Академиктің айтары бар

Әлемге танымал аграршы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Мехлис Сүлейменов егіншілік саласына қатысты 1500 ғылыми еңбек және 7 монографияның авторы. Ол, көптеген лауазымды қызметтерін айтпағанда, А.Бараев атындағы егіншілік ғылыми-зерттеу институтын ұзақ жылдар басқарып, қазіргі күні де аталған орда директорының кеңесшісі қызметін атқаруда. Мехлис Қасымұлы көп қырлы ғалым болғанымен, солтүстік өңір жағдайында «Кеш ексең, кем болмайсың» қағидасын ұстанады. Біз осы жолы ғалымнан, бір ғана тақырыпта, аталған тұжырымның негіздері туралы айтып беруін өтініп, қысқаша жазба дайындаған едік…

Бұл тұрақты түрде көтеріліп келе жатқан тақырып,–дейді академик. Баяғы тың көтеру басталысымен-ақ, жаздық бидайды қай мезгілде себу мәселесі үзбей талқыға түсетін. Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың лауреаты А.И.Бараев өзі басқаратын Шортанды ғылыми-зерттеу институтының тәжірибесіне сүйеніп, бидай тұқымын мамыр айының орта шенінде сіңірудің тиімділігін атап көрсетті. Мұнда ол Қорған облысындағы Шадрин ауданында ұзақ жылдар бойы бидай өсірудің қыр-сырына қаныққан Т.С.Мальцевтің тәжірибесін алға тартатын. Бұл кісінің «Көктем сайын дақылды кеш егу жөніндегі ұсынысыма реніш білдіретіндер күзде мені мадақтап, марапаттап жатады» деген жұрт аузындағы сөзіне біз де қанық едік.
Ғылыми-зерттеу мекемесінің ғалымдары ұзақ мерзімдік бақылау жұмыстарына сүйеніп, жаздық бидайды себудің неғұрлым қолайлы кезеңі 15-25 мамыр аралығында деген тұжырым жасаған. Өйткені, бидайдың барынша мол өнім беретіні осы мерзімге сәйкес келеді. Әйткенмен, институттың 1961 жылдан бергі деректері мен Т.Мальцевтің тәжірибесіне негізделген ұсыныстар бірден өндіріске қабылданды деп айта алмаймыз. Бұл ең алдымен, аталған уақытта себілген тұқымның масақтануы шілде айындағы жаңбырмен байланыстырылуымен түсіндіріледі. Әрине, шілде немесе тамыз айларында жауын жауғанымен, көбінесе дәл шілде айы жаңбырлы кезең саналады. Осыған байланысты, ерте себілген тұқымның өнімділік нышаны ылғал көбірек түсетін уақытқа дейін қалыптасып үлгіреді.
Осы ретте, мына бір оқиғаны еске сала кеткім келеді. 1965 жыл аса қуаңшылығымен ерекшеленді, жаңбыр шілде айының екінші жартысында ғана жауды. Шілденің орта шенінде егістіктің басым бөлігі қурай бастады. Бұрынғы Целиноград облысының бірінші хатшысы Н.Кручина осы кезде «АН-2» ұшағымен алқаптарды әуеден бақылап көргісі келген. Күйік шалған егістікті көңілсіз шарлап ұшқан басшы, бір мезетте жап-жасыл егін аралын байқап, осында қонуды бұйырады. Жайқалып өскен, көз қуантарлық егістікті белуардан кешкен ол кеңшар директорынан бұл шаруаның жайын сұрайды. Директор арпа тұқымы 5 маусымда, 10 сантиметрлік тереңдікте себілгенін айтады. Осы уақыттан бас-
тап обком хатшысы бидай және арпа тұқымын себудің оңтайлы мерзімі мен тереңдігін қадағалаудың маңыздылығын назардан тыс қалдырған емес.
Әрине, әр жылдың өз ерекшелігі болады. Маусым және шілде айларының жаңбырлы келетін кезі де бар. Бұл орайда бидайдың өнімділігі басқаша қалыптасады. Маусым айындағы шектік жауынның жаздық бидайдың өнімділігіне қолайлы әсері 15-20 мамыр аралығындағы тұқым себу науқанымен сәйкестендіріледі. Тіпті, 10 мамырдағы егістіктің өнімділігі де кемімейді. Ал, жазғы жаңбырдың молдығы 25-30 мамыр аралығында, кейде 5 маусымда егілген дәнді дақылдарға оң әсерін тигізеді. Бірақ, 5 маусымда себілген өскін қыркүйектегі суыққа дейін қатайып үлгірмей, үсікке ұрынуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан жағдайында жазғы бидайды егудің оңтайлы мерзімі туралы ұсыныстар әртүрлі. Құрғақ дала алқабында жазғы бидайдың өсіп-жетілуіне айтақаларлықтай қауіп төнбейтіндіктен тұқым себуді 18 мамырдан бастап 28-30 мамыр аралығында өткізуге болады. Қуаң далада тұқым себуді 15-25 мамырда бастап, ал қалыпты-қуаң далалық аймақтарда дәннің дер кезінде өнуі үшін 13-23 мамырға дейін шегерген дұрыс. Сонымен бірге, тұқым себу мерзімі жұмыс жүріп жатқан кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты да өзгеріп отырады. Мәселен, топырақтағы ылғал қоры ортадан төмен болған кезде, 2-3 күн кешіктіріп сепкен жөн. Ал, ылғал мүлдем аз түссе, жұмысты 13-23 мамырда бастап кеткен дұрыс.
Қазір тұқым себу науқанын бұрынғы обком хатшысының пәрменімен өткізетін уақыт емес. Бүгінгі нарықтық экономика кезінде қожайын бұл жұмысты өз пайымымен және жеке тәжірибесіне жүгініп бастай береді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен-Агро» холдингі 2019 жылы жазғы бидайды ұсыныста белгіленген мерзімнен 10 күн бұрын септі. Мұндай қадам тұрақты үрдіс алған жағдайда, оның өзін қаншалықты ақтайтындығы жөнінде қорытынды жасау әлі ертерек. Бірақ, қолайлы мерзімнен ерте себу кезінде бидайдың өнімділігі төмен болатындығы анық. Әйткенмен, тұқымды ерте себудің бірқатар артықшылықтары да бар. Біріншіден, науқанды ұзақ уақытта өткізу арқылы техника санын қысқартуға мүмкіндік туады. Екіншіден, ерте себілген дақыл ерте пісетіндіктен, орақты он күндей бұрын бастау арқылы белгілікті деңгейде экономикалық тиімділікке қол жеткізіледі. Ал, өнімділіктің қандай деңгейде болатындығын уақыт көрсетеді. Әрине, «Атамекен-Агроның» тәжірибесі терең талданатыны түсінікті.
Қазірше маған жазғы бидай тұқымын себуді ерте мерзімде өткізуге толық көшкен жалғыз шаруашылық белгілі. Бұл – Қостанай облысындағы Валерий Разумович басқаратын «КазАгрос-No-Till» ЖШС. Ол шаруашылықты бидай тұқымын ерте себуге көшіріп қана қоймай, бүкіл егіншілік жүйесін осы бағытта қайта құрып отыр. Бұл орайда, В.Разумович жаңа жүйеге көшу алдында зиянкестермен күресіп, барлық алқапты тазартқанын айтуымыз керек. Серіктестік директорының ауыспалы егіс құрылымы да ерекше – «бидай-арпа-зығыр-күнбағыс» желісіне бағындырылған. Ол дақылдарды мамырдың басында сеуіп, қыркүйектің басында жинауға кіріседі. Орақты бітірісімен алқапты глифосатпен өңдейді, ал көктемгі өскін бой көрсетуімен әлгі тыңайтқыштың шағын құрамын пайдаланады. Мұнда тұқым турбодискілі аргентиналық сеялкалармен, гектарына 60 килограмм есебімен тікелей себіледі. Былайша айтқанда, «КазАгрос-No-Till» ешқандай жер өңдеу жұмыстарын жүргізбейді. Қырманға астық таза әрі құрғақ күйінде түседі және элеваторға қосымша өңделмей-ақ жөнелтіледі. Ол ерте себу арқылы өнімділіктің төмендейтінін мойындайды, сонымен бірге мұның артықшылықтары да аз еместігін алға тартады. В.Разумович өзінің жүйесін көптен бері қолдануда, бірақ көршілерінің ешқайсысы қазірше оны пайдалана қойған жоқ.
Сонымен, А.И.Бараев атындағы егіншілік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары ұсынған және жазғы бидай дақылынан мейлінше мол өнім алуды қамтамасыз ететін тұқым себудің қолайлы мерзімі ретінде 15-25 мамыр күшін сақтайды. Әйткенмен, нарықтық экономика жағдайында жекелеген шаруашылықтар тұқымды ерте себу тәсіліне көшуі мүмкін. Бірақ, ғылыми ұсыныс ретінде, бірнеше жылды қамтитын өндірістік деректерді мұқият талдау қажет деп санаймыз.
Әңгімені жазып алған
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар