Сұхбат

Досжан Әміров, Ақмола облыстық сотының төрағасы:

«Сот жүктемесін азайтып, сот төрелігінің әділдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – басты назарымызда»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сот саласының жұмысын оңтайландыру, оны заман талабына сай қайта құру туралы жан-жақты айтылған болатын. Осы орайда, газетіміздің тілшісі Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровпен әңгіме барысында Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындау бағытында облыс соттарында қолға алынып жатқан істер жөнінде сұрастырып білген еді.

– Еліміздің ұзақ мерзімге арналған даму бағдарын айқындайтын 5 институционалдық реформаның ішінде Заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың сотқа деген сенімін арттыру мәселесі маңызды орын алады. Осы бағытта облыс соттары қандай шаруалар атқарып жатыр?
– Сот төрелігіне деген халықтың сенімін арттыру және сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігін, тәуелсіздігін, сот шешімдерінің жоғары сапасын, судьялардың біліктілігін арттыру мақсатында Жоғарғы Сот тарапынан айқындалған басым бағыттағы жобаларды іске асыруға жете көңіл бөлінуде.
Сондай басым бағыттардың бірі ретінде судьялардың жүктемесін азайту міндетін алуға болады. Өкінішке орай, кейінгі жылдары соттарға келетін істер саны едәуір өскені, соның салдарынан әрбір судьяның жүктемесінің еселеп артқаны айтылып жүр. Мәселен, 2016 жылы республика бойынша соттарға түскен істер саны 2,1 миллион болса, 2017 жылы ол 2,6 миллион, 2018 жылы – 4,5 миллионға жеткен. Тек осы бағыттағы атқарылған мақсатты жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы, яғни, 2019 жылы соттарға түскен істер саны 3,3 миллион болып, 1,2 миллионға дейін қысқарды.
Ақмола облысының соттарындағы жағдай да еліміздегі жағдаймен ұқсас. 2016 жылы облыс соттарына 83609 іс түссе, 2017 жылы – 110990, 2018 жылы – 169637 іс түскен. Өткен жылы облыс соттары 117637 істі қарады. Егер, 2018 жылы әр судьяға келген жүктеме саны 172 іс болса, өткен жылы ол біршама кеміп, 112-ге түсті.
Сот қарайтын істер санының біршама кемуі – ұсақ-түйек дау-дамайларды сотқа дейін өзара келісушілікпен шешуге жағдай жасайтын медиаторларды, ел ішіндегі беделді адамдардан тұратын билер кеңестерін тарту сияқты шараларды жүзеге асыру арқылы орын алғандығын атап өткен артық болмас.
– Осы мәселеге кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Өткен жылы Ақмола облысының соттарымен барлық істер бойынша татуласу рәсімдерімен аяқталған істер саны 3616 немесе барлық қаралған істің 11,3 пайызы болды. Бүгінгі күнге дейін «Татуластырушы судья» жобасын іске асыру мақсатында облысымыздың 6 сотында татуластырушы судья бекітілді. Аталған жоба шеңберінде 777 дау бойынша тараптар татуласты. Бұл шағымданып келген тараптардың 77,9 пайызын құрайды.
Қолға алған тағы бір жобамыз – «Соттан тыс татуластыру» жобасы. Осы жоба шеңберінде Ақмола облысында үш татуласу орталығы құрылды. Атап айтқанда: Көкшетау қаласында, Кәсіподақтар орталығында және Атбасар ауданында ашылды. Осы орталықтардан басқа 37 медиация кабинеті қызмет етуде. Тарата айтар болсақ, 14 медиация кабинеті жергілікті әкімдіктердің ғимараттарында, 22-сі сот ғимаратында, 1 медиация кабинеті Қазақстан халқы ассамблеясында ашылған.
2019 жылы соттан тыс 396 медиациялық келісім жасалды. Жалпы облыс бойынша 68 кәсіпқой және 1085 кәсіпқой емес медиатор тіркеліп, қызмет көрсетуде. Олардың ішінде 70 кәсіпқой емес медиатор татуласу шаралары бойынша білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар, облыста 143 Билер кеңесі құрылды. Билер кеңесінде жергілікті жерде жұртшылыққа танымал және беделі бар 495 азамат жұмыс атқарады.
Билер институтын жаңғырту бағытында облыс соттары ел ішінде насихат жұмыстарын жүргізуге жете көңіл бөледі. Ақмола облысы соттарымен қазақ билер институтын насихаттау бағытында көптеген шаралар атқарылды. Мәселен, «Қазақ даласының билер соты – егеменді еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, түскен ұсыныстар бойынша қарар қабылданып, ведомствоаралық жоспар құрылып, ол орындалып жатыр. Билер сотын насихаттау бойынша БАҚ-та 529 жарияланым ұйымдастырылды. Ақмола облысы соттарымен өткен жылы Билер кеңесінің қатысуымен 353 іс қаралған екен. 141 іс сотқа жеткізілмей даулар бейбіт түрде медиативтік келісім жасасып, Билер кеңестерімен шешілген.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстары облыс соттарымен үнемі жүргізіледі және облыстық сот төрағасы ретінде бұл жайды мен үнемі бақылауда ұстаймын. Өткен жылда осы тақырып бойынша 221 «дөңгелек үстел», Ашық есік күндері өткізілген, оған қоса кәсіпқой емес медиаторлар, Билер кеңесінің құрамымен, аудан әкімдерімен, ауылдық округтердің әкімдерімен татуласу рәсімін ауыл тұрғындарының назарына жеткізу бойынша кездесулер өткізілді.
Бұл бағыттағы жұмысымыздың жетістігі ретінде тағы бір жобаны айтып өтсек, артық болмас. Ол «Отбасылық сот» пилоттық жобасы. Бұл жоба Көкшетау қалалық сотында және Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2018 жылдың 19 қарашасынан бастап іске асырылуда. Жоба аясында 2019 жылы 2023 іс қаралып, 730 іс бо-
йынша тараптар медиативтік келісіммен татуласқан. Бұл барлық істердің 41,3 пайызы. Медиативтік тәртіппен қаралған істердің 447-сі бойынша отбастары сақталып қалды. Яғни, соншама отбасының іргесі шайқалмай сақталып, балалары жетімдік көрмейтін болды.
– Өткен жылғы облыс соттарының атқарған жұмыс нәтижесіне көңіліңіз тола ма?
– Ақмола облысының соттарымен 2019 жылы 40336 іс (2018 жылы – 49959 қаралған болатын) аяқталған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 19,3 пайызға азайғанын көрсетеді. Тарата айтар болсақ: 1486 қылмыстық іс (2018 жылы – 1720 іс болған), 24584 азаматтық іс (2018 жылы – 13510 іс болған) және 14266 әкімшілік іс қаралып, шешім шығарылды. Сондай-ақ, өткен жылы 6136 қылмыстық, 67276 азаматтық және 298 әкімшілік материалдар қаралды.
2019 жылы облыс соттарымен 1255 тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша сот шешімі шығарылса, олардың 346-сы немесе 27,6 пайызы бас бостандығынан айырылды. Жалпы, жазалау тәжірибесінің ұлғайуы ауыр емес және орташа ауырлықтағы істер бойынша байқалады.
Онша ауыр емес және орташа санаттағы қылмыстар бойынша бірде-бір тұлғаға негізсіз бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмаған. Жаза тағайындау тәжірибесі Ақмола облыстық сотының үнемі бақылауында ұсталады және алқа судьяларымен ай сайын талдау жүргізіледі.
– Сот саласында соңғы жылдарда түрлі жаңашыл жобалар жүзеге асырылып жатқанынан хабардармыз. Солар туралы айта кетсеңіз.
– Қанатқақты жобалар туралы айтқанда, ең алдымен, «Үлгілі сот» жобасы ауызға ілінер еді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы ұсынған «Сот жүйесінің үлкен жеті тасы» жобасының бірі осы «Үлгілі сот»жобасы. Қазіргі күнге дейін облыс соттарында 6 фронт-офис ашылды. 3-і жергілікті бюджеттен қаржыландырылады (47 миллион 868 мың теңге), 3-еуін республикалық бюджет қаржыландырады (30 миллион 947 мың 627 теңге).
Қолға алынып жатқан тағы бір жаңашыл жобамыз «Отбасылық сот» пилоттық жобасы. Ол Көкшетау қалалық сотында және Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2018 жылдың 19 қарашасынан бастап іске асырылуда. Жоба аясында 2019 жылдың 12 айында 2023 іс қаралып (медиация тәртібі бойынша қаралуға жататын саны 1766), 730 іс бойынша тараптар медиативтік келісіммен татуласқан.
«Еңбек дауларын және жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын алу» жобасы туралы айтпай кетсек, жөн болмас еді. Жоба шеңберінде 371 еңбек даулары және 1095 жария-құқықтық даулары қаралған, оның ішінде 256-ы қайтарылған арыздар (17,5 пайыз), 267-і (23,9 пайыз) қараусыз қалдырылған. Еңбек даулары бо-
йынша қаралған 289 істің  ішінде 23 іс немесе 7,9 пайызы,медиация тәртібінде аяқталған және 219 екі тарапты да қанағаттандырылған шешім шығарылған.
Тағы бір жобамыз: «Түнгі сот» пилоттық жобасы. Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен Бурабай аудандық сотында іске асырылуда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 487 немесе барлық істердің 45,8 пайызы пилоттық жоба бойынша қаралды. Мамандандырылған әкімшілік сотымен 387 (54,0 пайыз), Бурабай аудандық сотымен 100 іс (28,9 пайыз) қаралды.
Осы арада тағы бір айта кетерлік жай, облыстық соттың бастамасымен қолға алынып жатқан жобаларымыз да бар. Сот төрағасы ретінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында жергілікті жерлерде үнемі жұртшылықпен кездесулер өткізіп тұрамын. Өткен жылы облыстың 13 ауданы мен 6 селолық округінде жұртшылықпен кездесулер өткіздім. Бұндай кездесулер аудан әкімдері, ауылдық округ әкімдері, жергілікті мәслихаттардың депутаттары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, адвокаттар, медиаторлар, жергілікті ақсақалдар, Билер кеңесінің, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.
Аудандарда медиацияны дамыту мен қолдану ісінде белсенділік танытқаны үшін ауылдық округтердің 26 медиаторын Алғыс хаттармен марапаттадым.
– Өткен жылы сот қызметі туралы «Скамья примерения» атты кітап жарық көрген еді. Осы жайында не айтасыз?
– Дауларды сотқа дейін реттеу бойынша жұмыстың теориялық мазмұнын тәжірибемен ұштастыра отырып, психологиялық құбылыстарға қысқаша шолу жасап, оларды медиацияға қатысты зерттеу жүргізу арқылы Көкшетау қалалық сотының судьясы Арайлым Садықовамен бірігіп, судьялармен сот жүйесінің қызметкерлеріне және медиаторларға, сотқа жүгінбей дауды шешудің жобаларын егжей-тегжейлі түсіндіретін «Скамья примирения» кітабын жазған едік. Кітапта дауды сотқа жеткізбей шешу, тараптарды татулыққа, ымыраластыққа ынталандыру мәселесі жан-жақты әңгіме етіледі. Ежелгі қазақ билері дауласушы тараптарды табыстырып, ымыраға келтіруге үлкен көңіл бөлген ғой. Ғасырлар өтіп кетсе де, қазақ билерінің бұл дәстүрі қазір де мән-мағынасын жойған жоқ. Осы орайда, кітаптың алатын орны ерекше деп санаймын.
Сонымен бірге, өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ даласындағы билер институтының орны мен рөлін насихаттау мақсатында «Інжу-маржан» республикалық радиобағдарламасына, Нұр-Сұлтан қаласында қатысып, 4 бағдарламасы бойынша сұхбаттар бердім. Ол сұхбаттарда «Даланың дара ділмарлары» тақырыбына қазақ даласының билері туралы әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, Ақмола өңірінің билері туралы, Қазақстанда билер соты институтының дамуы, медиация институты және судьяларға қойылатын талаптар жөнінде де келелі әңгіме қозғалды.
– Облыстық соттың тікелей бастамасымен өңіріміздегі елді мекендерде қазақ билерінің есімдерімен көше атауларын атау жұмыстары жүргізілгендігінен хабардармыз. Осы жайында толығырақ айтып кетсеңіз.
– Кеңес заманында тілімізден, ата-дәстүрімізден айрылып қала жаздағанымыз белгілі. Сол тұста көптеген елді мекендеріміз бен көше атаулары орыстандырылып, соның зардабы әлі күнге дейін жойылмай келеді. Ақмола облысында да елді мекен, көше атауларының көбі әлі күнге дейін кеңес заманындағы қазақ халқына еш еңбегі сіңбеген қызыл коммунистер мен патша отаршылдарының атында қалып отыр. Жергілікті ономастикалық комиссия бұл бағытта біраз шаруалар атқарып келеді. Біз де оған өз үлесімізді қосып, көше, елді мекен атауларын қазақыландыруға қатысты ұсыныстарымызды білдіріп жатырмыз.
Ақмола облысы судьялардың бастамасымен жергілікті атқарушы органдарға көше атауын өзгерту жөнінде 101 өтінім және кенттерді билердің және қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің есімдерімен қайта атау жөнінде 2 өтінім берілді. Бүгінгі таңда облысымыздағы қалалар мен елді мекендердің 68 көшесі және 1 кентіне қазақ билерінің есімі беріліп, осы арқылы қазақ халқының тарихы жаңғыртылды. Билердің есімдерімен көшелердің аттарын өзгертуді халық белсенді қолдағандығын атап өткім келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасатын болады.
– Досжан Сарманқұлұлы, Сіз төраға болып келген кезден бері Ақмола облыстық сотында істі мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі үнемі көтеріліп, оған жете көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы толығырақ айтып кетсеңіз.
– Ақмола облысының соттары ҚР Конституциясының 7-ші, тілдер туралы заңның 4-ші баптарының үстемдік құруын қамтамасыз ету аясында мемлекеттік тілдің қолдану ауқымын кеңейту мақсатында Елбасының және Жоғарғы Сот төрағасының мемлекеттік тіл мәселесі бойынша қойған талаптарын іске асыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық-ақпарат таратушы мекеме басшыларының, өкілдерінің қатысуларымен тілге арналған «дөңгелек үстелдер», семинарлар ұдайы өткізіліп тұрады. Соның арқасында өңірімізде мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі 2016 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 3,5 пайызға өсті. Мемлекеттік тілде қаралған істер саны 2016 жылы барлық істердің небары 1,5 пайызы болса, 2017 жылы ол 3,5 пайызға, ал, 2018 жылы 3,8 пайызға жетті. 2019 жылы мемлекеттік тілде қаралған істер саны барлық істердің 5 пайызын құрады. Әрине, бұл да үлкен жетістік емес. Десе де, осы көрсеткіштерден байқап отырғанымыздай, мемлекеттік тілде істерді қарау көрсеткіші жыл санап қарқынды өсіп келеді. Бұның бәрі, әрине өздігінен бола салмағаны, бұл осы бағытта мақсатты және тұрақты жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екендігі анық.
Осы орайда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ықпал ету және нақты шаралар қабылдау үшін облыс, қала және аудан әкімдеріне, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшыларына хат жазылып, олардан бұл мәселеге жете көңіл бөлуді талап етіп отырамыз. Мәселен, 2017 жылы жоғарыдағы аталған мекеме басшыларының атына 21 хат жолданса, 2018 жылы 10 хат, 2019 жылы 35 хат жолданыпты.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды». Ал, К.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жабайы» деген сөзі мемлекеттік тілге менсінбей қарайтындардың деңгейін көрсеткендей. Заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған ана тілімізді өз мәртебесіне лайықты тұғырына қондыру – баршамыздың борышымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарға алдағы уақытта да жете көңіл бөліне беретін болады.
– Облыс соттары салауатты өмір салтын ұстануға да жете көңіл бөлетінінен хабардармыз. Спорт алаңдарында өзіңіз бас болып футбол жарыстарын өткізіп жүретіндеріңізді көріп те жүрміз. Сіз үшін спорт бұл уақытты көңілді өткізуге қажетті ермек пе, әлде басқа мәні бар ма?
– Қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен-текке айтпаған ғой. Денсаулық болмаса, сіздің жұмысыңыздан мән кетеді. Сондықтан, ой еңбегімен айналысатын сот қызметкерлері салауаттылықты ұстанып, бір уақ спорт алаңында доп қуып немесе басқа да жаттығулар жасап жатса, оның пайдасынан басқа еш залалы жоқ. Жоғарғы соттың өзі салауаттылықты қалыптастыру жөнінде бастама көтеріп, бұл барлық соттарда қызу қолдау тауып отыр.
Соңғы жылдарда әріптесіміз, талайларға тәлімгер ұстаз болған, тәуелсіз еліміздің сот жүйесін қалыптастыруға елеулі үлесін қосқан Ақжан Жайлауханұлы Ештайды еске алуға арналған турнир өткізу дәстүрі қалыптасып келеді. Одан қалды түрлі спартакиадалар өткізіліп тұрады. Жалпы алғанда облыс соттарында салауаттылық мәселесі әрдайым басты назарда ұсталады. Судьяларымыз спорт шараларына әрдайым тайлы-тұяғы қалмай белсенділікпен қатысып тұрады.
Судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері арасында  қысқы спорт ойындарының түрлері бойынша спартакиада дәстүрге айналып, жыл сайын өткізілетін болды. Сонымен қатар, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық спартакиадаларға қатысып, облыс судьялары жақсы нәтижелерін көрсетіп жүр. Спорт жарыстарында жақсы жетістіктерге жетіп жүрген әріптестеріміз көп екендігін мақтаныш етеміз. Тек тән саулығы болғанда ғана мықты рух, жеңіске және барлық істерге деген құштарлық пен табыс қалыптасады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар