Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайдың ғасыр тойында Ақмола облысы абырой арқалаған еді - АРҚА АЖАРЫ

Абайдың ғасыр тойында Ақмола облысы абырой арқалаған еді

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейлі тойы қарсаңында, 1945 жылғы қоңыр күзде Алматы шаhарында өткізілген ғасырлық мерейтойы жайында сөз қозғасақ, өткен тарихымыздың бір бетін ашқандай боларымыз айқын.

Төрт жылға созылған қанды соғыста майысса да сынбаған, адами қасиетін шарболаттай шыңдаған, Кеңес үкіметі халқының Ұлы Жеңіс күндеріндегі көтеріңкі көңілі Абай хакімнің 100 жылдық мерейтойына ұласуы қазақ жұртшылығы үшін қуанышты мереке болғаны анық.
Көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым 1944 жылдың қазан-қараша айларында жеңіс күнінің алшақта еместігін сезгендей екен. Бұл тұжырымға дәлел ретінде айтсақ, Қарағанды облысы көлемінің танымал ақындары Ақмола өңірінің сөз майталмандарына:
Қайдасың Ақмоланың ақындары?
Германның құрыр күні жақындады,
Қосылып жеңіс жырын шырқатайық,
Десін жұрт ақындары мақұлдады,–
деп сәлем жолдайды. Басшысы Мұхит ақын, Жамбыл атамыздың шәкірті Доскей қарт болып қол қойған 16 ақын жолдамасын облыс басшылары Қима ауданы Кіндікті елді мекенінде (Сталин атындағы колхоз) тұратын халық ақыны Рақым Байқошқаров ақсақалға жібереді. Қараша айының соңына қарай Қарағандыға арнайы сапар шеккен Рақаң Доскей қартқа жолығып, мынандай жауап айттым дейтін:
Көп екен, сапаң қандай, сандарыңыз?
Жазылған осынау хаттан аңғарыңыз,
Ақыны Ақмоланың Байқошқаров
Дейтұғын бізді де жұрт саңлағымыз.
Содан келер жылы Абай Құнанбаев атамыздың ғасырлық мерейтойына Ақмола облысынан елордамыз Алматыға 5 адамдық делегация аттанады. Әкем Нұржан Мұқанұлының өкіл әкесі (өз әкесі) Мұқан, ол баласы Нұржанның 9 айлық шағында ұзақ аурудан бақилық болған соң шеше етегін ұстаған 5 жасар сәби Рақым Байқошқаровтың тегіне жазылып, бауырында өскен. Ақын атамның айтуынша, делегацияда Мариям Егорқызы, Рақым, қателеспесем Есенқабыл есімді 55 жасар балуан, төртінші адамның есімі бізге белгісіз, делегацияны басқарып, облыстық комсомол комитетінің басшысы барған. Мерейтой басталардан күнілгері құрылған Ақмола облысының киіз үй ордасында Алматыда қызмет істеп жүрген жерлестер саны қара-құрым көп болыпты. Мерейтой ашылған күні Үкімет комиссиясы ордаларды жағалап, сән-салтын, тойға даярлығын тексерсе керек. Он шақты игі жақсылардан құрылған комиссия құрамында жазушы Сәбит Мұқанов, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов жеті жасар баласымен жүрген көрінеді.
Сол жолы түсірілген фотосурет біздің үйде (әкемнің үйінде) болып еді, кейіннен (1970 жылдары) жоғалтып алдық. Анығырақ айтсақ, фотосуретті өңдеп, үлкейтуге берген адам қолды қылған.
Көше болып тігілген киіз үйлерді жағалаған комиссия мүшелері бізге жеткенінше түс әлеті тақап қалған еді,–дейтін атам. –Байқағаным, балуан атамыз Қажымұқанның сұрайтыны ақындарың, балуандарың бар ма? Есік жанында домбыра ұстап тұрған мен амандасып болған соң, облыс жетістігін жырлай келе, ел тұрғындары негізінен, Арғын бабадан тарайтынын, өзімнің Тарақты руынан екендігімді жеткізгенде, балуан ата комиссия құрамына «Жігіттер мен күнұзақ жүріп шаршадым, осы ордада қалып дем алайын. Тарақты руынан шыққан Байғазы батыр нағашы жұртым болатын», – дегенде Сәбит Мұқанов әлемге әйгілі балуан Ақмола облысының тілеуін тілегендей болды ғой, жобасы осылар жүлделі орынға иегер болар дегені есімде.
Дуалы ауыз балуан атамыз айтқандай, республикалық ақындар айтысында Рақым Байқошқаров жүлделі екінші орынды иеленіп, 55 жастағы Есенғабыл балуан (жаңылмасам руы Керей) түйе балуан белдесуінде бас жүлдегер болған екен. Жалпы, Ақмола облысы екінші орынға тұрақтапты.
Түйе балуан күресіне жолдама алған Есенғабылдың қарсыласы «Алматы» совхозының бригадирі, толық денелі ірі жас жігіт екен. Боз кілемге шығуға даярланып жатқан Есекеңе біреулер «ана жігіт оң аяғын шалған сәтте қарсыласын босатпай жығатын, байқаңыз» десе, балуан «55 жас мінез танытып кетпесе, шалғанның да есебі табылар» деп күрес алаңына мәсімен шығады. Ақсақал «көк шөпте мәсіңіз тайғанап, қапы кетерсіз дегендерге, шал болғанда сидаңдап жалаң аяқ жүргенім ұятты» деп көнбеді. Шамалы аңдысып жүргеннен кейін белбеуге қолы іліккен жас балуан аяқтан шалып, Есекеңді еңсеріп барады. Қалай болар екен деген біздер иіліп бара жатқан балуанымыздың тілеуін іштей тілеп отырмыз. Бір мезгілде құлаған балуандар жердің шаңын бұрқ еткізді. Анықтап қарасақ шалымыз, жас жігіттен әдісін асырған екен. Денесі ауыр балуан жығып бара жатқанда, талайды көрген Есенғабыл бұлт етіп шығып кетіп, үстінен басқан екен. Қара күшке төтеп берер айла-тәсіл керек екенін осы жолы көрдім» дейтін атамыз.
Республикалық айтысқа қатысқанда Рақым атамыз 62 жаста болатын. Сол сапардан келген соң, «Пайғамбар жасына жеттім», деп домбыраны қабырғаға іліп, өлеңді тоқтатқан екен.
Рақым атам, әжем, әке-шешеміз бір шаңырақ астында тұрсақ та, ұлдың үлкені мен ата баласы болып есептелдім де, бүгінге дейін әкем Нұржанды аға деуші едім. Рақым атам 1956 жылы 4 мамырда 73 мүшел жасын толтырып, дүниеден өтті. Артында қалған қолжазба мұраларына ие бола алмадық. Жарықтық арабша жазғандықтан, оқуға шамамыз жетпеді. Жылдық асы берілген 1957 жылы Тұрсынбек Кәкішев ағай арнайы Кіндіктіге келіп, сұраған соң, қолхат алып әкем қолына ұстатқан еді, ешқандай хабар ошарсыз қалдық.
Зияда Нұржанұлы,
халық ақынының өкіл ұлы,
Жақсы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар