Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні - АРҚА АЖАРЫ

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

одан қарқаралылық Қаралармен қатар Қарауылдар да зардап шекті

Тәуелсіздік жылдары ұлтына ерен еңбек сіңірген небір бұлбұлдарымыз бен дүлдүлдеріміздің есімдерін еліне қайтарып, тарихтың «ақтаңдақ» тұстарын ашуға талпыныс жасалды. 2006 жылы Алматының «Атамұра» корпорациясы баспасынан облыстың өзгерген жаңа аумағы бойынша қазақ тілінде «Қарағанды. Қарағанды облысы» атты энциклопедия жарыққа шықты. Ол бұдан 20 жыл бұрын жарияланған осы аттас кітапқа қарағанда мүлде жаңа сипатта еді. Кітап құрастырушылар құрамында болып, оның жаңа заман талабына сай мазмұнды шығуына, облыстың өткені мен бүгінгі жағдайын энциклопедиялық тұрғыда жан-жақты қамтуға үлес қосқанымды мақтан етемін. Әсіресе, халқымыздың өткен дәуірдегі тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі туралы деректерге зер салдық.

Мәселен, еліміздің энциклопедиялық басылымдары тәжірибесінде тұңғыш рет «Алашорда», «Алаш автономиясы», «Алаш партиясы» деген мақалалар беріп, Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың толық болмаса да тізімін (барлығы 260 адам) жарияладық. Бұрын белгілі себептермен атын атауға да болмайтын ұлт-азаттық қозғалыстар мен Кеңес дәуірі кезеңіндегі халықтық толқулар мен көтерілістер туралы мақалалар ұсындық. Атап айтқанда, 1916 жылғы патша жарлығына қарсы Айғыржал мен Қаражар түбіндегі ұрыстар, Кеңес өкіметінің өткен ғасырдың 30-жылдарындағы зорлық-зомбылық саясатына қарсы Абыралы, Боқты, Тоқырауын көтерілістері туралы, репрессия жылдарының тауқыметіне арналған «Балқаш ісі», «Қарағанды ісі» мақалалары жарық көрді. Атышулы Қарлаг, Степлаг, «АЛЖИР» қасіреті, Степлаг тұтқындарының бас көтеруі, күні кешегі Желтоқсан оқиғасы мен 1989 жылғы Қарағанды кеншілерінің ереуілдері ұмыт қалмады. Осылардың көпшілігі жеткілікті түрде зерттелмеген еді, архив құжаттары айналысқа түсе қоймаған кез болатын. Сондықтан, жергілікті баспасөзде, түрлі әдебиетте басылған материалдар пайдаланылды.
Кітапқа енген Қарқаралы ауданының Боқты тауы өңірінде 1931 жылдың ерте көктемінде бұрқ ете түскен көтеріліс туралы мақала ҰҚК облыстық департаменті архивінен алынған деректер негізінде жазылды. Оның алдында да өкіметтің байларды тәркілеу, орташалар мен кедейлерді еріксіз колхоздастыру мен негізсіз ауыр салықтары халықтың наразылығын тудырған. Сондықтан, көтерілістің басталу уақытын өлкетанушылар 1929 жылдан деп белгілеп отыр. Ал, 1931 жылы халықтың ашынуы қарулы қақтығысқа ұласады. Бұл кезде Қарқаралымен көршіліс Абыралы, Шұбартау, Шыңғыстау, Тоқырауын және басқа өңірлерде де ашынған халық қолдарына қару ұстап, қарсылық білдіруге мәжбүр болады. Көтерілісшілер өздеріне қажетті бірсыпыра қару-жарақ тауып алғанымен, көпшілігі сойыл, шоқпар, найза, балтамен қаруланған, бірен-саранында ғана шиті мылтық бар еді.
Көтерілісшілер Қарқаралы, Қу аудандарында халыққа қас Кеңес өкіметін құлатуды мақсат етеді, оны басқару Сәрікұлдары Әшкер мен Әбдіге жүктеледі. Олардың негізгі күші, штабы Боқты тауының Тасөткел деген өзенінің бойындағы Әшкер мен Әбдінің ауылдарында орналасып, бекінген. Негізгі қару-жарақ, азық-түлік таудың ішіндегі Астаужарық деген тас қорғанға шоғырландырылған. Осы арадағы тас үңгірге көтеріліс басшыларының отбасы мүшелері жеткізілген. Көтерілісшілер маңайдағы колхоздарды, «Скотовод» бөлімшесін, ондағы кооперативті, ауылдық кеңес орталықтарын басып алып, 14 нау-
рыз күні Әбді мен Мәкет Нұрсұлтанов бастаған құрамында 150 адамы бар жасақ Қу ауданының орталығы Егіндібұлақ ауылын алуға оқталады. Бірақ, 100-ден астам адамы бар жақсы қаруланған милиция отрядына кезігіп, шабуылға шықпайды.
Боқты көтерілісін басу үшін Семейден 22 солдаты, 2 пулеметі, гранаталары бар А.И. Чупиннің жазалаушы отряды жергілікті милицияға көмекке аттанады. Бейбіт халықтың наразылығын асқан айуандықпен басатын, айла-тәсілі мол әскерилер 24 наурыз күні Тасөткелге шабуыл жасап, оны қолға түсіреді. Сонан соң Астаужарықты алу үшін оған қарсы орналасқан Қызылтас деген қорғанға бекінеді. Осы жерден мергендері көтеріліс басшылары Әбдінің інісі Мұқаш, Исабаев Нұртай мен Жүсіп, Жабаев Мұқатайды атып өлтіреді. Бірақ, Әшкер бастаған топ берілмеген соң, жазалаушылар ауылдың әйелдерін, бала-шағаларын, қарттарды алдарына салып, шабуылға шығады. Алдында өз туыстары келе жатқандықтан көтерілісшілердің амалы құриды. Бейбіт жұртты жамылғы еткен жендеттер оларды қырып салады. Тірі қалғандары амалсыз беріледі. Тек көтеріліске тікелей басшылық жасаған 70 жастағы Әшкер мен Ыбырай деген баласы, Жақаманның Әміресі, Исабаев Әлденбек қашып үлгерген деседі. Олар Семей асып, одан Кемеревоға өтіп кеткен.
Қолға түскен 69 адам жауапқа тартылады. Көтеріліске белсене қатысқан 20 адам ату жазасына кесіледі. Олардың ішінде 73 жасар Сәрікұлы Әбді, оның баласы Қамза Сәріков, Нүкеш Әшкеров, ағайынды Ахмедия, Шәріп Санекиндер, Әбірел және Ыбырай Қалымбековтер, Сәттар Сәлменов, Уақас Жұматаев, Мәкет Нұрсұлтанов және тағы басқалары бар. 17 адам он жылға, 23 адам бес жылға, 9 адам үш жылға концлагерьге кесіледі. 58 адам үш жылға жер аударылған. Олардың ішінде көтеріліске тікелей қатыспаған, оларға көмек берді деген желеумен бай-кулактың тұқымдары да жазаланды. Бұдан басқа Тасөткел басында қызылдар талай адамды өлтіріп, тіпті көмбей кеткен. 4-5 жылдан соң ес жинағаннан кейін ел қырық шақты адамның сүйегін жинап, бір қабірге жерлеген екен. Жазалаушыларға еркімен берілген көтерілісшілерден 73 адам оққа ұшады. Көтеріліске тікелей қатысқан 42 адамның әйелдері балаларымен Егіндібұлаққа, одан Қарқаралыға, одан Балқашқа жер аударылған. Көпшілігі Балқашқа жетпей, жол бойы қырылып қалған. Сөйтіп, осы сойқаннан тұтас ауылдар, бірнеше әулет құрбан болып кеткен. Көтеріліс осылай аяусыз басып, жаншылды. Ұрпақтары тоз-тоз болып, «банды тұқымдары» атанған. Чупиннің баскесерлері мұнан кейін Абралы мен Шыңғыстауда бас көтерген қазақтарды қанға бояды.
Тек елімізде қайта құру деп аталатын кезең туғанда халық кекшілдеріне деген көзқарас өзгерді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының негізінде және 1990 жылғы 29 сәуірдегі Қарағанды облыстық прокуратурасының қаулысымен өзге де халық толқулары сияқты, 1931 жылғы Боқты оқиғасына байланысты сотталған, айыпталған азаматтар толық ақталды. Өздерінің құқықтарын қорғап, ақырып теңдік сұраған азаматтардың аттарын атап, түстерін түстеуге мүмкіндік туды. Облыстық, аудандық газеттерде ҰҚК қызметкері Ж.Алпысбаеваның, журналист С.Алпысұлының, өлкетанушы Ю.Поповтың зерттеу мақалалары, ауыл азаматтары Ә.Әбдіхалықовтың, С.Нығметжановтың естеліктері жарияланды. Қоғам белсендісі, Қарағанды медицина училищесінің бұрынғы директоры, тегіне тартып туған абзал азамат Аманжол Нұрбековтың мұрындық болуымен шейіт болғандардың бауырластар зиратын қоршап, жазықсыз жапа шеккен азаматтарға ескерткіш белгі орнату, құран оқытып, ас беру ісі қолға алынды.Олай дейтініміз, Аманжолдың әкесі Нұрбек Бөкеев көтеріліске қатысты деген күдікпен сырғытылады да Ақтоғайда шаруа балаларының мектебі «шекемеде» (ШКМ) бастық болып, талай қарадомалақтарды аштықтан арашалап қалады. Арнайы қор құрылып, оған осы өңірдің азаматтары белсене қатысты. Аманжол Нұрбеков пен Қырғыз селолық округіндегі шаруа қожалығының иесі Мұрат Талюкеновтің бастамасымен Боқты көтерілісі туралы әр жылдары жазылған мақалалардан жинақ шығарылды, оны әдеби өңдеп, құрастырған өлкетанушы журналист Төрехан Майбас.
Өткен жылдың маусым айының соңында Боқты тауының етегіндегі қасіретті Тасөткел шатқалында Боқты трагедиясы басталуының 90 жылдығына орай орнатылған ескерткіш тас салтанатты түрде ашылды. Кісі бойындай гранит тасқа кирилл және жаңа латын қазақ әріптерімен мынадай сөздер қашап жазылған: «1929-1931 жж. аралығында қазақ жерінде кеңес өкіметіне қарсы 370-тен асам халық наразылығы болған. Соның бірі және бірегейі Боқты көтерілісі. Кеңес өкіметінің солақай саясатына мойынсынбай «ақырып теңдік сұраған» батыр бабаларымыздың жатқан жері жайлы болсын. Белгі тас қоюшылар ұрпақтары. 2019 жыл».
Боқты көтерілісіне қатысушылардың әлеуметтік, ұлттық, тіпті рулық құрамдары да әртүрлі. Мұны шаруалар көтерілісі деуге келмейді. Тасшоқы басында өткізілген ғылыми конференцияға қатысушылар осыны шегелеп айтты. Өйткені, оған малдары тартып алынған кешегі байлар мен аш-құрсақ қалған шаруалар, қазақтармен қатар, кеңес өкіметінің шенеуніктерінен зардап шеккен орыс ұлтының өкілдері Пахомиков, Власов, Швецовтар да қатысқан.
Қарқаралы өңірінде негізінен Арғынның Қаракесек және Абыралы жақта Қамбар руы қоныстанғандықтан, көтеріліске қатысушылардың рулық құрамы Қаракесектің Қара, ішінара Жалықпас, Шаншар руларынан және Арғынның «жеті момын» аталатын рулар бірлестігіне кіретін Қарауыл руынан құралады.Тарихи құжаттарға қарасақ, Қарқаралы сыртқы округінің бірінші құрамында (1824 ж.) Қарауыл-қаракесек болыстығының сұлтаны Әбілғазы Бөкейханов, 1841 жылы Қарауыл-қамбар болыстығының старшыны Жапалақ Қошқаров болғандығы келтіріледі («Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің өткені мен бүгіні», Алматы, 2004 ж., 339, 343 бб). Тағы бір құжатта жеке Қарауыл болыстығы құрылып, оның құрамында
4 ауыл, 240 шаңырақ, 720 ер, 960 әйел болғандығы көрсетіледі (Қарағанды облысының топонимикалық картасы. Ақтоғай, Қарқаралы аудандарындағы елді мекендер мен жер-су атауларының тарихи негіздемесі, Қарағанды, 2006 ж., 34, 36 бб.). Сонда Қарқаралы өңіріне қарауылдар қашан және қалай келген деген сұрақ туады. Мұны айтып отырғанымыз, ертеректе болыстық аттары жергілікті тұрғындардың ру құрамына қарап қойылған және өткен ғасырдың 30- жылдарындағы кейбір көтерілістер де сол ру аттарымен аталып кеткен. Мысалы Қамбарлар (Абыралы), Қаралар (Боқты), Адайлар (Маңғыстау), Кәрсендер (Шет ауданы) көтерілісі және тағы басқалары.
Ұстаз Әкім Мусиннің «Жетім баладан – бір тайпа ел» (Қарауылдың бір тумасы жайындағы тарихи әңгіме, Астана, 2006 ж.) атты кітабында қарқаралылық қарауылдардың ауыз-екі сөзбен жеткізілген тарихы көркем тілмен баяндалған. Қысқаша айтқанда, Атбасарда «Қылды Қарауыл» аталатын бір атаның ішінде Жасқамыс дейтін адамнан Бөгембай, Мәнті деген жуас жігіттер болған. Бөгембайдың Құндызды деген бәйбішесінен Бөкенші есімді жалғыз ұл туыпты. Жаугершілік заманда Бөгембай өзінің серіктерімен көп мал мен адамды жаудан айырып алып қалады. Соның ішінде Құндызды да бар-ды. Жөн сұрағанда ол Қаракесек Шордың қызы болып шығады. Бөгембай осы қызға некелеседі. Жалғыз ұлы 13 жасқа шыққанда Құндызды дүние салады. Бұл автордың есебі бойынша 18-ғасырдың басында болған оқиға. Бөкенші (екінші аты Есенаман) өгей шешесіне өкпелеп, Қарқаралыдағы нағашыларын тауып алады. Осында ер жетеді, нағашысы Дәулет шордың Кенжебике деген қызына үйленеді. Ол өзінің шыққан тегін ұмытпай, өсіп-өніп, содан қарауылдан бір рулы ел тарайды.1916 жылы патша жарлығына сәйкес Кенттің болысы Әміре қазақтан майданға 500 жігітті, соның ішінде Қарауылдан 115 адамды тізімге енгізеді. Бұған барлық ел қарсы болып, уезд бастығы мен болысқа қарсы көтеріліс шығарады. Әкім Шентейұлы қарауылдықтар Боқты көтерілісіне қатысқан жоқ деп есептейді, бірақ, кейінгі жария-
ланымдардан олардың да зардап шеккендіктері анықталып отыр. Барлық халықпен бірге Бөкенші ұрпақтары да Ұлы Отан соғысы жылдарында жан аямай жауға қарсы шықты, Отанын қорғау жолында Қарқаралы Қарауылынан 246 азамат шейіт болды, деп жазады шежіреші ұстаз.
Жоғарыда айтқанымыздай, қызыл жендеттер көтеріліске қатысушыларды атып, айдап, тоз-тоз қылды. Кеңес өкіметі жылдары ұрпақтары шерменде болған бабаларының аттарын атауға да қорықты. Тек кейінгі жылдары ғана естеліктер жазып, тарих ақтаңдақтарын ашуға үлестерін қосуда. Көп жыл шаруашылықтар басқарған білікті маман, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Мұрат Мұздыбаев: «біз бұған дейін бандының тұқымы болып келдік, енді біз батырлардың ұрпағымыз», деп ағынан жарыла сөз арнады. Орынды-ақ. Ұрпақтары қызыл империя құрсауына қарсы тұрған тұлғаларды мақтан ету ләзім!
Облыстық газеттерде және арнайы шығарылған «Боқты көтерілісі» жинағында Әбіш бидің ұрпағы Дина Әбішеваның (Байкенова), арғы атасы болыс болған Мыңғыш Байдәулетовтың ұрпағы Галина Балбекованың, өлкетанушы Ерлан Мұстафин жазып алған Беломорканал құрылысына айдалған Қайдар Қысатаевтың және арғы түбі қарауыл Тілеужан Омарованың естеліктері көңіл аударарлық.
«Менің атам Мұсатай Көрпелдесұлы кәмпескеге ілігіп, Карелияға жер аударылыпты, сол жақта Беломор каналын салуға қатысыпты. Мен сол кісінің үлкен ұлы Төлештің қызымын, – деп әңгімеледі Тасөткелдегі жиында Тілеужан. –Әкем осы көтеріліске қатысып, 5 жылға айдалып кетіпті. Сол жақта әкесін тауып, Кара Кемерге (Кемерово) келеді. Екінші рет үйленеді. Балаларына зардабым тимесе екен деп әкесінің ба-
уыры Омардың атын текесімі етеді. Содан 1941 жылы өзі тіленіп соғысқа аттанады да бір айдан соң мен туыппын, сол жылдың аяғына қарай «хабарсыз кетті» деген қара қағаз келеді. Кейін туысқанымыз Смағұлдың Кәкімбайы бізді Қарағандыға көшіріп әкетті. Мен сол Қара Кемерде мединститутты тәмамдадым. Кейін Алматыға келіп, қызмет атқардым, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмын».
Мұсатайдың ұлдары Омаров Мұқан Қарағанды шахталарында кен шебері, учаске бастығы болып еңбек еткен көрінеді. Тағы бір ұлы құрылысшы Рымтай да Қарағандыда тұрады, үбірлі-шүбірлі. Қызы Рымбике Шахтинск қаласында жүріп жатыр, еңбек сіңірген мұғалім. Кіші ұлы Амантай қаржы қызметкері болған, әкесінің жолын қуып, ұлы Серғазы да қаржыгер атанған. Олар жапа шеккен бабаларының рухын асқақтатып, аттарын мәлім етуге бір кісідей атсалысты. Айтпақшы, жоғарыда айтылған қарқаралылық қарауылдардың шежіре кітабын мен осы Серғазының қолынан алдым. Мемлекеттік қызметкер халқымыздың өткен тарихын зерделеп, болашақ ұрпақты аталар мен бабалар рухына адалдық рухында тәрбиелеуде. Міне, Қарауыл руына жататын, Боқты көтерілісінің зардабын шеккен бір әулеттің тағдыры осындай. Ал, жазылмай қалған, сталиндік репрессия жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама тағдыр бар десеңізші…
Бұл енді өлкетанушылардың, шежірешілердің, жазушы-журналистердің, жалпы, бүгінгі өскелең ұрпақтың алдағы міндеттері. Елбасының бастамасымен жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осыған үндейді. Ата-бабаларымыздың қилы-қилы тарихын қалпына келтіре берейік.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Қарағанды облысы.

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті үшін арнайы жазылды).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар