Блок бекет тәртіпке жүгіндіреді

Ақмола облысында да коронавирусқа қарсы төтенше жағдай жариялануына байланысты Шортанды ауданы аумағында 4 бақылау бекет қойылған болатын. Бүгінгі күні оның үшеуі ашылды.

Тек қана Нұр-Сұлтан қаласына баратын автобан бойында орналасқан Бозайғыр ауылы тұсындағы бақылау бекеті жұмыс істеуде.
Бұл бекет арқылы аудан тұрғындары астанаға қатынайды. Бір тәуліктің ішінде аталмыш бекеттен көптеген көлік өтеді. Көліктер қозғалысына шектеу қойылған. Кірген-шыққан көліктер мен азаматтар тіркеуге алынады. Десе де, Нұр-Сұлтан қаласына келіп кетушілер қарасы көп. Оны осы бекетте тұрған полиция қызметкерлері де растайды.
–Жолаушылардың көбі өз жұмысымен келеді. Біз әрбір кіріп-шыққан көліктер мен азаматтарды тіркеуге аламыз. Індет ошағы деп танылған жерлерден келгендерді қатаң тексеруден өткіземіз. Тепловизормен дене қызуын тексереміз. Тұрғындарға түсіністік танытып, аса қажеттілік туындамаса үйінде болуын өтінеміз. Біздің міндетіміз адамдардың денсаулығын қорғау, індеттің таралмауын қамтамасыз ету,– дейді Әсет Бекетов бізбен әңгімесінде.
Аталмыш бақылау бекетінде полиция қызметкерлері, арнайы әскери қызметке шақырылған бөлімінің сарбаздары және аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмыс атқаруда. Әрбір қызметкер жұқпалы індетке қарсы арнайы медициналық киіммен, бетпердемен, қолғаптармен және көзәйнектермен қамтамасыз етілген. Оларға ыстық тамақ жеткізіліп тұрады. Дәрігерлік тексеру де ұйымдастырылған. Қызметкерлер үш ауысыммен жұмыс істейді. Аталмыш бақылау бекетінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, пошта тәрізді аса қажетті тауарларды тасымалдайтын көліктер төтенше жағдай шартына сәйкес «жасыл дәліз» арқылы өтеді. Сондай-ақ, көктемгі егіс жұмысы басталуына орай, ауыл шаруашылығы техникалары мен жұмысшылар, арнайы рұқсаты бар өзге де жергілікті жеке кәсіпкерлердің жүріп-тұруына рұқсат етілген. Бүгінгі күні елімізде карантиннің жеңілдетілуіне байланысты Көкшетау қаласы бағытындағы Мықтыкөл ауылы, Шортанды кентінен Раевка, Пригородный ауылдық округтеріне шыға берістегі бақылау бекеттері алынып тасталды.

Мәдет ӨМІРБЕК.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар