Сүрбойдақтарда сылтау көп…

Соңғы кезде қазақ жігіттерінің арасында сүрбойдақ «синдромына» шалдыққандар көп. Қашан үйленесіз деген сұраққа үрке қарайтындардың біршамасы әлеуметтік мәселені алға тартады.

Қалай дегенмен де, сол сүрбойдақтардың араларында төрт құбыласы тең, бақуатты жігіттер де бар емес пе. Олардың үйленбеуіне не себеп? Өздерін сөзге тарта қалсаңыз болғаны, бәрі бірауыздан «Осындай өмірге әбден дағдыла­нып қалдым. Тіпті өмірімді басқаша елестете де алмаймын» дегенді алға тартады. Бұл да болса, жаһандану заманының бір кеселі ме, кім білсін. Бұрын біз «әке шаңырағында отырған қыздар көп» деп байбалам салып келсек, енді олардың қатарына сүрбойдақ жігіттеріміз де қосылды.
Ана бір жылдары «азаматтық неке» дегенді естігенімізде жатырқай қарағанбыз. Бүгінде бұл мәселеге де көз үйренді. Осы азаматтық неке деген пайда болғаннан бері жастардың үйленуге құлқы мүлдем азайды десек, асыра айтпағанымыз. Бұл екі жасқа ешқандай ресми өзара жауапкершілікті жүктемейтіні өз алдына, мұндай некенің болашағы да бұлыңғыр. Қысқасы, болашақ та, бала да жоқ. Қорқынышты құбылыс…
Біздің қоғам қыздарды кінәлауға үйреніп алған. Қазіргі қыздар жігіттердің әлеуметтік жағдайына көп мән береді деген пікірді жиі естіп жүргенімізді жоққа шығаруға болмайды. Ал, бірақ, жігіттерді де қыздардың сол әлгінде біз тілге тиек еткен әлеуметтік мәселесі қызықтырмай қоймайды екен. Қазіргі жігіттердің өздері қыздардың білімді, жан-жақты дамығанын, бір сөзбен айтқанда, заманауи болғанын қалап тұрады. «Дайын асқа…» бәрі құмар. Жасырары жоқ, жағдайы келіскен қызға кім қызықпайды? Бірақ, әлеуметтік жағдайын жасап алған қыздар тұрмыс құрғысы келе ме? Мәселе сонда. Негізінде қыздың жағдайын болашақ жары жасауы керек. Әйтпеген күнде әйелдің қолында билік болса, ол үйде береке бола қоймайтын да болар.
Статистикалық мәліметтерге зер салатын болсақ, елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы қыз бен жігіт 4 миллион 600 мыңның үстінде екен. Оның 2 миллион 600 мыңы – қала, ал, 2 миллионға жуығы – ауыл жастары. Қазіргі таңда Ақмола облысында 149 133 жас бар. Бұл облыстағы жалпы халық санының 22 пайызын құрайды. Олардың арасында қоғамдық өмірге өз үлесін қосып, белсенділік танытатын жастар саны – 86 мыңнан астам адам. Ауылдық жастар үлесі 55 пайызға жуық.
Қыздар жағы, орта есеппен, 24 жасында тұрмыс құрса, ұлдар 27-28 жаста үйленеді. Бірақ, жастардың бәрі дерлік осы кезде шаңырақ көтеріп кетпейді. Сүрбойдақтардың арасында қырық, елу мен алпысты еңсергендер, жетпіске жетіп жығылғандар баршылық. Бұл соңғы уақытта Қазақстанды ғана емес, әлемді жайлаған басты проблеманың бірі болып барады.
–Жасырары жоқ, соңғы кезде елімізде отау құрғандардан гөрі ажырасқандардың саны басым. Осындайда бүгін шаңырақ көтеріп, ертең оның шайқалып кетпеуіне кім кепілдік бере алады деген ойға қаласың. Заман өзгерген, қоғам құбылмалы. Яғни, бүгін жасаған кәсібің баянды болмауы да мүмкін. Көп адам өз болашағына бұлыңғыр, сенімсіздікпен қарайды. Жігіттердің басым көпшілігі жағдайымызды жасаймыз деп жүріп, сүрбойдақ атанып кетеді. Менде де сондай жағдай. Көп балалы отбасында өстік. Қыздарға қалтаңның қалың болғаны маңызды. Өз басым жас қыздарға онша сене бермеймін. Себебі, олардың отбасын құруға дайындықтары жоқ. Ал, жағдай жасағанша өзім қатарластар отбасын құрып, үйлі-баранды болып кетті», – дейді жасы 32-ден асқан Степногорск қаласының тұрғыны Мақсат Елебекұлы.
Елімізде 30-дан асқан бойдақтардың санының артуына психологтар да алаңдаулы. Психолог Жұлдыз Бекахметованың пайымда-
уынша, жалғызбастылық материалдық жағдайға байланысты емес, жеке адамның, жауапкершіліктен қашуынан туындайтын мәселе.
–Сүрбойдақтар алдымен өз өмірлерін өзгертуден, отбасылық жауапкершіліктен қашады. Бойдақ жүрген адам бар уақытын өзіне арнайды. Өзін еркін сезінеді. Ешкімге тәуелді емес. Көбіне сүрбойдақ жандар осы еркіндіктен арылғысы келмейді. Жалғанда жан баласы жалғыз болмауы керек. Бұл – табиғат заңдылығы, – дейді маман.

Өмірдің мәнін әркім әрқалай ұғынатыны бар. Қалай дегенмен де, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, оның өркендеуіне, ұрпақ болашағына алдымен ер азаматтар жауапты екендігін ұмытпайықшы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар