Замана запыраны

Ақтаңдақ тарихтың ащы шындығы

Өткен ХХ ғасыр адамгершілік тұрғысынан алғанда бұрын-соңды болмаған зомбылықтарға жол берілген трагедияға толы дәуір болды. Сонымен бірге, бұл шын мәнінде адамдарды жаппай қудалап, қасірет шектіртудің ең қорқынышты кезеңі еді. Әлем халқы қасіретке толы қақтығыстардан бөлек миллиондаған адамдардың өмірін қиған екі дүниежүзілік соғысты да басынан кешірді.
Біздің тарихта жазықсыз құрбан болғандар туралы естеліктер де трагедияларға толы. Сталиндік қысымшылықтардан қаншама адам жазықсыз құрбан болды, одан қалды, ашаршылықтан қаза тапты, бұрынғы Кеңес Одағы халқының мыңдаған білімді, текті ұлдары мен қыздары өздерінің туған жерлерінен шеттетіліп, жер аударылды.
Аяушылықтың не екенін білмейтін тоталитарлық жүйе ең алдымен, халықтың ойын жеткізе алатын ұлттың бетке ұстар азаматтарын қырып салды.
Адамның барлық әрекеттері, оның қолымен жасалған жақсылығы мен жамандығына кейін келер ұрпақ міндетті түрде бағасын беретіндігі тарихтан белгілі. Бүгінде біз тәуелсіздік алып, егемен Қазақстанда өмір сүріп, өткен ғасырдағы қорқынышты нәубет туралы ашық айта аламыз, сол кезеңдегі әдейі жасалған қорқынышты әрекеттер болашақта қайталанбайды деп сенеміз. Бұған егемендік алғаннан кейінгі 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы кепілдік береді. Баршаға белгілі 1997 жылды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп атады.
Жыл сайын 31 мамыр біздің елде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Бұл жайдан жай аталып жүрген жоқ. Қазақстан ХХ ғасырдың алғашқы жартысында көптеген күштеп әкеп қоныстандырған, яғни, депортацияланған халықтар үшін пана болды. 1937 жылы Қиыр Шығыстан 95 мың кәріс, сәл кейінірек батыс шекара жақтан 102 мың поляк көшірілді. 1944 жылы Кавказдан жарты миллионнан астам шешендер мен ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қалмақтар келді, сол жылы 4,5 мың қырым татарлары, ал 1948 жылы – 27,7 мың түрік месхетиндер күштеп көшірілді. Соғыстың бас кезінде 1941 жылы Қазақстанға Украина, Поволжья, Солтүстік Кавказдан жарты миллионға жақын немістер күштеп көшіріліп, қоныстандырылды.
Қазақстанда атына жұрт шошына қарайтын ГУЛАГ-тің мекемелері қаптап кетті. ГУЛАГ архипелагының ошақтары көп жерде болды. 1930 жылы Қарағанды облысында КарЛаг құрылды. 1940 жылы НКВД-ның Жезқазған еңбекпен түзеу комбинаты пайда болды. 1948 жылы Степлаг немесе №4 лагерь ашылды.
Қазіргі таңда ашылып жатқан, ол кезде құпия болған мәліметтерге сүйенсек, ГУЛАГ соғыс жылдары барлық дайындалған ағаштың жартысын, мыс пен молибденнің жартысынан көбін, марганецтің 70 пайызын, алтынның барлығын беріп тұрды. Оның зауыттарында 70 миллион дана оқ-дәрі әзірленіп, 22 миллион формалы киім-кешек жинақтары тігілді. Мұның барлығы аштық пен суықта, адамдарға қорлық көрсету сияқты өте нашар жағдайда жүзеге асырылды.
Сотталғандар күшімен ірі-ірі қорғаныс зауыттары мен комбинаттары салынды. 1921 жылдан 1954 жылдар аралығында бұрынғы Кеңес Одағында сотталғандардың жалпы саны 3 миллионнан асып түсті, оның ішінде 642 мың адам жазалаудың ең ауыр түріне тартылды. Қазақстанда осы кезеңде 103 мың адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде ғылым, мәдениет, өнер мен әдебиет, саясат салаларының көрнекті өкілдері Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Леван Мирзоян және тағы басқалары болды.
Біздің облыстың аумағында АЛЖИР құрылғанын біз ерекше трагедиямен, қынжылыспен қабылдап, ұғынамыз. АЛЖИР-дің толық мағынасы Отанын сатқандардың әйелдерінің жазалатын Ақмола жеріндегі лагері, орысшасы – «Акмолинский лагерь жен изменников Родины». АЛЖИР-дің зорлық-зомбылығын көргендердің барлығын тізіп айтып шығу мүмкін емес. Онда әр жылдары Кеңес Одағының маршалдары М.Н.Тухачевский мен Якирдің қарындастары, Қазақстан Компартиясы обкомының екінші хатшысы Сұлтанбек Қожановтың, қазақтың ұлттық өнері мен ағарту ісіне зор үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің, партия және кеңес қайраткерлері Сәкен Сейфуллиннің, Тұрар Рысқұлбековтің, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің әйелдері болды. Лагерьлерде әйелдермен бірге балалар да отырды. Олардың жастарына ешқандай да жеңілдіктер жасалмады. Сондықтан да, көбі босату уақытына жете алмай, сол жерде көз жұмды.
Депортацияланған халықтар да біраз қатаң сынақтарды бастарынан өткерді, олардың көбі Қазақстанды өздерінің Отаны деп санайды. Сол нәубет жылдары қазақ халқы фашизмге қарсы күрестің қиындықтарына қарамастан, өздерінің жылы ошақтарымен, қолдарында бар азық-түлігімен, переселендердің қайғы-мұңымен де бөлісті.
Бұл ауыр да қиын тағдыр – біздің қазіргі ортақ тарихымыз, бірақ, оның өзіндік жеңістері мен жеңілістері, қуанышы мен қайғысы бар. Осыдан біз сабақ алуымыз керек. Өткен тарих туралы естеліктер бізге сол режимнің құрбандарын ақтап алу үшін ғана емес, осындай қателіктерге жол бермеу үшін қажет.
Елбасы атап өткеніндей, «халқымыз осы қайғылы оқиғаларды есте сақтауға тиіс. Мұндай қасірет қайталанбас үшін оны болашақ ұрпақ білуі керек. Бүгінде біз құқықтық жаңа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған. Біздің елде саяси қудалауға орын жоқ. Біз эволюциялық даму жолын таңдадық».
Тоталитаризмнің зардаптарын жеңу арқылы біз екі маңызды міндетті – өзіміздің өткенімізді объективті тұрғыдан түсінеміз және болашақтың моделін жасаймыз.
Ең бастысы біз – еліміздің ешбір даму жолы, ешқандай жеңісі, ешқандай да кеудемсоқтығы адамның қайғысы мен шығыны арқылы келмеуі керектігін түсінуіміз қажет. Ешнәрсе де адам өмірінен жоғары бағаланбауы тиіс.
Марзият ТОХАЕВА,
Қазақстан халқының Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар