Бір шаңырақ астындағы ән

Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйі өз қызметін 1987 жылдан жүзеге асырып келеді. Түрлі этностардың тілі мен мәдениетін, дәстүрін дамытуды, тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруды мақсат еткен шығармашылық ұйым жанында 9 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар: «Саттелит» неміс, «Полония» поляк, «Хазар» әзірбайжан, «Юлдаш» татар-башқұр, орыс қоғамы, «Лотос» кәріс, «Әмір-Темір» өзбек, «Манас» қырғыз және «Беркат» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестіктері.

–Этно-мәдени бірлестіктер жыл бойы түрлі форматтағы іс-шаралар – фестивальдер, ұлттық мейрамдар, сәндік-қолданбалы өнер көрмесін, театрландырылған қойылымдар өткізеді. Қазақстан халқының Бірлігі күні – баршамыз үшін басты мереке саналады. Бұл күні жыл сайын «Бір шаңырақ астында» фестивалін өткізетінбіз. Алайда, биыл біз бірлігімізді басқаша көрсетуге тиіспіз. Бәріміз үйде қалып, мерекені отбасымызбен тойлап, қауіпті індеттің таралуын тоқтатуға атсалысуымыз қажет, – дейді Степногорск қалалық Достық және шығармашылық үйінің директоры Анар Қоржымбаева.
Бүгінде Степногорск қаласы тұрғындарының арасында шығармашылыққа жақын азаматтар аз емес, олар поэзияны, музыканы жақсы көреді. Олардың қабілеттерін дамытып отыру мақсатында Достық және шығармашылық үйі жыл сайын поэзия фестивалін, ақындар кешін ұйымдастырады.
–Фестиваль, концерттермен қатар, біз өз жұмысымызда отбасы құндылықтарын сақтау мәселелеріне де мән береміз. Үйлену тойы, неке қию, шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, шолпы тағу, қалжа тойы секілді дәстүрлерді өткіземіз. Мұндай шаралар тұрғындар арасында зор қызығушылыққа ие, жастардың бойында жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады, – деді бізбен әңгімесінде Анар Қоржымбаева.
Достық үйі жанында «Ақ босаға» жас отбасылар клубы жұмыс істейді. Бұл клуб мүшелері арасында байқаулар мен сауық кештері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қазақстандық бірегейлікті, қазақ халқының мәдениетіне деген құрметті қалыптастыру ұйым қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Осы мақсатта өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйрету, қазақ халқының мәдениетімен таныстыру шаралары жүргізіліп тұрады. Әңгіме барысында аңғарғанымыз, степногорлықтардың мемлекеттік тілді үйренуге, халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртуға деген құштарлықтары зор. Мұның бір дәлелі ретінде «Нәзік» және «Степногорлық» деп аталатын қарттардың шығармашылық клубтарын айта кетуге болады. Олар барлық мәдени-бұқаралық шараларға қатысады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жыл сайын олардың құрметіне орай мерекелік кештер өтеді. Бір сөзбен айтқанда, Достық және шығармашылық үйі тұрғындардың мәдени демалыс орны ғана емес, дарынды жандардың қабілетін дамытып, үлкен өнер жолына түсуіне ықпал ететін киелі шаңыраққа айналды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар