Енді сол зұлматтар қайталанбасын!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуін оқып, танысып шықтым да, ой үстінде қалдым.

Расында да адамзат тарихында бірде-бір мемлекет өз халқына дәл Кеңес Одағындай зұлымдық жасамаған болар. Президентіміз өз үндеуінде «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең» екендігін айта отырып, біздің еліміз бойынша ғана 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылғандығын және де Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгенін, зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылғандығын атап көрсетіпті. Сол қиын да қасіретті кезеңде біздің халқымыз кез келген ұлттың баласын бауырына басты. Өздері жарымай отырса да, құрт-майымен, бауырсағымен бөлісті, төріне отырғызды. Қазақтардың сол мәрттігі, сол адалдықтары, сол дархандықтары, Адамзат тарихының алтын беттеріне алтын әріптермен жазылғаны да абзал болар еді. Елордада өткен бір жиында «Егер де әлем бойынша адал да төзімді бір халыққа Нобель сыйлығы берілетін болса, оған тек менің қазақ деген халқым ғана лайықты» деп айтқан да болатынмын!
Шүкір, тәуба дейміз! «Кең болсаң кем болмайсың» деген ата-баба көңіл-ниетімен өмір сүре жүріп, Тәуелсіз ел болдық! Тағы да сол кеңдігімізге бағып, Қазақстанды мекен-деп отырған барлық диаспораға жағдай жасап отырмыз. Елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, соны бәрінен де биік қоямыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде былай дейді: «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық!».
Мемлекет басшысының үндеуінде «Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі» деген жолдар бар. Және де Президентіміздің «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым» деп отырғандығы осы мәселені толық жеріне жеткізуді мақсат еткені де болар деп ойлаймыз. Қазақ халқының қасіретті кезеңінің әлі де ақтаңдақ беттері көп. Әлі күнге дейін кәмпеске, яғни, қазақ байлары мен ауқаттыларын кәмпескелеу тарихы толық зерттелген жоқ. Аштық осы кәмпескелеуден басталғаны анық.
«Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеу сөзінде айтылған қағиданы әрдайым жадымызда ұстау арқылы келер күндеріміз бен келер ұрпағымызды заңсыздықпен жасалған сүргіндерден аман сақтап тұрарымыз бар. Саяси қуғын-сүргіннің қасіретті зардабын тартқан ұрпақпыз біз де! Енді сол зұлматтар қайталанбасын! Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау арқылы өркендеуге жазсын!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
(«Егемен Қазақстан» газеті.
2 маусым 2020 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар