Қазақ білсін!

Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімдері

Оның өздік ерекшеліктері бар. Олардың көбі бұрынғы заманнан сақталып кішігірім өзгерістерге ұшыраса, ал кейбіреулері, өкінішке қарай, мүлде сақталмаған. Олардың әр-алуан түрлері бар және ең алдымен, ер адам мен әйелдердің киімі деп бөлінеді. Екі түрлі киімнің де өзіндік айырмашылықтары жоқ емес. Ер адамдардың ұлттық киімдерінің модельдері бір қалыпты ұқсас, тек қана қара, қоңыр немесе қара көк түсті болған. Егер сұлу да сымбатты қазақ қыздарының киім-кешектері туралы айтсақ, оларға сан жоқ және де неше түрлі үлгілері бар, қызыл, сары, жасыл, ақ сияқты ашық түсті болған. Бұған себеп, әйел затының көркем заттарды, киімдерді ұнатып киюі не әшекей тағуы. Оның үстіне, қазақтардың әлеуметтік деңгейін әйелдердің киіміне қарап анықтауға болатын, сол себепті де олардың киімдері ер адамдардың киімдерімен салыстырғанда қымбат матадан тігіліп, асыл тастармен әрлендірліген.
Негізінде қазақ қыздары жастайынан ұлттық киімдерді киюді бастаған. Тіпті жаңа туған баланы да әдейі киіндіріп қоятыны бар еді. Олар өміріндегі белгілі бір себепке орай белгілі ұлттық киім киетін. Киімнің үлгісі қыздың жасына және мәртебесі мен дәрижесіне байланысты болған. Киілетін киімнің тігілуі де, әшекейі де әр түрлі болған.

Жаңа туған баланың киімі – иткөйлек

Дүниеге жаңа келген нәрестеге иткөйлек  кигізген. Иткөйлек дегеніміз қазіргі кездегі жейде сияқты, яғни, түймесіз арты ашық, етек- жеңі кең көйлек. Бұл киімді бала қырқынан шыққанға дейін, яғни, сәбидің дүниеге келгенінен бастап тура қырық күн бойы киеді. Иткөйлек жұмсақ, табиғи матадан, көбінесе шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты маталардан тігіледі, себебі ол жас сәбидің нәзік терісін тітіркендірмей, батпау керек.
Иткөйлекті сәбиге ырымдап кигізеді, аңыз бойынша ежелгі уақытта ит адамның қорғаушысы болған, сол себепті де көйлек нәрестені ажалдан, жаман көзден сақтау үшін осындай көйлек кигізетін. Қосымша айта кетсек, қазақтар нәрестенің бақыты иткөйлек киген күннен басталады деп сенген, дәл сондықтан да иткөйлекті көрінген жерге лақтырып не біреуге беруге болмайды. Оны қазақтар асыл зат секілді сақтаған.

Бас киім – сылау тақия 

Бас киімдер жайлы айтсақ, қыз балаға туғанынан бастап кигізетін болған. Сылау тақия дегеніміз жаңа туған балалар киетін бас киім, тіпті телпек деп айтуға болады. Сонымен қатар, балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, былғарыдан жасалған бойтұмардың ішіне сол оқылған қағазды салып, сәбидің мойынына іліп немесе киіміне тігіп қоятын. Мұндай ерекшелік көптеген қазақ балаларында болған. Сонда бойтұмар  бір жағынан нәрестені тіл-көзден сақтайтын зат болса, екінші жағынан сырт көзге әшекей сияқты көрініп тұратын. Бала бір-бір жарым жасқа толғанда оның басына сырма атты тақияны кигізеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар