Зертханалық жолмен де анықталады

Зерттеудің бактериологиялық әдісі туберкулездің алғашқы белгілері пайда болғанда және осы ауру ушығып кеткенде диагнозды анықтау кезінде аса жоғары рөл атқарады.

Қазіргі жағдайда бактериологиялық зерттеудің туберкулез диагностикасында, химиялық терапияның ұтымды тәсілдерін таңдағанда және оның тиімділігін бағалағанда, сондай-ақ, инфекциялық үрдісті болжағанда маңызы зор. Басқа жұқпалы аурулар сияқты туберкулезбен күрес жұмыстары ауру қоздырғыштарының берілу жолдарына тосқауыл қойып, инфекция көздерін жоюға және эпидемиологиялық жағынан қауіпті науқастарды дер кезінде анықтап, оларға уақытында ем-дом жасауға бағытталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының заманауи бағдарламаларына сәйкес, дәрігерлерге жүгінген жөтелі бар науқастардан алынған зерттеу материалының микроскопиясы туберкулезді анықтаудың негізі болып табылады. Бұл әдіс науқастарды қараудың емханалық және клиникалық минимумына кіреді.Культуралық зерттеулер дегеніміз – диагностикалық материалдар себіндісін арнайы қоректік ортада (қатты және сұйық) жүргізу. Туберкулездің культуралық диагностикасы қазіргі уақытта үлкен өзгерістерге ұшырауда, бұл өзгерістер культуралау жүйесінің толық автоматтануының тәжірибеге енгізілуімен байланысты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, облыста туберкулезді молекулалық-генетикалық зерттеу енгізілді (қоздырушыны анықтау мерзімін екі сағатқа дейін қысқарту және микобактериялардың дәріге сезімталдығын тез анықта).
2017 жылы Ақмола облысы пилоттық аймақ етіп белгіленді. ЖИТС-пен, туберкулезбен және маляриямен күрес жөніндегі әлемдік қордың техникалық және қаржылық қолдауымен Gene-Xpert 7 аппараты сатып алынып, аудандардың медициналық ұйымдарында және Көкшетау қаласының қалалық емханасында орналастырылды.
Микроскопиялық, молекулалық-генетикалық, культуралық зерттеу әдістерін бір уақытта пайдалану диагнозды тез анықтауға, нәтижелерді дұрыс талдауға және емді уақытында бастауға мүмкіндік береді. Бұл клиникалық нәтижені арттыруға және терапияның пайдасын арттыруға септігін тигізеді.
Зәуреш МЫРЗАХМЕТОВА,
Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері клиникалық-бактериологиялық зертханасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар