Қазіргі заманның шығармашылық өнер иелеріне карантин кедергі келтірмейтіні сөзсіз. Бірақ, жазба ақындар арасында онлайн айтыс ұйымдастыру баршамызға қызық болғалы тұр. Өнерсүйер қауым айтысты облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының Инстаграмм және Фейсбук әлеуметтік желілері арқылы толық тамашалай алады. Онлайн айтыстың өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар екені белгілі. Бірақ, жазба ақындары үшін бұл қалай болар екен?! Дегенмен, осындай қиын кезеңде еліміздің рухын биіктетіп, еңсесін көтеруге арналған айтысқа қатысуға олар да белсенділік танытып жатқан көрінеді. Қойылып отырған басты талап – ойшылдың әдеби мұралары мен қазақ руханиятына арналған шығармаларын жырларына қосу. Айтысқа қатысамын деушілердің жасына шектеу қойылмайды. Жыр додасы үш кезең бойынша ұйымдастырылады. Алдымен ақындарды ұйымдастырушылар олардың қарым-қабілетіне қарай іріктейді екен. Одан соң жартылай айналымда жұптасып айтысады. Осы екі кезеңнен өткен ақындар маусым айында ақтық сынға түседі.
–Қазіргі уақытта іріктеу кезеңі болып жатыр. Екінші айналымда ақындарды жұптаймыз да, оларға жауаптасып айтысуға бір күн уақыт береміз. Егер олардың біреуі дер уақытында жауап бермейтін болса, сол ақын жеңілген деп танылады. Айтысқа жергілікті ақындар мен әдеби сыншылар қазылық етеді. Үйден шықпай-ақ осы байқауларға қатысуға мүмкіндік бар. Ендеше, талантты да талапты, өнерлі де шығармашыл ақындарды осы байқауға белсене қатысуға шақырамыз, –дейді облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Тоқтарбек Қалдырбаев.
Сонымен бірге, аталмыш орталық Абай Құнанбайұлының әндерін орындаушылар арасында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты онлайн байқау да жариялады. Қатысуға ниетті өнер иелерінің өтінімдері 26 сәуір мен 26 мамыр аралығында әлеуметтік желілер арқылы қабылданады.
Бұған қоса, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап, онлайн түрінде қатысуға болатын 100-ден астам іс-шара жоспарлапты. Сонымен бірге, эстрада әншілері Әлішер Кәрімов пен Талғат Кенжеболатовтың қатысуымен «Екі жұлдыз» атты байқау да ұйымдастырылады. Ал, онлайн түрінде ұйымдастырылып жатқан, көптің сұранысына ие болған бір байқау – «Супер келіншек» атты нәзік жандылар сайысы. Онда облыстың әр аумағынан қатысатын келіндер ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттап, бақ сынайды. 15 сәуір күні басталған бұл байқау 30 сәуірге дейін жалғасады.
Карантин кезінде уақытты бос өткізбеу үшін әлеуметтік желілер арқылы өнерпаздарымызды қолдап, қолпаштауға атсалысайық, ағайын!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.