Санитарлық талаптарды сақтамағандар жауапқа тартылуда

Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте коронавирус індеті бойынша аймақтағы эпидемиологиялық жағдай жөнінде ақпарат берді.

Өткен аптада, яғни мамырдың 21-і мен 27-сі аралығында облыста 14 оқиға тіркелді, күнделікті өсу көрсеткіші қазір 1,4 пайызды құрап отыр. Бұл апталық жалпы көрсеткіш, бірақ 21 мамыр күні Целиноград ауданында бірден 6 оқиға тіркеліп, бір күндік көрсеткіш 5,2 пайызға көтерілді, ал, 27 мамырда Аршалыда тіркелген оқиғалар өсу көрсеткішін 14,2 пайызға дейін арттырып жіберді. Жалпы, Целиноград ауданында тіркелген 10 оқиға Талапкер, Қосшы, Қоянды, Ақмол ауылдарынан болса, Аршалыда тіркелген оқиғалар Жібек жолы, Жалтыркөл елді мекендерінен анықталды. Егер індеттің өсу көрсеткішінде алдағы апталарда тұрақтылық сақталмай, 7 пайыздан асып кете берсе, карантин режимі басқа облыстардағыдай қайта қатаңдатыла түседі.
– Індеттің анықталу оқиғаларының өсуі адамдарды жаппай ПТР скринингтерден өткізумен тікелей байланысты. Оған қоса төтенше жағдай алынып, карантин талаптары жеңілдетілген соң, халықтың жүріп-тұруы жиіледі. Адамдарға талаптарға бағынуды қаншалықты түсіндіріп жатсақ та, бір-біріне қонаққа бару дегенді қоймайды.
Облыс бойынша құрылған 19 мобильді топ халық арасында және шағын, орта бизнес субъектілері, өнеркәсіп орындарына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша ережелермен таныстырып, бас санитарлық дәрігердің қаулыларын түсіндіруде.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, сауда орындарындағы азық-түлік тауарларын сататын дүңгіршектердің көбінің іші өте тар, белгіленген арақашықтықты сақтау мүмкін емес. Сатушылар өздері санитарлық талаптарды сақтағанымен, келушілер маскасыз кіріп-шығып жататындығын айтады. Сонымен бірге, сән салондары мен шаштараздарда келушілер маскасыз, шеберлер қолғапсыз, санитарлық талаптарға бағынбай жүрген жағдайлар тіркеліпті. Оларға тиісті әкімшілік айыппұлдар салына бастады. Карантин кезінде санитарлық талаптарды сақтамаған сауда саласындағы шағын, орта, ірі бизнес өкілдері 100 АЕК-тен бастап, 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлейтін болады. Қазіргі уақытта мобильді топтар туризм саласы бойынша демалыс орындары мен санаторийлерде карантин тәртібін сақтау барысына тексеріс жүргізуді бастады.
Департамент басшысы сөзінің соңында тағы бір мәрте халықты карантин тәртіптері мен санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Қазір көңіл аудармай, бей-жай жүре беретін болсақ, ертең келуі мүмкін екінші толқынды еңсеру қиынға соғатынын ескертті. Шынымен де, көп адамдар маска тағып, антисептик құралдарын пайдалануды қойды. Бірақ, кез-келген адам сақтануы керек. Арақашықтықты сақтау мәселесі де бекер айтылып жүрген жоқ.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар