Мемлекет өзекті мәселелерді шешіп отыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеп жатқанын айтып, ризашылығын білдірді.

Президент айтқандай, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және әр деңгейдегі әкімдердің қолдауының арқасында шаруашылығымызда көктемгі егіс науқанының мәселелері толық шешімін тапты. Енді дала жұмыстарын жүргізуге ешқандай кедергі жоқ. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға бөлінген 200 миллиард теңгеден өз үлесімізді алдық. Соның бір бөлігін тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсаймыз.
Өз басым «Ушаково Агро» серіктестігін отыз жылдан бері басқарып келемін. Бұл шаруашылық ел тәуелсіздігін алғанға дейін жиырма жыл бойы қарызға белшесінен батқан болатын. Кредиторлар кәсіпорынның малы мен техникасын бөліп алуға дайын тұрды. Ұжымымыз бұл қиыншылықты да бастарынан өткеріп, шаруашылықты даму жолына қойды. Жыл өткен сайын серіктестік өзінің өндірістік көрсеткішін жақсартып, қуатын арттыруда. Бұған өз ісін жанындай сүйетін село еңбеккерлерінің арқасында қол жеткізілді.
Биылғы жылы серіктестік 18 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар себеді. «Не ексең, соны орасың» демекші, тұқымның сапасына, оны жыл сайын ауыстырып отыруға жіті көңіл бөлеміз. Бүгінгі күні тұқым ашық аспан астына шығарылып, дәріленуде. Қыс бойы алқаптарда қар тоқтатып, мол ылғал жинадық. Егіс науқанында қазіргі заманғы ылғал жабу технологиясын қолданамыз. Үлкен машина-трактор паркімізде қажетті тракторлар, комбайндар, жүк автокөліктері, тіркемелер, жаңа астық артқыштар, жаткалар, тұқым тазартқыштар тәрізді өзге де техникалар жеткілікті. Соңғы жылдары өз қаржымызға және лизинг жүйесі арқылы жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып ала бастадық. Көктемгі егіс кезінде механизаторларға барлық тұрмыстық жағдайды жасаймыз. Дала қосында асхана, монша ұйымдастырылған. Серіктестік мал басын да сақтап қалды. Асыл тұқымды ірі қара малдар сатып алдық. Село тұрмысын жақсарту, қарттар мен балаларға қамқор болу басты міндетіміз.
Серіктестік әлеуметтік нысандарды жөндеуді өз мойнына алған. Атаулы мерекелерге, үйлену тойы мен қайғылы жағдайға қаржы бөлінеді. Еңбеккерлердің тұрмыстық жағдайы еңбек өнімділігіне ықпалын тигізетінін жақсы түсінеміз. Дұрыс ұйымдастырудың арқасында селода азық-түлік тапшылығы жоқ.
Шаруашылық мемлекеттік бағдарламалардан да шет қалмауда. Ел басына қиын жағдай түскенде Президентіміз қазақстандықтарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл жақсылықты село тұрғындары да сезініп отыр. Азаматтар мен бизнесті қолдау үшін қомақты қаржы бөлінді. Мәселен, шағын бизнес өкілдері несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42 мың 500 теңге көлемінде көмек береді. Біз мұқтаж отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Президент өз мәлімдемесінде әр азамат өмірінің қымбаттығы жөнінде айтты. Осы орайда, біз барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізудеміз. Бұл дағдарысты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жеңетінімізге сенімдімін.
Бақтияр ЫСҚАҚОВ,
«Ушаково Агро» серіктестігінің директоры.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар