Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев: «Жауапкершілік пен сақтық әлі де керек»

«Барша әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы басылар емес. Сондықтан, бүгінгі күні санитарлық талаптарды сақтай отырып, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін қайта жолға қою жөніндегі шаралар кезең-кезеңмен қабылдануда. Белгілі бір қызмет түрлері бойынша шектеу шараларының алынуына байланысты 46 мыңнан астам қызметкер жұмысына шықты, олардың ішінде көктемгі дала жұмыстарына тартылған 21,5 мың адам да бар» деп атап көрсетті брифингте облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Тұтастай алғанда, карантин шеңберіндегі шектеу шаралары көктемгі дала жұмыстарының барысына әсер еткен жоқ. Мемлекеттің қолдауының арқасында егіс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін барлық шаралар қабылданды, сөйтіп, көктемгі егіс көзделген мерзімінде басталды. Аймақтың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен аграршылары өз ұжымдарында барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етті.
11 мамырдан бастап шектелген қоғамдық көліктің, сондай-ақ, аумағы 2 мың шаршы метрге дейінгі азық-түліктік емес сауда объектілерінің жұмысына рұқсат етілді.
Төтенше жағдай кезеңінде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру шеңберінде мемлекет қазақстандықтарды қолдау жөнінде тиісті шаралар қабылдады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Біргеміз» акциясының нәтижесінде біздің 8 мың жерлесіміз жалпы сомасы 400 миллион теңгенің көмегімен қамтылды. Олардың әрқайсының есеп шотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарды және бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. 167 мың ақмолалық жалпы құны 7,1 миллиард теңге болатын 42 500 теңге көлемінде материалдық көмек алды.
«Пандемияның таралуы кезінде тұрғындар мен ұйымдар үшін қажетті өнімдерді шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашқан кәсіпорындарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Олардың арасында маска, медициналық құралдар және дезинфекциялық заттар шығарып жатқан Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамы және тұрмыстық химия зауыты бар. Осы сәтті пайдалана отырып, қиын уақытқа қарамай, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге және халықтың өзге де әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсеткен барлық кәсіпкерлерге алғысым шексіз. Бұлар – «Kusto Group» компаниясы (Алматы), «Көкшетау сүт зауыты» серіктестігі, Aizet Farm агрохолдингі (Ерейментау ауданы), «ТНК» (Жақсы ауданы), «Астана Өнім» (Целиноград ауданы) және «Үш бұлақ» (Ақкөл ауданы) тәрізді көптеген серіктестіктер» деп атап көрсетті облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Бірінші кезектегі өмірлік қажеттілігі бар қажеттілік өнімдердің бағаларын өсірмеу үшін үлкен жұмыстар жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Сәуірдің 7-де өңірде болған қатты дауылдан жүздеген нысанға зиян келіп, екі адам қаза тапты. Шығынды есептеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Қазір оларды қалпына келтіріп жатырмыз.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда құрылыс саласындағы жұмыстар да жалғасуда, жаңа үйлер салынып, әлеуметтік нысандар жөнделуде. Биылғы жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде құны 45 миллиард теңге болатын 232 жоба жүзеге асырылып, 11 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Оның ішінде, облыстың даму үрдісіне атсалысатын ата-аналарға жағдай жасау үшін мектепке дейінгі ұйымдарда кезекшілік топтар ашуға рұқсат берілді. Қазіргі кезде 12 мың баланы қамтитын осындай 699 топ жұмыс істеуде, сонымен бірге, балаларға көмек көрсетіп жатқан мемлекеттік ұйымдар да бар.
«Бүгінгі таңда алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлерге және барша медицина қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Олардың табанды еңбегінің арқасында дерттің жаңа түріне шалдыққан жерлестеріміз ойдағыдай емделіп шықты. Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері, Аршалы аудандық ауруханасы және өзге де медициналық мекемелер бұл орайда ерлік көрсетті деуімізге болады. Осы ретте, жастарының ұлғайғанына байланысты емдерінің нәтиже беруінің өзін алдын ала болжау қиынға соққан «Шапағат» медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі науқастарды еске алудың өзі неге тұрады. Олардың арасында үстіміздегі жылдың мамыр айында 100 жасқа толған Полина Алексеевна Силина да бар» деді өз сөзінде облыс әкімі.
Ермек Маржықпаев атап өткеніндей, ендігі жерде эпидемиологиялық жағдай және алдағы уақытта шектеу шараларын азайту тұрғындар мен кәсіпорындардың эпидемияға қарсы санитарлық талаптарды сақтауына тікелей байланысты болады. «Төтенше жағдай аяқталысымен біз бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде карантиндік шараларды күшейту туралы, төтенше жағдай режимінің аяқталуы карантин мен коронавирус режимінің аяқталғанын білдірмейтіндігі туралы түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізе түстік» деді бұл орайда аймақ басшысы.
Брифингте осыған байланысты фактілер де келтірілді. Мамырдың 23-індегі жағдай бойынша облысымызда COVID-19 жұқтырған 146 адам тіркелді. Оның ішінде 4 адам көз жұмды. Коронавирус инфекция-сын ең көп жұқтырғандар Елорданың іргесіндегі өңірлерде тіркелді. (Целиноград – 128, Аршалы – 7, Шортанды – 3, Көкшетау қаласы – 4, Ақкөл қаласы – 2, Егіндікөл және Есіл аудандары бір-бір адамнан). Науқастардың 11 пайызы 20-30 жас аралығындағы жастар, 25 пайызы 30-50 жас аралығындағылар.
Төтенше жағдай енгізу кезінен бастап облыс аумағында 100 блок бекет жұмыс істеді. Елді мекендерді патрульдеу, кәсіпорындарда санитарлық норманы сақтау, тұрғындар арасындағы түсіндіру жұмысына полицейлердің барлық жеке құрамы, СЭС еңбеккерлері, дәрігерлер, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, тағы сол сияқтылар тартылды. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде 6 блок бекет қалды.
Қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылау мақсатында жедел топтармен рейдтер жүргізіледі. Бүгінгі таңда 4 мың нысан тексерумен қамтылған. Олардың 375-інен ереже бұзушылық анықталып, 200 әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған жеке тұлғаларға қатысты 400-ден астам материал толтырылды.
Облыста Ұлттық сараптама орталығының филиалы мен «Олимп» медициналық орталығының зертханасы базасында қосымша 2 ПТР зертханасы ашылып, жедел тестілеу жүргізеді. Бір айда 30 мыңға жуық адам тестіленді.
«Бүгінгі күні ең бастысы, өз отбасыңа, көршіңе, достарың мен әріптестеріңе қатысты салғырттыққа, бейғамдық пен жауапсыздыққа жол бермеу керек. Өзіңіз баратын немесе жұмыс істейтін орында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет» деді облыс әкімі.
Осыған байланысты тиісті қызметтер, қала мен аудан әкімдері тұрғындар арасында түсінік жұмысын нығайтуы, күн сайын кәсіпорындарға, сауда нысандары мен тұрғындар көп баратын орындарға, жұмысқа оралуға рұқсат берілген қоғамдық көлікке мониторинг жүргізіп отырулары тиіс екендігі айтылды. Егер ондай орындар белгілеген талаптарды бұзса, жабу керек.
«Жағдай өте өткір екенін тағы да айтқым келеді. Төтенше жағдай кезінде Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күні тәрізді көптеген мемлекеттік мерекелер болып өтті. Кеше соңғы қоңырау болды. Бұл мерекелер биылғы жылы өзге форматта өтті. Өкінішке орай, біз бүгінгі күні бір-бірімізден оқшаулану режимінде сөйлесуге мәжбүрміз. Өйткені, біз үлкен қатер – коронавирусты жұқтыру қаупі бар жағдайда өмір сүрудеміз. Бүгін біз өз-өзімізді кешегідей ұстай алмаймыз. Мұны түсініп, қажеттілік ретінде қабылдау қажет. Сондықтан, әрбір тұрғын бұл жағдайды жете түсініп, оған үлкен жауапкершілікпен және түсіністікпен қарағандары жөн. Санитарлық шаралар сақталмаған жағдайда бұрынғы қатаң карантин режиміне қайта көшуіміз мүмкін» деп атап көрсетті сөзінің соңында облыс әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар