың тамызы мен 1944 жылдың ақпан айының аралығында атқыштар бөлімшесінің командирі болып жүріп, Сейполла Мұқанов Миусе өзенінде немістердің қорғанысын бұзып, біздің әскерлердің алға жылжуына мүмкіндік туғызады, Запорожье облысындағы Жоғарғы Токмак, Каменка селоларын жаудан азат етеді. Тек азат етіп қоймай, немістердің бірнеше танктерін құртып, әскерлерін тұтқынға алады. Міне, осы ерліктері үшін алғаш рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Гвардия аға сержанты Мұқанов өзінің бөлімшесімен немістердің үш дүркін қарсы шабуылына тойтарыс береді. 179-биіктік үшін күресте жалғыз өзі жаудың 7 солдаты мен офицерлерінің көзін жояды. Ол ауыр жараланғаннан кейін ғана ұрыс шебін тастауға мәжбүр болады. Осы жолғы көрсеткен ерлігі үшін үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.
1945 жылы 6 наурызда Шетель деревнясының (Венгрия) аумағында Сейполла Мұқанов қарсыластарының траншеясына бірінші болып баса көктеп кіріп, жалғыз өзі 4 неміс солдатының көзін құртады. Бұл ерлігі үшін алдыңғыларға екінші дәрежелі «Даңқ» ордені қосылады.
1945 жылдың 14 және 15 сәуірінде Иамидорф деревнясы ауданында Мұқанов өз бөлімшесімен қарсыластар траншеясына баса көктеп кіріп үш қарсыласын өлтіріп, жауды жеңеді. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін қос бірдей «Даңқ» ордендеріне «Қызыл Жұлдыз» ордені қосылады. Үшінші «Даңқ» орденіне бір-ақ адым қалғандай еді, бірақ, бұл бейбіт күн емес, өмір мен өлімнің арпалысы, орденнен де өлім жақын сияқты кез ғой, осығанда тәуба дейміз. Тәуба деп отырып айтарымыз, Сейполла ағамыз бейбіт күнде ерен еңбегінің арқасында бір басқа жетерлік орден, медальдармен марапатталды, кемін толтырды…
Соғыс жеңіспен аяқталған соң елге қайтып оралған Сейполла Мұқанов Чкалов ауданындағы Донецк орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Оқушылардың жазғы демалыс уақытында қазіргі Қатаркөл маңына орналасқан аудан пионер лагеріне басшылық жасап, балалардың жақсы дем алып, тынығуларына қолдан келген жағдайлардың бәрін туғызады. Осы орайда айта кететін бір жай, ол қай балаға болса да, әкелік мейірімін шуақты күндей төгіп, қамқор, ақылшы бола білуі еді. Қазір жетпістен асқан, ол кезде 10-11 жасар балалар біздің сөзімізді дәлелдер…
Сол уақытта осы колхозда бірге тұрып, бірге қызметтес болған соғыс және еңбек ардагері Б.И. Дермановский Сейполла ағаймен істес жылдарын былайша еске алған еді: «1946 жылдың басында Донецк орта мектебіне жас майдангер жігіт дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасты. Көп кешікпей-ақ Сейполла ұжым мүшелері арасына тез сіңісіп кетті.
Ол кезде село тұрғындары комендатураның бақылауында болатын. Ал, С.Мұқанов коменданттардың еркінсіп, халыққа тырнағын батырларына қолынан келгенше жол бермеді. Сөйтіп, оның абыройы күннен-күнге арта түсті. Көп кешікпей ол колхоз бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланды».
Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатын қасиеті, ұйымдастырушылық қабілетінен шығар, 1958 жылдың ақпан айында шылғи неміс пен поляк қоныстанған «Красная звезда» колхозшылары Сейполла Мұқановқа зор сенім білдіріп, оны колхоз басқармасының төрағасы етіп сайлады. Ол бұл жұмысты өмірінің соңғы күніне дейін атқарды.
Көне көз қарттар айтады: «Күні кеше ғана қаймағынан айырған көк сүттің көбігін жалап, кебегімізбен күн көрген неміс пен поляк озды бұл күнде. Үйлері кірсең шыққысыз. Тұрмыстары диірменнің тасындай дөңгелеп тұр».
Шындығында да, аз жылдың ішінде «Красная звезда» колхозы тек аудан көлемінде ғана емес, облыстағы іргелі, экономикасы дамыған шаруашылықтардың қатарына қосылды. Өзі тізгінін қолына алған уақыттан бастап Сейполла аға колхоздың шаруашылық салаларымен қатар, әлеуметтік жағына да көп көңіл бөлді. Жаңа тұрғын үйлер, мәдениет үйі, кеңсе, кітапхана, монша, тағы басқа көптеген мәдени-тұрмыстық объектілер бой көтерді.
Колхоз орталығынан шалғайлау орналасқан Озерный селосы да С.Мұқановтың қызмет істеген кезінде іргесі мықтап бекіп, байырғы елді мекендердің біріне айналды. Тіпті, қайта құрудың неше теперішін көрсе де, бұл елді мекен әлі күнге өз бет-бейнесінен айныған жоқ. Онда сан ұлт өкілдері тұрып, нарық талабына сай өздерінше тіршілік жасап, тырбанып еңбек етуде.
Осылайша шаруашылықты өркендетудегі сіңірген еңбегі үшін Сейполла Мұқанов екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен марапатталды.
Әсіресе, ол өзінің көзі тірісінде ауылдағы дәрігерлік қызметке, оқу-ағарту саласының жұмыстарына да ерекше ден қойды. Әрбір жанұяның денсаулығы, көңіл-күйі, тіпті бөбектерінің оқуы сияқты мәселелер жалпы шаруашылық істерімен қатар жүретін. Қыстақтың әрбір бөбегінің есімі, қай класта, қай жерде оқитынын, қалай үлгеріп жүргендігіне дейін көңіл бөліп отыратын. Аудан орталығында жоқ аурухана үйі де тұңғыш осы Донецк селосында бой көтерген еді. Бұл да болса сол кезде қалыптасқан жақсы басшылықтың нышаны дер едік.
Сейполла Мұқанов қоғам өмірінен де тыс қалмады. Ол бірнеше рет аудандық және облыстық партия комитеттерінің мүшелігіне, халық депутаттары аудандық және облыстық Советтерінің депутаттығына сайланды, колхоздардың республикалық Советінің мүшесі болды.
«Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» (1968 жыл), ССРО Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтаудың үздігі» (1972 жыл) белгілерімен марапатталуы менің ода жазып отырмағандығымды дәлелдер.
Әттең дерлігі, сұм ажал осындай абзал азаматты 1975 жылғы мамыр айында арамыздан алып кетті. Міне, сонда ағамыздың асыл жары Шолпанай жеңешеміз мынадай жоқтау жазған еді:
Кездестің бағым болып мына менің,
Үстіне үш баланың келіп едім.
Оларды мәпеледім анасындай,
Ешқашан өгейлікті білдірмедім.
Өзімнен төрт баланы соңына ерттің,
Арманда дүниеден ерте кеттің.
Таза боп, аруағыңа кір келтірмей,
Жетеуін жеті үй қылып мен жеткіздім…
Өзің жоқсың, бірақ та көзің қалды,
Сен өлгенмен артыңда ізің қалды.
Мен жеткіздім кем қылмай теңдерінен,
Ұлдарың мен қыздарың білім алды…»
Уақыт дегенде тоқтау бар ма!? Міне, қарап отырсақ, Сейполла ағамыз да жарық дүниемен қош айтысқалы 45 жылдай уақыт өте шыққан екен. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, Сейполла ағайдай абзал азаматтың атын есте мәңгі қалдыру хақында айтарымыз, ешкімді алаламай, ұлыларды дараламай, сұрапыл соғыста да, бейбіт еңбекте де алдыңғы шепте болып, елі, халқы үшін өмірінің соңына дейін қызмет еткен азаматтың есімі тек көше мен мектепке емес, бүтіндей тұтас елді мекен немесе ұжымға беруге лайық қой деп ойлаймыз. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтіп жатқанда Сейполла Мұқанов сияқты екі майданның қаһарманын есте қалдыруға біздің жоғарыда айтқан ұсынысымызды іске асыратын азаматтар табылар деп біртуар азамат жайлы толғанысымды тәмамдамақпын.

Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Әкеміздей болсақ дейміз бәріміз де!

Менің әкем Сейполла Мұқанұлы 1923 жылы 15 мамырда Көкшетау қаласының іргесіндегі Ортақ ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Мұқан Балтаұлы сауатты болған, колхоз басқарған. Әкемнің анасы Қадиша Ескендірқызы ері өмірден өткен соң шиеттей алты баламен бар ауыртпалықты өз көтерді. Әкем баланың үлкені болған соң, мектептегі оқуын бітіруге жағдайы болмай, жастай еңбек етуіне тура келген екен.

Солай колхозда трактор бригадасының учетчигі болып жұмысқа кіреді. Әкем соғыс басталғанда небәрі 18 жаста екен. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, қысқа дайындықтан кейін Челябі әскери танк училищесін тәмамдап, майданға аттанды. Онда әйгілі «Т-34» танкісінің атқышы болды. Зұлым жаудан Сталинградты қорғап, Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрия жерін азат ету ұрыстарына қатысты, төрт рет жараланды, ерлігін Отан жоғары бағалады. Басқа орден-медальдарын айтпағанда, екі «Даңқ» орденінің өзі көп жайды аңғартқандай.
Кейін армандаған Жеңіс күні туып, бейбіт өмір басталды. Әкем майдан даласынан оралған соң әуелі еңбек жолын Көкшетау облысы Чкалов ауданындағы Донецк орта мектебінде дене шынықтыру мұғалімі болып бастады. Анамыз Балқия Мұқиқызымен отбасын құрды, балалы-шағалы болды.
Бір жылдан соң дүниеге Асылжан есімді қыз бала келеді. Атына заты сай асыл десе Асыл еді. Үй қуанышқа толады. Асылжаннан кейін дүниеге мен келгенде, әкем ренжіңкіреп, ауруханаға бірден бармаса керек. Сірә, ұл күткен болар. Сол сәтті әжем ойынды-шынды қылып айтқанда, әкешім ыңғайсызданып, күлімсірей беретін. Бірақ, менен соң өмірге Мұқит, Мұхтар, Қайдар есімді үш ұл бала келді. Асылжан екеуміз «Кішкентай сіңліміз болса ғой, оның әдемілеп шашын өріп, моншақ тағып, сәнді киім кигізсек қой» деп армандаушы едік. Арманымыз орындалып, Гүлмира, Мәраш атты екі сіңлім туды. Өздері сүйкімді, тілдері балдай тәтті болатын. «Әр баланың орны басқа» дегендей, әкенің мейіріміне бөлендік.
Жалпы, менің өмірімде екі анам болды. Бірі маған өмір сыйласа, екіншісі бағып-қағып, мәпелеп өсірді. Ол менің тағы бір анам Шолпан Кәрімжанқызы.
Тағы бір дерек, атамыз Мұқан Көкшетау аудандық жер бөлімінің бастығы болып тұрғанда біздің жаққа қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқанов келіпті. Атамыз сол кезде әкемнен кейін туған баласына Сәбиттің есімін беріп, ағамыз содан күні бүгінге дейін Сәбит Мұқанов аталып келеді.
Колхоз мүшелері тегіс поляк, неміс ұлттарынан, солай бола тұра, ұлтқа бөлінбей, адамның бойындағы жақсы мінезін, адамгершілік және еңбекқорлық қасиеттерін бағалап, сол селодағы жалғыз дерлік қазақ, менің әкемді алдымен парторг, кейін колхоз басқармасының төрағасы қызметіне сайлаған. Бұл арада әкемнің соғыстағы ерлігі, байсалдылығы мен жүрегінің кеңдігі, үнемі халықтың жағдайын ойлап тұратындығы, әр істің қыбын білуі баса ескерілген болуы керек. Шынында да, сол 1958 жылдан бастап әкеміз таңның атысынан, күннің батысына дейін бір тыным таппай колхоз жұмысында жүретін. Ауылдағы шаруа белгілі ғой. Қарапайым адамдардың өзімен тең сөйлесіп, қолдан келгенше көмектескісі, мәселесін шешкісі келіп тұратын.
Әрине, бұл қиын да шарапаты мол шаруада өзін қолдаған ел азаматтарына, туған ұжымына арқа сүйегені аян. Колхозда өз ісінің майталмандары, атақты механизаторлар, сауыншылар мен құрылысшылар, бригадирлер мен өзге де орта буын мамандары аз болмады. Оларды әкеміз әрдайым жақсы істерге жігерлендіріп, еңбектерін бағалап отырды.
Колхоздың Озерный бөлімшесінде де трактор-егіс бригадасы мен тауарлы-сүт фермасының жұмысы ойдағыдай жүріп жатты. Мұндағы колхозшылар тұрмысы да орталық қоныстағыдан бір кем болған жоқ, халықтың еңбек етуіне бүкіл жағдай туғызылды. Осы жұмыстардың бәрін аудан, облыс басшылары жиі келіп, қадағалап тұратын. Бұл бөлімшенің тұрғындары негізінен неміс халқы болғандықтан, селоның өзі соған байланысты екінші бір атауымен «Маленькая Германия» деп те аталды. Кезінде бұл селода халқымыздың ұлы перзенттері Д.А.Қонаев пен Е.Н.Әуелбеков те жұмыс сапарларымен болып, жылы әсерде қалған көрінеді. Өйткені, мұндағы салынған жаңа үйлердің өзі тұтас бір көшеден тұрушы еді.
Сол құрылыстарды салу оңай болмаса да, оның керекті құжаттарын әзірлеп, құрылыс материалдарын табуға әкеміз бар күш-жігерін салды. Мұнымен бірге, колхоз орталығында бұрын болмаған монша, мектеп интернаты, азық-түлік және өнеркәсіп дүкендері, орталық кеңсе бой түзеді. Осы жолда көршілес шаруашылықтардың басшыларымен де қоян-қолтық жұмыс істеп, көмек-қолдауын сезініп жүрді. Өз қолымен салған соңғы құрылысы – Мәдениет үйін ауруханаға да жатпай, бітіргенше асық болды. Ақыры, оны іске қосқаннан кейін көп ұзамай, небары елуден жаңа асқанда өзі де көз жұмды.
Атамыз қазақта «әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар ғой. Әкеміз өмірден өткен соң жоғарыда аңғартып өткенімдей, сол кездегі Көкшетау обкомының бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М.А.Чжен, әріптес жора-жолдастары, аяулы ағаларымыз М.К.Кәрімов, А.Темірбеков, Қ.Шаяхметов, Е.Мұқашев, аудан басшылары Н.В.Кирнос, П.Д.Щерба, С.Б.Фахрудинов, тағы басқалары қолдан келген көмектерін аянған жоқ. Өз еліміздің беделді азаматы, абзал ағамыз Тельман Елубаев та әрдайым демеу болды.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын жиеніміз Балташ Кәріпов Мәскеуде докторлық ғылыми атағын қорғап жүргенде әдейі Подольск қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің архивіне барып, нағашысы туралы біраз деректерді тауып әкелді. Соның арқасында біз де әкеміздің қай шайқастарда болғанын, зұлым жауға қарсы қалай жан беріп, жан алысқанын құжат жүзінде көріп, қуанып, толқи түстік. Онда қиян-кескі ұрыстарда қанша жау солдатын қырғаны, неше рет, қалай жарақаттанғаны, не үшін марапатталғаны, бәрі тайға таңба басқандай жазулы тұр. Бұл біз үшін, әсіресе, аталарын жай суретінен ғана білетін өскелең ұрпақ үшін өте-мөте маңызды естелік деп білеміз.
«Орнында бар оңалар» дегендей, бұл күнде әкеміз бен қос анамыздың аяулы алақанында өскен балалардың бәрі де ер жетіп, бой жетіп, бір-бір азамат пен азаматшаға айналды. Жастайларынан әкелерінің ардақты есімін жоғары ұстауға тырысып, оған кір шалдырмауды ойлап, өмірден де, отбасынан да өз орындарын таба білді. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп, «ертең әкемізге тартар» деген сеніммен немерелер сүйіп отырған бақытты жандармыз.
Ұлдарының үлкені Мұқит Целиноград құрылыс институтын бітіріп, өз саласында көп жылдар бойы прораб болып еңбек етті. Мұхтар мен Қайдар – жеке кәсіпкерлер, келіні Гүлмира да кәсіпкер, жолдасы Қанат Алдабергенов ІІМ полковнигі, Мәраш кәсіпкер, жолдасы Талғат Жүнісов профессор, техника ғылымдарының докторы.
Өзім болсам ұзақ жылдар ұстаздық еттім, он жылдан аса еңбек демалысындамын. Жолдасым Қуанышпай Жүнісовпен 1977 жылы шаңырақ көтеріп, үш бала сүйдік. Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, инженер-механик мамандығына ие болған Қуанышпай білімді, жан-жақты дамыған адам еді. Ол өзінің еңбекқорлығы, адалдылығымен ерекшеленетін. Өкінішке орай, қырық бес жасында дүние салды. Қызымыз Динара және үлкен ұлымыз Абай қаржы саласының мамандары, кенжеміз Азамат – инженер-энергетик.
Бауырларымның бәрі де бұл күнде адал еңбекпен тапқан өз абырой-беделдері бар, ынтымағы мен бірлігі жарасқан бір-бір айтулы шаңырақ иелері, ұл-қыз өсіріп, «ертең әкемізге тартар» деген сеніммен немерелер сүйіп отырған бақытты жандармыз.
Гүлжан ЖҮНІСОВА,
зейнеткер ұстаз.

 

Қай батырдан ерлігі оның кем еді?!

(Сейполла Мұқановтың рухына)

1941 жыл.
22-ші маусым, сағат төрт.
Жау қаптады бомбалады, салды өрт.
Қала қирап, басып-жаншып ауылды,
Еш жазықсыз талай жандар болды мерт.

Кім сөндірер лаулап тұрған жалынды.
Кім қорғамақ намысың мен арыңды.
Отан үшін отқа түсіп аянбай,
Қорғайсың ғой бала-шаға, жарыңды.

Кім құтқарар зарлап жүрген анаңды,
Кек қайтару жайлап алар санаңды.
Көтерілді фашистерді құртпаққа,
Отқа жағып, пешке өртеген адамды.

Күндер туды жауыздықты тиятын,
Отан үшін жанын беріп қиятын.
Кілең жастар ел қорғауға аттанды,
Таптаттырмай ар-намысын, ұятын

Тағдырлар көп қан майданда тоғысқан,
Талай ерлер алғы шепте оққа ұшқан.
Бір миллион 800 мың қазақтың,
600-мыңы оралмады соғыстан.

Армияға ел жиылды жан-жақтан,
Сейполла да аттанған ед Ортақтан.
Мұқановтың ерлігі мен еңбегі,
Етерліктей қашандағы ел мақтан.

Дөп тиетін атқан оғы туралап,
Жауды сырды өлім сеуіп, қудалап.
Жаяу әскер танкілердің соңынан,
Алға ұмтылды қырып-жойып уралап.
Жаудың шебін ерлікпенен бұзған ед.
Сұм фашистер ажал оғын құшқан ед.
Германияға жақындаған шағында.
Жау беріспей соғыс мүлде қызған ед.

Оққа ұшты талай елдің ерлері,
Елге оралды аяқ, қолсыз кемдері.
Тірі келсе құрмалдық деп қуанып,
Көздің жасы көлдей болып селдеді.

Кей шаңырақ болып жатты қаралы,
Кейбіреулер келді тірі жаралы.
Бір оқ тимей, сап-сау келген азамат,
Өте-мөте сирек еді, шамалы.

Көп үйлердің оралмады ұл-қызы,
Біреулердің оққа ұшты жалғызы.
Ерлікпенен ел қорғаған Сепеңнің,
Жарқыраған жанды бағы, жұлдызы.

Сейполла ағай көкшетаулық өренім,
Көп жандардан аямаған көмегін.
Ерлігі мен еңбегінде есеп жоқ,
Немен өлшеп анықтарсың көлемін.

Соғыстан да оралған соң ерледі,
Қай батырдан ерлігі оның кем еді.
Жаралы боп келсе дағы төрт жерден,
Халқы үшін еңбек етті, терледі.

Өтті өмірдің жылдары мен айлары,
Тұрмыс ауыр, жоқтық елді жайлады.
Сейполлаға сенім артып халқы,
Донецкіге басқарма етіп сайлады.

Абыройлы болған жастық шағынан,
Айырмады Алла оны бағынан.
Елі оны құрметтеді, қолдады,
Он тоғыз жыл, сонау жігіт шағынан.

Еңбектенген елемей жарақатын,
Жетім-жесір көрген ед шарапатын.
Майданда, еңбекте де ерлеп өткен,
Кім ұмытар Сейполладай азаматын.

Жетімдерге жәрдемдескен, жебеген,
Киіндірген, тойындырған, демеген.
Отан үшін жанын қиған ерлердің,
Балаларын талай-талай елеген.

Азамат қой асқан құрмет етерлік,
Ерлігі мен еңбегі бар елерлік.
19 жыл ел басқарып жүргенде,
Орден, медаль, марапаты жетерлік.

Оу, ағасы үлгі болды өнегең,
Жан екенсің мейірімді, көреген.
Тірлігіңде талайларға керек ең,
Облыс, аудан құрметіне бөлеген.

Қазағымда шамалы ғой мұндай ер,
Батырларын қастерлейді, құндайды ел.
Донецк емес, ол Ортақтың тумасы,
Сейполладай еріңді ескер туған жер!

Қай батырдан кем дер оның ерлігін,
Ардақтасаң азаматты елдігің.
Өткендерді ұлықтасаң ұмытпай,
Көркейеді тәуелсіздік, теңдігің.
Тыныштық ШАМЕНОВ,
ақын, композитор,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері.
(2013 жыл.)

Нар тұлға

Көтеріп ел намысын, ер намысын,
Елімнің жау тоқтатқан бір жанысың.
Сендерге мәңгі қарыз ұрпақтарың,
Ақ таңы арайланып атқаны үшін!

Бәрі де болар сірә, тектіліктен,
Кеудеңде зұлым жауға кекті үдеткен,
Ортақтың ер мінезді баласы едің,
Танктен дәлдеп атсаң, жер дір еткен.

Осылай өттің талай шырғалаңнан,
Тағдыр ол соғыс болып ызбарланған.
Өмір мен өлімнің сан күресінде,
Өзің ең көзсіз ерге шын баланған.

Екі «Даңқ», үшіншісі бұйырмаған,
Ол жайлы болжам айту қиын маған.
Сонда да дара шыққан болмысыңмен,
Ішінде майдангердің биік бағаң.

Берген ғой Тәңір өзі қуатын мың,
Ілуде осылай бір туатыным!
Мен сенен көрем ылғи нар тұлғасын,
Жұлдызға жақын қалған бір Батырдың.
Бір үйден екеу кеткен, үшеу кеткен,
Сол мұңның ұшығына кімдер жеткен?!
Есігін анау тұрған ескерткіштің,
Ашарсың келер ұрпақ, сен де еппен.

Тауысып айта алам ба аттарын мен,
Көз көріп, мақтан тұтқан қарттарым ең.
Жүрдіңдер елеусіздеу ел қатарлы,
Болған да, болмаған да баптарыңмен.

Болатхан, Сансызбай мен Балтабайды,
Көңілім «көрдім мен» деп атойлайды.
Қабдөш, Асқар, Асау, Ахмади,
Қаншасын әттең, ұрпақ айта алмайды.

Таулардың бар алыстан көрінері,
Бұл жырым запыран боп төгіледі.
Бір дастан жазса артық па кең отырып,
Заманның өзің батыр, өзің ері!

Ерлігің жетсе дағы бір басыңа,
Аттадың бейбіт күнге тағы асыға.
Айналдың әлі жап-жас қалпыңменен,
Бір елдің арқа сүйер ағасына.
Осылай уақыт сені өрге салды,
Мұнда да айта жүрер ерлік қалды.
Көкшеде ел басқарған азаматтың,
Суырылып дарабоздай, болдың алды.

Бұйырған тағдырыңмен аз-ақ жасың,
Мен үшін сен құбылыс, сен бір жасын.
Күмбезің міне, сонда қазақпенен,
Құйысқан поляк, неміс іргетасын.

Бәріне өйткені, сен керек едің,
Барымды сарқып елге берем дедің.
Қаншама уақыт өтті содан бері,
Сөнбедің, әр жүректе тереңдедің.

Бағалар азаматтар мол танымы,
Көкшенің сен Сейполла Мұқановы.
Әлі де көкіректерді шарпып өтер,
Лаулаған «Отаным!» деп ер жалыны!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар