Сақтансаң, от пен судан сақтан

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Алексей Советов суға шомылу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтып берді.

Судан адамдарды құтқаруға аталмыш департаменттің 61 кәсіби құтқарушысы, 4 құтқару бөлімшесі және Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде су астынан құтқаратын бөлім дайын отыр. Олардың техникасы мен жүзу құралдары, су асты қондырғысы мен жабдықтары қолдануға дайын.
Биылғы жылы 200 бала малтуға үйреніпті.
– Өткен демалыс күні Бурабай көлінде құтқарушылар 3 адамды құтқарды. Олар катамаранның техникалық ақауынан жағалауға жүзіп келе алмаған. Суда адам өліміне жол бермеу мақсатында департамент әкімдіктермен бірге кешенді алдын алу шараларын жасауда. Облыс әкімі биылғы жылдың 13 сәуірінде «Суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жөніндегі» қаулысын бекітті. Облыстағы төтенше жағдай бойынша комиссияның екі отырысы болды. Мұндай отырыстар барлық қала мен аудандарда өткізілді. Бүгінгі күні облыс бойынша полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен бірге 742 рейд пен патрульдеу жүргізілді. Осының нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 115 адам тартылды. Атбасар, Зеренді мен Есіл аудандарында 3 коммуналдық суға түсетін орын ашылды. Облыстың су айдындарында 135 құтқарушысы бар 41 маусымдық құтқару бекеттері құрылды. Суда адам өлімінің алдын алу аясында БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы үгіт-насихат жұмысы жүргізіледі. Өзен мен көлдер жағалауына «Шомылуға болмайды» деген 470 белгі орнатылды. Қолданған барлық алдын алу шараларына қарамастан, бүгінгі күні 6 адам суға кетті. Оның екеуі балық ауласа, төртеуі жабдықталмаған орында суға шомылған. Кейбір адамдар суда қауіпсіздік ережесін сақтамайды, қолданыстағы карантиндік шектеуге атүсті қарайды. Осы салғырттықтың салдарынан адам өлімі орын алуда, – деген Алексей Советов суда өзін-өзі ұстау ережесін ескертті. Бұдан кейін ол өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтты. 2020 жылдың 5 айында Ақмола облысы аумағында 298 өрт болып, 12 адам өмірімен қоштасты. 230 өрт тұрғын үй секторында болды. Өрт қаупі бар маусым басталғаннан бері облыста 6,91 гектар алқапта 7 орман өрті тіркелді, 94,23 гектар жерде 20 рет құрғақ шөп жанды. Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 65 пайызға азайды.
– Өртке қарсы талаптарды орындамағаны үшін 12 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың сегізіне ескерту жасалды, төртеуі айыппұл төледі. Департамент өрт қаупі бар маусым кезінде ғарыштық мониторингтің қызмет көрсетуіне келісім-шарт жасады. Өрт қаупі бар мезгілге Ақкөл, Зеренді, Бурабай аудандарында «Казавиалесоохрана» акционерлік қоғамының 3 авиатобы дайындалған. Олар Зеренді, Сандықтау, Бурабай, Бұланды, Ақкөл аудандары аумағындағы орманды алқапқа авиапатрульдеу жүргізеді. Әуеден бақылау және өзге де құтқару жұмысын жүргізу үшін Көкшетау әуежайында «Казавиаспас» акционерлік қоғамының МИ-26 тікұшағы жұмылдырылған. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, жергілікті полиция қызметі мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы мен аңдар әлемі инс-пекциясы қызметкерлері сапынан бірлескен жедел топтар құрылып, облыс аумағында өрт қаупі бар мезгілде өрт қауіпсіздігі ережесінің нормаларын сақтау үшін азаматтардың қала сыртындағы демалыс орындарына, орман мен далаға рейдтік шаралар жүргізіледі. Биылғы жылы департаменттің қызметшілері өрт қауіпсіздігінің айлығын өткізді. Жыл басынан бері 77156 аула араланып, 188 мың адам қамтылды. 482 кездесу мен жиналыс өткізілді. Әлеуметтік тәуекел топтары тұратын орындарға 4724 рейд жүргізілді. 2016-2020 жылдары облыс аумағын дамыту бағдарламасына 28 өрт бекетін ашу енгізілген. Бүгінгі күні бұл бағдарлама аясында 26 бекет және жоспардан тыс 3 бекет құрылды. Биылғы жылы тағы да екі бекет ашылады, – деген департамент бастығы білім беру ұйымдарында және БАҚ арқылы жүргізілген алдын алу шараларына тоқталды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар