Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Қараңғы дүниенің жарық бір сәулесі

(Бар ғұмырының алпыс жылын суқараңғылықпен өткізген Ұлы Отан соғысының бірінші топтағы мүгедегі, 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерінің, «Ерлігі үшін» медалінің иегері әкем Есмұхан Өмірбаев жайлы сыр)

Өмір бізден де ұзап барады. Сол ұзап кеткен өмір көшінің көз жете бермейтін асу-асу жолдарымен қилы бір тағдырлы кезеңдерін осы күндері ой тұнған көңіліммен өзім ғана еске алып, жанымның терең бір мұңға батып отырары бар. Осы күндері ешнәрсеге зәру де емеспін, тарығып та отырған жоқпын! Құдайға шүкіршілік дейтіндей тіршілік кешіп жатқан жайым да бар. Тек қана көңіл шіркін алабұртып, сағыныштың отымен маздап, сонау бір өткен өмірдің көз ұшында тұратын жаныма жақын да ыстық, сонымен бірге менің тағдырымда үлкен із қалдырған әкем Есмұхан Өмірбаев жайлы терең бір тебіреніс пен толғанысқа түсемін. Әкем жайлы тебіренбей де, толғанбай да айта алмас едім.
Әкем 2006 жылы 16-шы желтоқсан күні 82 жасында дүниеден озды. Осы сексен екі жыл ғұмырының 60 жылын екі көзі де бірдей көрмейтіндей, суқараңғылық жағдайда өткізді. Кешегі Ұлы Отан соғысының қайнаған майдан ортасында жүріп, 1944 жылдың 30 қаңтарында қырғынды және жан алысып, жан беріскен бір шайқаста әкем екі көзінен айырылған екен. Бұл жайында әкем өзінің «Сол бір кез» деген естелік мақаласында былай деп жазған да болатын.
–Воронеж бағытында генерал Ватутин басқаратын 1-Украин майданы жауды өкшелей қуып, күн сайын
совет қалаларын азат ете бастады. Әлі есімде
Ново-Николаевка қаласының түбінде сұрапыл шайқас болды. Әбден титықтаған жау аш қасқырдай ұмтылып ызалана түсті. Бұл қала – облыс орталығы. Командование тез арада босатуға бұйрық берді. Ол кезде мен бір жылдық курсты бітіріп келіп, бөлімше командирлігіне жоғарылатылған едім. Бөлімше тас жолдың шетінде қорғаныс құрды. Жау шабуылы кенеттен басталды. Алайда, жақсы бекінген біздің 27-гвардиялық дивизия жаудың шабуылын 5 рет ерлікпен тойтарып отырды. Фашистер күшінің үштен бір бөлігін қалаға кіретін жолға аударды. Пулеметтегі бір жауынгердің оққа ұшқанын көріп мен сол жаққа қарай ұмтылдым. Дәл қарсы бүйірден немістің «Фердинанды» шықты да, зеңбірегін мен жаққа бұрды. Лентадағы оқ таусылып, жаңа сала бергенімде жау танкісінен атылған снаряд мені топырақ астына көміп тастады. Сол жолы тілден, құлақтан, көзден бірдей айырылдым. Грузияның астанасы – Тбилисиде ұзақ емделгеннен кейін құлағым еститін болды, тілім сөйлеуге келді… Бірақ, екі көзім суқараңғы болып, түк көрмей қалды, – деген естелігі әкемнің көзі тірісінде баспасөз беттерінде жарияланған да болатын.
Жарық дүниенің жарқылын да, көгілдір аспанның ала-шарбы бұлттарын да, ағарып атқан ақ таңды да, қызарып батқан күнді де, айналасындағы адамдардың да, мына біздің, тіпті өз ұрпақтарының да бет-бейне, келбеттерін де көрмей өмір сүрудің қаншалықты азапты екендігін айтсаңызшы!
Тегі менің ұлым Ерік тілі шыға салысымен, өз атасын «ата» деді де менің әкемді, яғни, нағашы атасын «дядя» деп кетті. Содан да болар, менің балаларым ғана емес, туған-туыстарымыз да, бүкіл ел адамдарының барлығы да Есмұханды «дәдә» деп кеткен еді. Ол кісі маған әрі аға, әрі әке еді. Менің өз әкем Әмірхан 1948-1951 жылдары жалған жаламен айдалып, «халық жауы» ретінде түрмеде отырады. 1951 жылы мамыр айында Әмірхан әкемнен «ертеңді-бүгіндері үйге қайтамын» деген хат келген дейді. Құрбан айттың екінші күні екен. Сол күні біздің үйге бір топ ел үлкендері келеді де, атам Өмірбайға:–Өмеке, отыр! Берік бол, саған суық хабар жеткізбекшіміз!,–деп бостандыққа шығып, жуыр арада үйге келем деп тұрған әкемнің қайтыс болғандығы жайлы телеграмманы оқып береді.
Атам Өмірбайдың өз баласының қазасын естіп, ботадай боздап жылағаны-ай! Атамызды да «әке» дейтінбіз.Қайғылы хабар алған күннің кешінде атамыз Өмірбай Шегенұлы жанына ешкімді де ертпей, Ақсуға өзі жалғыз барып, баласын жерлеп келеді. Осы күнге шейін мен өзімнің туған әкем Әмірханның өлімінің қалай болғанын білмеймін. Бұл жұмбақ өлімнің сырын тек атам ғана білетін-ді. Жарықтық ол кісі де соның сырын жер қойнына өзімен бірге ала кетті. Әкем Әмірханның сүйегі қайда екенін де білмеймін. Ержетіп, жаман мен жақсыны айыра алатын жасқа жеткенімізде де, атам көзінің тірісінде менің әкем Әмірханның өлімінің сырын айтпай кетті. Мұның өзіндік сыры да бар екендігін де ұғынамыз. Атам бізді де және өзге ағайын-тумаларды да «халық жауының» ұрпақтары деген көзтүрткі болудан сақтаған амалы болса керек. Түрлі қызмет істеп жүрген балаларының да жайын ойлаған екен жарықтық!
Қандай өкініш деңізші?! Әкемнің қай жерде жерленгендігін сұрастырып, іздестірейін десем, сол кездегі адамдардың бір де бірі жоқ қазір. Бәрі де дүниеден өткен. Ешкімнен ештеңені сұрап, біле алмадық. Әкем жерленді-ау дейтін қорым тегістеліп, үстінен үйлер салынып кетті деді сұрастырып, білген кей жандар.
Өз ғұмырының алпыс жылын зағиптықпен өткізген Ұлы Отан соғысының ардагері Есмұхан Өмірбаев 1924 жылы Астрахан ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келген-ді. Атбасардағы он жылдық мектепті бітіргеннен кейін Новочеркаск (қазіргі Астрахан) аудандық әскери комиссариатының шақыруымен 1941 жылдың күзінде әскерге алынады да, Ақмола қаласындағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) атқыштардың дайындық курсынан өтіп, 1942 жылдың қаңтар айында №1 Украина майданы құрамындағы №126 мотоатқыштар полкінің құрамына жіберіледі.
Бұл кез – неміс басқыншыларының қайткен күнде де Украинаны жаулап алуға бар әскери күшін үсті-үстіне төгіп, шоғырландырып жатқан кезең болғандығы тарихтан белгілі жай. Менің әкем Есмұхан қызмет еткен дивизияға Донның бойындағы елді мекендерді жау қолына бермей, сақтап қалу тапсырмасы берілген болатын. Жау Донның қарсы бетіне өту үшін барлық күштерін жұмылдырады.
Екі жақтың атқыласуының жойқын болғандығы соншалықты, Дон өзенінің үстінен тартылған көпір опырыла қирап, дәл сол кезде жау жақ жағаға ұрыспен өтіп келе жатқан қызыл әскерлердің біразы суға да батып кетсе керек. Аман қалғандарының біразы Донды малтып, жүзіп өтіп, екінші бетке шығады. Сол Донды малтып өткендердің бірі «дәдәм», менің әкем болатын. Өйткені, балалық шағы мен соғысқа дейінгі бар өмірі Есіл мен Қалқұтан өзендерінің жағасында өткен Есмұхан әкем жақсы малтыса керек-ті.
Дон бойындағы шайқастарда өзінің өжеттілігімен және батылдығымен талай ерлік жасап, көзге түскен әкем полк командирінің бұйрығымен взвод командирі болып тағайындалады да, кейін, 1943 жылдың 1сәуірінде Украинаның №68 мотоатқыштар полкіне жіберіледі. Харьков маңайындағы ұрыста алғаш рет аяқтан жараланып, госпитальге түседі. Сол госпитальде 1943 жылдың тамыз айынан 3-желтоқсанға дейін емделіп, жарасы жазылып, майданға жарамды болып табылғаннан кейін 3-ші Украина майданының №27 дивизиясына жіберіледі.
Ұлы Отан соғысының 1943-1944 жылдарының қақаған аязды күндері совет армиясының жауынгерлері майдан даласының бірде ашық алаңына шықса, бірде кезекпен жабық корпустарға кіріп жылынып, одан соң окоптарда жатып, шабуылды үздіксіз жалғастырып отырғандығын әкем өз әңгімесінде айтып отырушы еді. Сонымен бірге, 1944 жылдың 30-қаңтарында жараланған әкем Есмұхан контузия алып, ес-түссіз окопта үш-төрт күн жатып қалады. Осы окоппен жылжып келе жатқан бір жауынгер ыңырсып, әлсіреп жатқан «дәдәмді» байқап қалып, оның тірі екендігіне көзі жеткен соң, госпитальге жеткізеді. Госпитальде қанша емделсе де, көзі қайра көрмейді. Содан «дәдәмді» Одессадағы Филатов атындағы көз институтына да жібереді. Бұл институтта да төрт ай жатып емделсе де, дәрігерлер көз жанарын қайтара алмайды да, әкем Есмұханды өз әскери құрамына қайтарып жібереді. Бұл арадағы әскери комиссия амал жоқ, «дәдәмді» өз еліне қайтаруға шешім қабылдайды.
Сол бір күйзелісті сәтте, әкем «елге бармаймын, мендей соқыр адам енді ешкімге де керек емес» деп айқай салып, дауыс көтеріпті. 1944 жылдың тамыз айында біржола әскер қатарынан шығарылады…
Екі көзі суқараңғы сержант Есмұхан Өмірбаевты өз еліне жеткізіп салу үшін, жанына бір медбикені қоса беріп, Москва қаласының Қазан вокзалына алып келеді. Қазақстанға баратын поезды күтушілердің қарасы да көп екен. Сол вокзалда үстінде солдат шинелі бар, көзіне қара көзілдіргін киіп, мұңлы бір терең ойланып отырған әкем Есмұханға жолаушылар назары ауа берсе керек. Әлден уақытта сол вокзалда поезд күтіп жүрген бір жауынгер жанына келіп, айналшықтап, қайта-қайта үңіліп қарай берсе керек.
–Әй, Есмұхан, бұл сенбісің?!,– деп қазақша саңқ ете түскен мына сөзді естігенде, «дәдәм» орнынан ұшып тұрады.
–Қалмұқан, сенбісің? Қайдан жүрсің?,–деп әкем Есмұханның да жаны шырылдап, сол арада ағалы-інілі құшақтасып, ұзақ жылапты. Осы бір жан тебірентерлік жайды біз бала кезімізде естіген сайын, жылап та алатынбыз. Қос жанары көрмесе де әкем Есмұхан өз інісін дауысынан таныған екен.
Осы арада бір айта кетерлік жай сол, менің әкем Есмұхан Өмірбайдың баласы болса, Қалмұқан сол Өмірбайдың туған інісі Өміртайдың баласы болып келеді. Қалмұқан Өміртайұлы да 1942 жылы майданға алынып, Латвияны азат етуге қатысады. Соғыстан кейін латыш қызына үйленіп, одан бір қызы да бар екен. Бұл жолы Қалмұқан ағамыз Латвиядағы әйелі мен қызына поезбен кетпекші болып тұр екен. Сөйтіп, Есмұханның суқараңғы соқыр болып қалғанын көрген Қалмұқан билетін ауыстырып, ағасын медбикемен бірге елге алып келеді.
Бұл соғыстың аяқталуға жақын қалған кезі болса керек-ті. Қалмұқан елде бір жетідей болады да, қайтадан Латвияға жүріп кетеді. Сол Латвияда бас-аяғы он екі жыл жүріп қалған Қалмұқанды кейін өз інісі Әшмұқан елге алып келеді. Құдайға шүкір, Қалмұқан ағатайым елге келгеннен кейін де үйленіп, алты-жеті баланың әкесі болды. Елде түрлі жұмыс істеп, балаларын жоғары, орта арнаулы білім беру орындарында оқытып, бәріне де жағдай жасады. Өзі елдің қадірлі де сыйлы адамы болды. Ағатайым сөзге шебер еді және әзілқойлығы үшін «екінші Никулин» аталғаны да бар еді.
«Дәдәм» Есмұхан елге, өз үйіне келгеннен кейін тіпті ешкіммен тіл қатысып, сөйлеспей, томаға-тұйықталып қалады. Содан әкесі Өмірбай мен екі інілері Рысбай мен Рысбек 1950 жылы Есмұханды Одесса қаласындағы Филатов институтына апарады. Шіркін, жарық дүниені бір көрсем деген үмітпен осымен екінші рет келіп отырған бұл институтта бір жеті жатып, қаралады. Бірақ, тағы да сол ұйғарым… көз жанары емделуге жатпайды.
Атақты көз институты мамандарының анықтамасын алып елге келгеннен кейін, Есмұхан әкем сабырға келіп, сабасына түсіп, қос жанарының суқараңғылығына мойынсұна бастайды. Соғыстан елге келген соң Петропавл қаласындағы музыка мектебінде оқып баян ойнауды, зағиптардың оқу жүйесін меңгерген ол үйде жай отырмады. Кітапты көп оқитын болды. Ара-арасында сырнайын да тартып, шерін тарқатып та алатын.
Менің анам өз жары Әмірхан әкемнің жылын өткізгеннен кейін екі баласын, яғни, інім Аманкелді екеумізді алып, өз төркініне кетпекші болады. Мен жеті айлығымда туыппын да, әкемнің анасы, яғни, әжем бауырына салып, өсірген еді. Аманкелді өз анасының бауырында өскендіктен бірге кетемін десе, мен «ешқайда бармаймын, кетпеймін» деп байбалам салсам да, бірақ, шеше қоя ма, екеуімізді де өзімен бірге төркін жұртына алып кетпекші болады.
–Ұлымнан бір айырылдым, енді ұлымның мына екі баласын бөтеннің босағасына жібере алмаймын. Айналайын, келінім емес, қызым болып осы босағада қалшы, – деп атам мен әжем көз жастарын көлдей етіп, зар жыласа керек. «Қызымды енді бұл босағада қалдырмаймын, қайтсем де алып кетемін» деп ат-арбасымен келіп тұрғандардың арасында анамның өз анасы мен інісі де бар екен. Осы бір тағдыршешті сәтте анам Ләтипа естілік танытып, өзінің қайын атасы мен қайын шешесінің көз жастарын аттай алмай, бір ауыз сөздерін тастамай өз босағасында қалып қояды.
Екі көзі суқараңғы Есмұхан «дәдәм» әлі ешкімге үйлене қойған жоқ-ты. Маңдайдағы қос жанары айнала тіршілікті көре алмаған жанның кімге барып сөз салып, кіммен танысар жайы бар дейсіз?! Үйде отырып, кітабын оқып, арасында сырнайын тартып қойып өмір кешіп жатқан Есмұханды қазақтың әмеңгерлік жолымен атам мен әжем менің анама үйлендіреді. Бауырындағы қос балапандары мені және інім Аманкелдіні жат босағада телмірткісі келмеген анам суқараңғы қайнысына тұрмысқа шығуға көнген еді. Өзінің туған жеңгесіне үйлену, болмаса менің анама өзінің туған қайнысына тұрмысқа шығудың қаншалықты ауыр да азапты жай болғандығын енді сезінемін. Алайда, бұл жайында көздері тірі кездерінде екеуінен да сұрай алмадым. Сұраудың да қажеті жоқ еді. Есмұхан «дәдем» маған әке болып кетті.
Анам Ләтипаның «дәдәме» тұрмысқа шыққанын бала кезімде жете түсінбей, бағалай қоймасам да, кейін есейе келіп, анамның саналылығы мен ақылдылығын таныдым және дұрыс бір шешім қабылдағанын тани бастадым. «Дәдәмнің» менің анама деген қамқорлығы ерекше болып еді. Екі көзінің де суқараңғы соқырлығына қарамастан Ләтипаның өзіне тұрмысқа шыққанын қатты бағалап, құрметтейтін. Көзім көрмейді деп қарап жатпады. Есмұхан әкем үйдің көп шаруасын өзі атқаратын еді. Тіпті, малды да өзі жайлайтын. Малға қажетті шөп маялауда да жүретін. Қыс айларында күнбе-күн пешке жағатын көмірді де өзі жүріп үйге енгізіп қоятын-ды. Сүт тартып, қаймақ былғау, қаймағы айырылған сүтті бұзауларға беру, қысқы соғымды жемдеп, семірту сияқты шаруаның барлығын да екі көзі бар кейбір ерлерден артық істеуші еді. Соңғы кезде анам от тұтатып, пешін де жаға алмайтын болды да, әкем соны да өзі істеп жүрді.
Бүкіл ел болып әкемнің осы іскерлігіне және де ұқыптылығы мен тазалығына қайран қалып, сүйсініп отыратын-ды. Айналасын тап-таза, мұнтаздай етіп ұстайтын. Кейбір көзі бар шаруаға салақ та олақ жандарды көргендер, «шіркін-ай, осы көзді Есмұханға берсе ғой» деп айтатын да еді. Анам да мейлінше ұқыпты әрі таза кісі болды. Таңертең ұйқыдан тұра сала анам әуелі далаға шыққанда «Есмұхан басып кетеді» деп, әкемнің үй маңындағы жүретін жолының барлығын сыпырып-сиырып жинап, құс пен малдың қиынан тазалап жүретін-ді. Ауыл адамдары менің әкем Есмұхан мен анам Ләтипаның мал қорасының өзінде отырып та, шай ішуге болады деп, олардың тазалықтарын сүйсіне айтып отыратын.
«Дәдәмнің» үйдің айналасында жүретін өзінің жолы болатын. Ол кісі күніне тоғыз-он шақырым жаяу жүруді дағдысына айналдырған еді. Қанша уақыт және неше адым жер жүргендігін өзі санап отыратын. Күн сайын бір сағат түрлі жаттығу жасау өмірлік ғадетіне енген-ді. Тіпті, кәдімгі қызыл кірпішпен кеудесін, басына шейін, аяқ-санын да ұрғылап, ұзақ уақыт уқалап күтінетін-ді. Жаңағы денесін ұрғылаған кірпіші кішірейіп, жып-жылтыр болып қалатын. Қыс бойы, тіпті небір қақаған аязды күндердің өзінде жалаң бас, етігін шұлықсыз және ешбір шылғаусыз киіп, далада үш-төрт сағат жүретін. Ал, жаз айларында да үйдің жанындағы ені 40-45 метр болатын көлдің бір жағасынан екінші жағасына малтып барып, тура өз үйінің тұсынан шығатын. Соған елдің бәрі де қайран қалып, «көзі бар адамның өзі де бұлай малтып, бір де бір ауытқымай үйінің іргесіндегі жағалаудан шыға алмас еді» деп сүйсінетіндіктерін естіп өстік.
Тумысынан зерек әрі өмірге құштар әкем Есмұхан мені және інім Аманкелді екеумізді оқытып, білімді болуға бар жанын салды. Бұл бәлкім өзінің туған ағасының екі бірдей баласын кісі қатарына шығарып, адами бір парызын өтейін деген адал ниеті де болар. Мен Ақмола қаласындағы педучилищені бітіріп, Астрахан ауданындағы туған ауылым Алғабаста мұғалім болдым. Кейін Қарағанды педагогика институтында (қазір университет) сырттай оқып, жоғары білім алдым. Қай оқу орнында оқымасам да, үнемі оқу озаты болдым. Соның бәрі де ең алдымен бір Алланың қолдауы болар! Екіншіден, сол кездегі ауыл мектептеріндегі мұғалімдерімнің жақсы білім бере білгендіктері де әсер етті. Және де менің әр қадамымды үнемі өз бақылауында ұстап, ұдайы қадағалап отырған «дәдәмнің» маған деген шынайы жанашырлығы болды. Өмірбай атамның барлық ұлдары сауатты да білімді әрі шеттерінен сөзге шешен келетіндіктерін ел толықтай мойындаған жай еді.
Інім Аманкелді Атбасардың мектеп-интернатында оқып, орта білім алып шықты. «Дәдәм» Аманкелдіні Ақмола ауыл шаруашылығы институтына түсірді. Бұл оқу орнының сол кездегі ректоры Гендельманға барып, «сен менің баламды оқуға емтихансыз аласың! Саған беретін емтиханым мына менің екі көзім» дейді. Обалы нешік, ректор да алдындағы суқараңғы соғыс солдатымен сөзге келмей, айтқанын істеп, Аманкелдіні зоотехникалық факультетке емтихансыз қабылдатады.
«Дәдәм» лауазым иелерінің алдына барып, кез-келген маңызды іс жайында айтқанда түсі бұзылып, сұсты көрінетін. Тіпті, шаруасын шешіп бермесең, жұдырығын жұмсап жіберетіндей ызбарлы болатын. Бұл бәлкім соғыстың ауыр да қасіретті жағдайлары әкемнің жан дүниесін күйзелтіп, жүйкесіне ауыр салмақ түсіргендігі де болар. Содан да болар әйтеуір, кім болмасын ол кісіден сескеніп тұратын.
Есмұхан «дәдәм» 1969-1970 жылдары Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында менімен бірге тұрды.Ұлы Отан соғысының бірінші топтағы мүгедегі ретінде Ақмола қалалық атқару комитеті бір жылдың ішінде әкеме үш бөлмелі жайлы пәтер берді. Ақмола облыстық соқырлар қоғамында сабақ беріп, еңсесі де көтеріліп жүрді. Бұл жайында әкем өз естелігінде: –Елге келген соң Петропавл қаласындагы музыка мектебінде оқып баян ойнауды үйрендім. Мен мүгедек адамдай өмірден түңіліп отырмадым. Соңғы жылдары Целиноград қаласындағы соқырлар мектебінде Брайль жүйесінен сабақ беріп, ұстаздық еттім. Қазір арнайы журнал жазып алып оқып отырамын. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Михаил Шолоховтың «Тынық дон», «Көтерілген тың» кітаптарын, Константин Симоновтың «Күндер мен түндер», В.Чаковскийдің «Блокада» романдарын оқыдым. Соңғы он жылда алпысқа тарта роман, повестер оқып бітірдім. Қазір де жаңа шыққан басылымдарды қадағалап отырамын. Үш-төрт жылдан бері тағы бір ермегім – радио тыңдау. Одан халықаралық мәселелермен бірге туған халқымның әдеби мұраларын тыңдап, оны магнитофонға жазып отырамын. Магнитофонды өзім жүргізіп, өзім жөндей аламын,–делінген екен.
Осы күнге дейін қайран қалатын бір жай сол, әкем Есмұхан екі көзі суқараңғы бола тұра небір сағаттардың кез-келген түрін де өзі жөндей беретін еді. Жұрттың жарамсыз деп тастаған электр қуатымен қызатын үтіктері мен плиткаларын, сүт тартатын машинасына дейін жөндеп беретіндігін өзіміз көріп өстік. Біздің бала кезімізде ауылдағы әр үйдің әйелдері сүт тартатын машина ұстайтын еді. Кейде сүт машинасы бұзылып, дұрыс қаймақ айырмай қалғанда ауылдың кез-келген әйелі біздің үйге келіп, «Дәдә», сүт машинам бұзылып, қаймақ айырмай тұр, көріп беріңізші», – деп жетелеп алып кететін.
–Қане, жүргізші машинеңді,–деп әкем әуелі дыбысын тыңдап алатын еді. Бір құлағы ғана жақсы еститін әкем «Ой, жаным-ау, мәшинеңнің тәрелкелерін ауыс-
тырып салыпсың ғой» деп бірден ақауын дыбыстан-ақ дөп басып айтатын. Біреулерге «мәшинеңнің діңгегі түсіп кетіпті ғой», «барабаныңның рәзеңкесі ескіріпті, жаңасын сал», болмаса «сүтіңді неге сонша қатты ысытып жібергенсің?» деп әйтеуір кез-келген сүт тартатын машиналардың кінәратын жұмыс істеу ырғағынан-ақ дәл тауып, айтып отыратын. Осыған ауыл адамдары әрі риза болып, әрі қайран қалып жүретін.
Тың игеру жылдары ел тұрмысы да өзгере бас-
тады. Халықтың тұрмысы да түзелуге бет алды. Әр үйдің төрінде телевизор тұратын болды. Сол кездегі телевизорлардың сапасы нашар болды ма екен, іске қоссаң біразға дейін жыпылықтап көрсетпей тұрып алатын еді. Сондай сәтте әлгі телевизордың қорабының үстінен жұдырықпен бір қойып қалып жүргізетінбіз. Соны сезген әкем «ішіндегі шамдарын сындырасыңдар немесе жандырып жібересіңдер» деп тигізбейтін болды. Ақыры не керек әкем сол телевизорды да өзі жөндеп, жүргізіп қоятын еді. Телевизордың да ақауы қай жерде екендігін дыбысын тыңдап барып, бірден тауып алатын және өзі жөндей беретін қас шеберге айналды.
Әкем расында да аса талантты адам еді! Әттең соғыстың кесірін қайтерсіз?! Оқымайтын кітаптары мен газет-журналдары қалмаушы еді. Және де радионы үзбей тыңдап әлемнің, елдің жаңалықтарын түгел біліп отыратын. Өзімнің туған әкем Әмірханды білмей өссем де, қайран, «дәдәм», сендей қамқор, жанашыр әкені ешкімнен де көрмеппін! Жұмыстан үйге келгенде радиодан күні бойы естіген жаңалықтарын маған айтып отыратын еді. Әкем менің барлық жағдайдан хабардар болып, өремнің өсе түсуіне айрықша көңіл бөліп, күнделікті жұмысыма да үйден басшылық жасап отыратын.
Әттең, әкемнің суқараңғылықта өткен қайран күндері-ай! «Түсімде сендерді көрдім» деп, біздің түр-түсімізді көзімен көріп тұрғандай суреттеп, айтып беруші еді. Мені жүрісімнен, есік ашқанымнан-ақ танитын-ды. «Ләтипа, қызың келе жатыр» деп анама айтып отыратын. Кез-келген адамның дауысын бір естіді ме, келесі жолы сол адамды дауысынан-ақ танып, «сен солмысың?» деп атын атап, сөйлесіп жүре беретін. Қандай қасиет десеңізші!
1954 жылы әкем Есмұхан мен анам Ләтипа ұлды болды. Есімін Ғизат қойды. Өзі «дәдәма» тартқан дене тұрқы ірі, сегіз айлығында екі жастағы баладай көрінуші еді. Сол Ғизат көзді болды ма, екі өкпесінен бірдей суық тиіп, қайтыс болды. Бұдан кейін басқа сәбилері болмады. Әттең, сол баласының өзі тірі болғанда, «дәдәмнің» өмірі де басқаша болушы ма еді?!
«Дәдәм» қайда жүрсе де, қайда барса да сыйлы әрі құрметті болды. Кімге болса да қолұшын беріп, ақыл-кеңесін айтып отыратын ақылшы адам еді. Айтқан әр сөзін ерекше ықыласпен тыңдайтын. Ел адамдарының бірі «Есеке», бірі «дәдә» деп ерекше құрмет тұтатын. Тіпті, кішкентай балаларға дейін «дәдә қайда барасың, мен апарайыншы» деп жанынан шықпайтын. Бір күні Қалмұқан ағатайымның жеті-сегіз жасар қызы Рысалды әкемді дүкенге апарып, содан қайтып келе жатқанда бір ойлы-шұңқырлы жермен жүргізіп, «дәдәм» бір нәрсеге сүрініп құлап қалса керек. Рысалды да бала ғой, «немене көзіңе қарап жүрмейсің бе? Аттап өтпейсің бе? Көзің жоқ соқырсың ба?» деп «дәдәма» ұрыса жөнелсе керек. «Дәдәм» үйге келген соң Рысалдының сол сөзін айтып, сол жайды күлкіге айналдырып, өзі де бір рахаттанып күлгені бар еді. Көпке шейін қайда барса да Рысалдының сол сөзін айтып, күліп отыратын. Жарықтық әр баланың қылығына мәз болушы еді. Кез-келген баланы айналып, толғанып отыратын жарықтық әкем!
Бізге және немерелеріне деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Менің қызым Дананы сегіз айлығында өз үйіне алып кетті. Анам сегіз айлық баланы тамақтандырып, жуындырып, ал ұйықтар кезінде «дәдәме» береді екен. Әкем кішкене Дананы кеудесіне жатқызып, бесік болып шайқалып ұйықтататын-ды. Дананың соған дағдыланғандығы соншалықты, бір жерге жол жүріп, қонатындай жағдай бола қалса, «дәдәмнің» кеуде бесігіне ғана жатып, ұйықтайтын-ды.
Аманкелдінің баласы Жанайдарды үш жасында бауырына басып өсірді. Өле-өлгенше бірге тұрды. Жанайдарды бес жасында кітап оқуға үйретті. Кейін алты-жеті жасында күнделікті келетін газеттерді бас-аяғына дейін оқытып қоятын. Сабағын да өзі қадағалап оқытатын. Кез-келген сабақты Жанайдармен бірге мазмұндайды, бірге тақпақ жаттайды, есептерін де шығарысып береді. Әсіресе, Жанайдар математикадан есебін шығара алмай отырғанында, «бірінші амалын жаз… формуласын осылай жаз» деп, ауызша өзі айтып Жанайдарға жазғызып отыратын-ды. Шырақтай жанған қос жанары барлардың өзі, оқып та, көріп те жазып отырып шығара алмайтын есепті ретімен, амал-амалымен шығару, қандай кереметтілік еді! Неткен көкірек, ес, түйсік, сауаттылық десейші!
Уақытта байлау бар ма? Қос жанарыңды беріп қайтқан соғыстың аяқталғанына да, Ұлы Жеңіске де міне, 75 жыл! Өз тіршілігіңде әрбір Жеңіс күнін керемет бір көңіл-күймен қарсы алып отыратын келбетіңіз де көз алдымда тұрып алады осы күндері. Кеудесіне 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендері мен сан түрлі жауынгерлік медальдарын тағып алып, жеңіс тойланып жатқан алаңға да барып келіп, үнсіз бір ойға берілетіні де бар еді. Сондай сәтте бар балалары мен немере-жиендері жиналып, мәре-сәре болатын сәттер де қараңғы дүниенің жарық бір сәулесіндей көкейімнен өшер емес.
Өз ғұмырының 60 жылын суқараңғылықта өткізген әкем үшін бұл күн жеңіс пе, әлде қасірет пе деп те күйзелемін. Әрине, қанды қырғын соғыстан аман-есен келгеніне, бейбіт өмірдің алпыс жылын елінің ортасында, жанымызда болғанына тәубашылық етемін! Әкем дүниеден озғаннан кейін әр жылдың 9 мамыр күні барлығымыз жиналып, зиратының басына барып құранымызды оқып, дұға қыламыз. Сол сәтте мен өзіңмен тағы да сырласқандай күй кешемін. Көңілімді мұң басады. Әке, мен өзіңді сағынып жүрмін!

Хадиша ӨМІРБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген білім қызметкері.
Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар