Боямасыз өмір

Ауыл суретшісінің тақырыбы – өз елінің адамдары

Ауылда тұратын суретші Ибрагим Исеновтың жаны сүйетін тақырыбы – Ұлы Жеңіс! Содан да болар ол өз туған ауылының 64 ардагерінің портреттерін салып, қылқаламынан шыққан сол суреттердің барлығын да ауыл мектебіне тарту етті. Ол кезде ауылда қазына қарттар көп еді. Бастары қосыла қалғанда ерлік жайлы есті әңгіме сабақтайтын. Аталарының жан дүниеңді шымырлататын, соңы әрдайым жеңіспен аяқталатын, батырлар бейнесін көз алдыңа әкелетін сәтімен сабақталатын сол әңгімелерін жалықпай тыңдаушы еді. Хат танығаннан бастап қолынан батырлар жыры түспеді десе де болғандай. Ілкі замандағы ел қорғаған ерлердің алапат ерлігі қатты қызықтыратын.

Ақ қағаздың бетіне халқының қамын ойлаған, жерінің тұтастығы үшін жанын қиған батыр аталарының бейнесін түсіргісі келген. Әуелі шет-шегі жоқ, кең жазира дала. Ауыздығымен алысқан, лиро-эпостық жырларда айтылардай алты айшылық жерді алты-ақ рет аттайтын қазмойын тұлпарлар. Тұлпар үстінде торғай көзді ақ сауыт киген, қылышын көкке білеген апайтөс батырлар.
Тоғызыншы класс оқып жүрген кезінде ауылға аты аңызға айналған батыр ағасы Рақымжан Қошқарбаев келген. Қызылсая ауылының еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін Рейхстагтың төбесіне атойлатып қызыл ту қадаған хас батырмен кездесуге жиналған. Қиялындағы шалт қимылды, шапшаң мінезді ілкідегі батырларға ұқсатуға тырысқан. Батыр дегенің кеудесі есіктей, балтыры бесіктей, дәу болуға тиісті. Әйтпесе, тұрымтайдай түйілген адамның қай жерінде батырлық қасиет болады деп ойлаушы еді. Баланың бейкүнә қателігі екен ғой. Рақымжан аға барынша қарапайым, сыпайы екен. Кеудесін соғып, мен сөйткенмін деп мақтанған да жоқ. Жанға жағымды, самал желдей ескен, тыңдаған жанның жанын еріксіз баурайтын қоңыр үнмен майдан туралы баяндаған. Өзінен гөрі өзгені көп айтты. Қаруластарының қаһарман ерлігіне сүйсінді.
Міне, сол сәттен бастап болашақ суретшінің майдан тақырыбындағы суреттері салына бастады десе де болғандай. Алғашқы суреті «Рейхстаг» деп аталды. Құзғындардың ұясының қаусай қираған сәті. Төрткүл дүние тағатсыздана тосқан Ұлы Жеңістің атойлаған көрінісі. Содан бастап бір әдемі қиял алға қарай жетеледі де отырды. Күні кеше қан майданда туған жерді қорғау үшін жан алып, жан беріскен абзал ағалардың ерлік жолын сипаттаса. Тұла бойларынан парасат лебі, өрлік пен батырлықтың сорабы айқын аңғарылып тұратын жампоз жауынгерлердің мәңгі өлмес асыл бейнесі кейінгі ұрпақты дәл сондай биік мұраттарға жетелесе, ғанибет емес пе?!
Арқалық қаласындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетін бітіріп, жоғары оқу орны басшыларының талабы мен талантынан үміт күтіп, институтта оқытушы болып қалдырған кезінде де баяғы шоқ жұлдыздай шағын ауылда көкірегінде тұтанған мақсат-мұраттың маздаған оты қоламтаның шоғындай қыздырып, шабыттың шырайын шалқыта түскен. Сөйтіп, Қызылсая ауылынан қан майданға аттанып, ел қорғаған ерлердің бейнесін бірінен соң бірін сала бастады.
– Ол кезде ауылда ардагерлер көп еді. Бәлкім жүзге жуық болар. Соғыс зардабын тартқандар да аз емес. Сыңар аяқ, молақ қол. Бірақ, бәрінің мәні Жеңіс деген жалғыз ауыз сөзге сыйып тұр,–дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Исенов,–алпысқа жуығын салдым. Туған ауылымыздағы мектептегі мұражайға тарту еттім. Қазір көпшілігін ағайын-туыстары ат-түйедей қалап алып кетіпті.
Міне, кенептегі суретте Молдаш Тілегенов ақсақалдың бейнесі. Ұлы Отан соғысында қайтпас қайсар ерлік көрсеткен майдангер. Кейінгі ұрпаққа жадырай қараған жүзінен адамгершілік пен парасаттылықтың табы есіп тұр.
–Біздің жас кезімізде бозбалалар иығынан төгілтіп ұзын шаш қоятын сән шықты,–дейді суретші,–алды-артын ойлай бермейтін албырт шақ қой. Оның үстіне суретші біткен осылай жүреді екен деп мен де шашымды өсірмесім бар ма? Бір күні Молдаш ақсақал бір жамбастап отын жарып жатыр екен. Қасынан өтіп бара жатқан мені шақырып алды. Шалғайымнан тартып жүрелетіп отырғызды. Атамның қолы қатты екен, жаспын ғой бәлкім бұлқынсам босап шығуым да мүмкін еді. Бірақ, үлкен кісімен қарсыласуға болмайды ғой. Алдына жүрелеп отыра кеттім. Атам болса қалтасынан ұстарасын шығарып, белбеуіне бір жанып алды да, әп-әдемі болып тұрған менің жылқының жалындай қою, қалың шашымды әп-сәтте сыпырып тастады.
Майдангер атасы ауылдас інісіне ақылын айтқан екен:
–Бұлай жүруге болмайды. Өзіңді қойшы ұяты анау әкеңе келеді ғой,–деген сол жолы.
Ал, әкесі ел адамы еді. Бұл төңіректе жұртқа сыйлы, сөзі өтімді, абыройлы адамды ел адамы дейтұғын дәстүр бар. Әкесі Есенқұл өз қолының епсектілігімен елге жаққан адам. Өйткені, ғұмыр бойы ұсталықты кәсіп еткен әке жазда әдемілеп арба соқса, қыста қатырып шана жасайтын. Алқымы иленген терімен қапталған, екі бүйірі бүтінделген шананы бұл төңіректе кәшаба шана деп атайды. Әбден кептірілген ағаштан жасалғаннан кейін мұндай шаналар әсірелеп айтқанда, қаңбақтай жеңіл болады. Жақтау сыртын қаптаған тері әдемі шегелермен өрнектеле шегеленсе, кәдімгідей көзтартарлық болып тұрады. Шебердің қолынан шыққан бұйым баспа-бас қызға бермес дүние болып шықпақ. Одан басқа тұрмысқа қажетті қаншама дүниені іс қылып шығаратын он саусағынан өнер тамған шебер болды.
Бәлкім, әке бойындағы шеберліктің ұшқыны дарыған болар, Ибрагим салған суреттер көрермен көңілінен шыққаны анық. Әсіресе, майдан тақырыбындағы өз суреттері арқылы ауылдас майдангерлердің тұтас галереясын жасап шықты. Мына бір сурет Малкен Айтпаевтікі. «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері атанған майдангер соғыстан оралған соң ұзақ жыл мұғалім болып жұмыс істеді. Ал, мынау жауынгер Қайыркен Сәдуақасов. Бұл кісі де «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері.
Қылқалам шебері мына бір суретті сала бастағанына жиырма жыл уақыт өткен. Кенеп бетінде бір жасар ұлының алақан таңбасы бейнеленген. Ал, қасындағы екінші суретте баласының 20 жастағы қолтаңбасы. Осылайша бір картинада 20 жыл уақыт қамтылған. Бұл сурет бейбіт өмір хақында. Азат, бостан елдің өсу-өркендеуі, кемелденуі мен қалыптасуы рет-ретімен өрілмек.
Қылқалам шеберінің қолынан 3 мыңнан астам туынды шығыпты. Негізінен портреттер мен натюрморттар. Барлығы майлы бояумен салынған. Өнер туындыларының географиясы Қазақстан, Марокко, Испания, Греция, Германия, Мальта, Корея, АҚШ тәрізді елдерді қамтыған. Алда әлі көптеген жаңа ойлар бар. Жасампаз елдің жарқын болашағы, мәңгілік елдің мұраты төңірегіндегі қиялдан гөрі нақты өмірге жақын тақырыптар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар