Облыста коронавирустен қаза тапқандардың саны алты адамға жетті

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыста коронавируске шалдыққан науқастардың жағдайы туралы ақпарат берді.

Маусымның 15-іне дейінгі жағдай бойынша облысымызда 195 адамда қауіпті індет лабороториялық расталып отыр. Брифингте сөз алған басқарма басшысы астанаға іргелес елді мекендерімізбен қатар, Көкшетауда да COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар саны күрт артып отырғанын мәлімдеді.

–Коронавирустен алты адам көз жұмды. Екі дерек 14 маусым күні орын алды. Қайтыс болған науқастардың екеуі де облыс орталығының тұрғындары. 1952 жылғы әйел адам мен 1977 жылы туған ер адам. Соңғысы Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының провизорлық бөлімшесінде жатып, коронавирус диагнозы расталғаннан кейін облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған еді. Ол жерге түскенде жағдайы өте ауыр болатын. Өкінішке орай, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады.  Марқұмдардың жерлеу рәсімі COVID-19 вирусынан қайтыс болған адамдарды жерлеу алгоритміне сәйкес қауіпсіздік сақтала отырып жүргізілді, – деген Сүлен Жеңісұлы екі жағдайға да себеп коронавирус індеті екенін айтты. Науқастарда екі жақты пневмония өте ауыр жағдайда өткен.

Басқарма басшысы қазіргі таңда біраз адамнан коронавируске сынама алынғанын, сараптама нәтижелері бүгін дайын болатынын жеткізді. Оның айтуынша, індет жұқтырғандардың көбі астанадан келген туысқандарымен байланыста болғандар. Бекітілген санитарлық-эпидемилогиялық талаптардың сақталмауы, тұрғындардың той тойлап, өздерінің және жақындарының денсаулығына салғырт қарауы  өңірімізде пандемияның дендеп кетуіне себепші болып отыр. Брифинг барысында Сүлен Ілиясов азаматтарымызды санитарлық талаптарды барынша сақтауға шақырды.  Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар