Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бетбұрыс - АРҚА АЖАРЫ

Бетбұрыс

Қашықтықтан оқытудың тиімділігі

Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау және балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі қажетті шараларға байланысты оқу жылының соңғы тоқсаны қашықтықтан оқыту үдерісіне көшірілді.

Қашықтықтан оқыту – желілік ақпараттық кеңістіктің мүмкіндіктерін белсенді пайдалана отырып, арақашықтықта оқыту.
Осыған оқушылардың назарын қалай шоғырландырамыз? Оларды қалай белсенді ойлау әрекетіне тартамыз? Көптеген мұғалімдерді мұндай әрекет үрейлендірді. Алайда, қазіргі уақытта мұғалімге қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мәселесіне қатысты көптеген көмектесетін құралдар мен білім беру контентінің үлкен жиынтығы бар. Осы құралдар жиынтығымен жұмыс жасауды үйрену қажеттілігі туындаған сәтте, облыс педагогтары арнайы тақырыптар аясында республика бойынша «Педагогикалық шеберлік орталығы» тренерлерінің оқыту вебинарлары мен интернет желілеріндегі онлайн практикалық конференцияларға белсенді қатысты. Оқытудың осы кезеңінде 30 наурыздан 30 сәуір аралығында қашықтықтан әдістемелік қолдау көрсету мақсатында Көкшетау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлері және филиалдың тартылған тренерлері С.Қошанов, А.Асқарова және Г.Әйкеннің ұйымдастыруымен 2475 облыс мұғалімнің қатысумен 27 оқыту вебинарлары өткізілді. Онда білім беру үрдісін жоспарлауда сандық технологияларды белсенді түрде пайдалануға болатын түрлі платформалар мен онлайн сервис құралдары туралы ақпараттар мен оны қолдануды үйрету тәжірибелері ұсынылды. Мысалы, платформа Wordwall (https://wordwall.net/ru) оқу тапсырмаларын жасауға арналған көпфункционалды құрал болып табылады. Қарапайымдылығына қоса, ондағы дайын үлгілер (шаблондар) интерактивті және баспа нұсқасы да қолжетімді. Тапсырмалар желіге қосылған кез-келген құрылғыда: компьютерде, планшетте, телефонда немесе интерактивті тақтада ойнатылады. Баспа нұсқаларын басып шығаруға және дербес оқу тапсырмалары ретінде пайдалануға болады.
Ұсынылған осындай оқу құралдарын жете меңгеріп, оқу ресурс-
тарын құруды үйреніп, өз тәжірибелерінде қолданған Бұланды ауданының Макинск қаласындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімдері А.Еркенова және А.Серікова оның тиімділігі туралы облыс мұғалімдер алдында вебинар арқылы өз тәжірибелерімен бөлісе алды. Практик мамандар қашықтықтан оқыту барысында мұғалім үшін қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыруда бұл платформаның тиімділігі туралы төмендегідей тұжырым жасады: әр оқушы өз жұмысының нәтижесін қарайды, тапсырма жауаптарына талдауды, сыныптың салыстырмалы мониторингісін сандық және сапалық түрде көре алады. Ол арқылы мұғалім әр оқушыдағы қиындық деңгейін анықтай отырып, сындарлы кері байланыс орната алады. Ал, оқушының өз жұмысының нәтижесін бақылай отырып, жіберген қатесімен қайта жұмыс жасауға мүмкіндігі болады.
Көптеген мұғалімдер қашықтықтан оқытудың барлықартықшылықтары мен кемшіліктерін бағалай алды. Егер мұқият қарайтын болсақ, бұл жүйенің артықшылықтары әлі де көп. Тәжірибеге сүйене отырып, оқытудың осы түрінің негізгі артықшылықтары мен кемшіліктерінің бірқатарын қарастырайық: Қашықтықтан оқытудың артықшылығы:
Жаңа технологияларды игеру мүмкіндігі. Қашықтықтан жұмыс тәжірибесі, АКТ дағдылары бар педагогтарға сұраныс жоғары. Интерактивті оқыту платформаларын, Google Docs, электронды жұмыс дәптерлері мен бейнеконференцияларға арналған онлайн сервистерді пайдалана білу еңбек нарығында сіздің тәжірибеңізді арттырады.
Әр оқушымен жеке жұмыс істеу мүмкіндігі. Қашықтықтан оқыту әр оқушыға өз көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. Сыныпта белсенді жұмыс істеуге ұялатын бала, қашықтықта өзін еркін сезінеді, мұғалімге чатта сұрақтар қояды, тапсырмаларды табысты орындайды. Ал, мұғалім мұндай оқушылардың оқуға деген қызығушылығын қолдау үшін олардың бейімділігіне сәйкес келетін қосымша тапсырмалар ала алады.
Оқу материалдарының қолжетімділігі. Қазір көптеген онлайн-кітапханалар өздерінің виртуалды есіктерін ашып, оқулықтары мен құралдарын тегін пайдалануға мүмкіндік берді.
Ойын тапсырмалары. Қашықтықтан оқыту түрі сандық технологияларды өте белсенді қолдануды қажет етеді. Оның ішінде ойын тапсырмалар: онлайн-ойындар, викториналар, ақыл-ойға арналған интерактивті тапсырмалар бар. Кез-келген бала үшін ойын – әлемді танудың ең табиғи тәсілі екенін ұмытпау керек. Ойындар тек оқуды қызықты етіп қана қоймайды, олар прогресті бағалауға көмектеседі.
Еркіндік пен икемділік. Оқу үрдісінде оқушы материалдың көп бөлігін өз бетінше оқиды. Оқу тапсырмасын орындау уақытын, орнын және ұзақтығын өз бетінше жоспарлай алады.
Мобильділік – оқытушы мен білім алушы арасындағы кері байланысты тиімді жүзеге асыру оқу үрдісінің басты талаптары мен табыстылығы негіздерінің бірі болып табылады.
Әлеуметтік тең құқылық – білім алушының тұратын жеріне, денсаулық жағдайына, элитарлық және материалдық қамтамасыз етілуіне қарамастан, білім алудың тең мүмкіндігін туғызады.
Шығармашылық – білім алушының шығармашылық ойын көрсетуі үшін қолайлы жағдай.
Қашықтық оқытудың кейбір кемшін жақтары:
Сандық технологияны түсіну қажеттілігі. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты ақпараттар легі мен түрлі оқыту іс-шаралар санының өте көп болуы, сапалы білім беруде қай тәсілдер мен құралдар тиімді болады деген сауал төңірегінде мұғалімдерде алаңдаушылықтың туындауы.
Ақпарат көздеріне тұрақты қол жеткізу қажеттілігі. Жақсы техникалық жабдықтау қажет: компьютер және желіге шығу. Әдетте, білім алушылар практикалық сабақтардың жетіспеушілігін сезінеді. Қашықтықтан білім беруде оқытудың негізі тек жазбаша. Кейбіреулер үшін өз білімін сөз түрінде баяндауға мүмкіндік болмауы да кедергіге айналуы мүмкін.
Жеке қарым-қатынастың жеткіліксіздігі. Сабақ барысында барлық оқушыларды бақылап отыратын мұғалім үшін «үйдегі» сабақ қиын сынақ болды. Шынында да, қашықтықтан оқыту кезінде барлық балаларды бақылау қиын. Бұл мәселені шешуге бейнеконференциялар, мұғалім балалармен қарым-қатынас жасай алатын ZOOM, Google Docs және т.б платформаларда топтық жобалармен жұмыс істейтін және нақты уақытта өзара әрекеттесудің басқа құралдары бар жалпы чат бөлмесі көмектеседі.
Оқушылардың мотивациясымен жұмыс істеу қажеттілігі. Қазіргі мұғалімнің міндеті – оқушыларды ынталандыру және шабыттандыру, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, бастаманы қолдау. Бұл функцияларды өзіне алатын компьютерлік жүйе жоқ. Мұғалімдер ынталандыру мен ұйымдастыруда проблемалары бар балаларға көп көңіл бөлуі керек. Мұндай оқушылар енді мүлдем оқудың қажеті жоқ деп ойлауы да мүмкін. Сондықтан, мұғалімдерге мұндай оқушыларды бақылаудың жаңа формаларын ойлап табуға тура келеді.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, қашықтықтан оқыту ыңғайлы, әрі пайдалы. Осынау қысқа уақытта мұғалімдер қауымы қашықтықтан оқыту форматында жұмыс істеудің жаңа қырларын меңгере білді. Өйткені, жылдам және виртуалды болып келе жатқан әлемде педагогтың ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың жаңа жетістіктерін пайдалану дағдыларын жетілдіру бүгінгі күннің қажеттілігі.
Гүлмира ПАЗЫЛОВА,
педагогикалық шеберлік орталығы филиалының
аға менеджері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар