Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкейкесті - АРҚА АЖАРЫ

Көкейкесті

Шортанды мен Айнакөл араша сұрайды!

Жер жәннаты – Бурабайдың көркем полотносының мөлдір, шуақты ажар сәулесі толықсып жатқан күміс көлдер. Жылдар өте адамзаттың немкетті көзқарасының салдарынан күміс көлдер тартылып, әсіресе, Шортанды мен Айнакөлдің су қоры азайып келеді. Қайталанбас хас сұлулықты сақтап қалу үшін мемлекеттік деңгейдегі қамқорлық керек-ақ.

Көкшетау – омырауына сексен көлден сексен алқа таққан сулы, нулы өлке. Сексен метафорасы дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің аузымен айтылған соң, сондай ұғым да қалыптасқан. Әйтпесе, Көкшенің көлі көп-ақ! Сонау 1959 жылы шыққан «Тың аймағындағы жер үсті су қорлары» деген жинақта Көкшетау аймағында үлкенді-кішілі 1515 көл болғандығы жазылады. Бұл көлдердің 1320-сы суы тұщы көл болған екен. Қазіргі күні осы көлдердің қаншасы қалғандығын ешкім білмейді. Салалап бөліп қарасаңыз, жазық далалық және таулы-қыратты жерлердің көлдері болып екіге бөлуге болар еді. Даладағы көлдердің негізінен суы тайыз. Көлге құятын ағын жоқ. Сондықтан, аса бір құрғақшылық жылдары дала көлдерінің тартылып қалатыны бар. Бұл көлдердің қара қарғаның миы қайнайтын шілденің ыстығында суының буға айналып, ұшып кету мөлшері бір жылдық жиналған судың 70-80 пайызына жетеді екен. Ал, екінші топтағы таулы-қыратты жерлердің көлдері әдетте дала көлдеріне қарағанда біршама терең, суы мөлдір әрі тұщы болады. Міне, осындай көлдердің санатына Бурабай баурайындағы әлмисақтан ел игілігіне жарап келе жатқан көлдерді жатқызғанымыз жөн. Өкінішке орай, Бурабайға барған жан жағасына соқпай кетпейтін Әулиекөл мен Айнакөл соңғы жылдары тартылып, суы азайып келеді.
Айнакөлдің де әсірелеп айтқанға, толқындары қосыларға шақ қалып қанаттас жатқан Шортанды көлінің де жағдайы мәз емес. Сонау 1960 жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, Шортанды көлінің деңгейі жеті метрдей төмен түскен. Алғашқы жағалаудан 700-800 метрге дейін қашықтаған. Өткен ғасырдың басында Бурабайдың бұла, таза кезінде осы өңірге ат ізін салған белгілі саяхатшы В.Семеновтың еңбегінде Шортанды көлінің ұзындығы 7 верст, ені 5 верст, тереңдігі екі аршын болғандығын және балыққа өте бай екендігін атап көрсеткен болатын. Егер көне өлшемді қазіргі ұғымға аударсақ, 1 верст – 1,0668 шақырымды құрайды. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Сол кездегі көлемі қандай, қазіргісі ше? Демек, жылдан-жылға суы азайып, әуелгі қалыптан кішірейіп келе жатыр.
Ғалымдардың пайымдауына қарағанда, көлдердің әу бастағы деңгейін сақтауына ықпал ететін табиғи шарттар болады екен. Ең бастысы, көл аңғарындағы су қорының бу болып ұшып кететін, пайдалануға жұмсалатын мөлшері көлге қосылатын су көздерінің ағын мөлшерімен тепе-тең болуы шарт екен. Көл қабағы кемімес үшін ағын су жинайтын ауқым да барынша үлкен болуы керек.
Бурабай көлдерінің бір ерекшелігі, қар және жаңбыр суымен қоректенетіндігінде. Бірақ, жыл сайын неге кеміп барады? Біздің пайымдауымызша, көл жағалауына салынған демалыс аймақтары мен қаптаған коттедждердің кері әсері. Жағалауды су өтпес түгіл, дым өтпестей қылып буып тастағаннан кейін тау етегінен сыздақтап аққан қар суы көлге жетпей өзекшелерге, сай-салаға бұрылып кетеді. Адамдардың алды-артын ойламаған шаруасы көл суының құрдымға кетуіне әкеп соқтыруда. Рас, бұл көлдер жерасты сулары арқылы толығады дейтін де пікір бар. Әрине, Бурабай баурайында бағзы замандағыдай болмағанымен, бірер бұлақтың бар екендігі де шындық. Дегенмен біздің пайымдауымызша, көлдердің жер асты арқылы байланысып жатуы, бірінің суына бірі қосылуы қисынға келе қоймайды. Олай болатындығы, бұл көлдер бір-бірінен әртүрлі қашықтықта, әртүрлі деңгейде орналасқан. Қазір тек қар мен жаңбыр сулары ғана қоректендіріп тұр. Оның өзіне қым-қиғаш салынған асфальт жолдар мен бөгеттер кері әсерін тигізуде.
Бұл аумақтағы айрықша әсем, таза көл – Әулиекөл. Тананың көзіндей толықсып жатқан су айдынын Бурабай көлі деп те атайды. Бұл көлдің де су қоры кеміп бара жатыр. Басты себебі, көл табанындағы шөгінділер. Шөгінді айдын көлдің оңтүстік жақ бөлігінде қалың қабат құраған. Бір заманда Әулиекөлдің жағалауында су өсімдіктері ересен қалың өсті. Кейін осы өсімдіктер шіріп, көл табанына шөге бастады. Табиғаттың айдай әсем ажарына кіреуке түспей тұрған ертерек уақытта Иманай мен Сарыбұлақ ағындылары арқылы көл суы жылдан-жылға молайып отырса, кейін бұл өзендер тартылып, көлге құюын тоқтатты. Көл суының тартылуының бір себебі осы. Демек, көлді сақтап қалу үшін қос өзеннің аңғарын тазартып, қар, жаңбыр суы көлге жететіндей жағдай жасауымыз керек. Ол үшін ғылыми сараптама жасалса, тіпті оң.
Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Көкшетаудың көп көлі адам айтқысыз кесапатты көп көрді. Су жиналатын аумақтар бас-көзсіз жыртылып тасталды. Табиғаттың өзі икемдеп отырған су ағындарының жолдары бұзылды. Міне, осының барлығы күміс көлдердің табанын тайыздандырып, кейбіреуін құрғатып та жіберді. Соның залалын қазір Бурабай баурайындағы көлдер де көріп жатыр. Енді не істеу керек? Бурабай аумағындағы көлдерді табиғи қалпына келтіру үшін жан-жақты, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген ләзім. Ең алдымен барлық кедергілер мен көл суының азаюына себеп болып жатқан көлеңкелі жайлар анықталған соң, ең болмағанда 1960 жылдардың басындағы деңгейге жеткізудің жобасы жасалғаны дұрыс. Бұған дейін де Бурабай аумағындағы көлдерді тазалау туралы талай жоба жасалды. Тіпті, тендерді Германияның фирмасы да жеңіп алған сәт болды. Бірақ, қаншама маңызды шаралар аяқсыз қалды.
Алдағы уақытта осы іске бел буып, құлшына кіріскен құрылымдар ең алдымен көкейкесті мәселеге жан-жақты ғылыми тұрғыда келгені ләзім. Қиын түйінді шешудің кешенді жобалары әзірленсе дейміз. Әрбір көлдің суды жинақтайтын мүмкіндігі екшелсе, тазарту және басқа да жұмыстарды қалай жүргізу керектігі таразы басына тартылған соң барып қолға алынса.
Келер ұрпаққа Бурабайдың бағалы бейнесін сол қалпында қалдыру үшін дәл осындай маңызды шаруаларды қолға алу керек болып тұр. Көл тағдыры көкейде жүргені дұрыс қой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар