Олар – коронавируспен күресті

Облысымызда коронавирусқа шалдыққан науқастарды алғашқылардың бірі болып қабылдаған медициналық мекеме Аршалы аудандық ауруханасы. Биылғы жылдың сәуір айында мұндағы ақ халаттылар «Шапағат» қарттар үйінің COVID-19 вирусын жұқтырған тұрғындарын емдеп жазды.

–Үстіміздегі жылғы сәуірдің 6-сы күні бізге Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қоңырау түсті. Олар ауданымыз Нұр-Сұлтанға іргелес болған соң, әрі астананың айналасындағы елді мекендердегі эпидемиологиялық жағдай күрделене түскеннен кейін бізге де ауыр науқастар түсуі мүмкін екенін, сол себепті орын дайындау қажеттігін айтты, – деді Альбина Николаевна әңгімеміздің басында.
Осылайша ауруханада 28 орындық инфекциялық және 22 орындық провизорлық стационарлар жасақталып, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараты, мониторлар мен перфузор, обаға қарсы костюмдер, дәрі-дәрмек, басқа да құралдар бар. Ал, індетпен күресуде ең бастысы, білікті де, білімді, бұл іске моральдық тұрғыда дайын мамандар қажет екені сөзсіз еді. Сол себепті, бас дәрігер Альбина Анюхина ұжымды кабинетіне жинап, медицина қызметкерлерінің аса қауіпті дертке шалдыққан науқастарды емдеуге келісімдерін алмақ болады. Бала-шағаны қалдырып, күні-түні ауруханада болуға, өз бастарын қауіпке тігуге бірден шешім қабылдау ақ халаттыларға оңайға соқпағаны анық. Алайда, бас дәрігердің хабарламасынан соң бес минуттай үнсіз қалған аурухананың медициналық ұжымы «Біз болмасақ, бұл әбжыланмен кім күреседі?» деп бірауыздан науқастарды қабылдау туралы батыл шешімге келеді.
–Инфекциялық және провизорлық стационарда 46 маманымыз жұмыс істеді. Науқастар жатқан палатаға кірместен бұрын қызметкерлеріміз теориялық-практикалық дайындықтан өтті. Обаға қарсы костюмдерді қалай кию керектігін үйренді. Әр бригадада білікті реаниматолог дәрігерлер болды, – деген бас дәрігер Альбина Анюхинаның айтуынша, науқастардың алғашқы легі сәуірдің 8-інде әкеліне бастаған. Олар «Шапағат» медициналық-әлеуметтік мекемесінің қызмет алушылары еді. Науқастардың коронавирус дертінен бөлек, бронхит, жүректің ишемиялық аурулары секілді басқа да ілеспелі ауруларының болғаны, мүгедектігі, оның үстіне көбінің қартайғаннан төсек тартып жатқаны жағдайды қиындата түскен. Оларды емдеп қана қоймай, ас-суын беру, жөргектерін ауыстыру да аурухана мамандарының міндеті еді.
–11 науқас төсектен тұра алмайтын. Оларға тәулік бойы үздіксіз күтім қажет еді. Физиологиялық қажеттіліктерін өздері жасай алмайтын 17 науқас болды. Жағдайы ауыр екі науқасты өкпені жасанды желдету аппаратына қостық. Емдеу барысында науқастарға он төрт күн бойы антибиотиктермен қоса, вирусқа қарсы препараттар берілді. Науқастардың ең жасы 1982 жылғы болды. Емделушілердің көбінің жасы сексен, тоқсаннан асқан. Бір кейуана бізден мамырдың 3-інде жазылып шығып, екі күннен кейін жүзге толды. Ұжымымыздың бірлескен күш-жігерінің арқасында коронавирусқа шалдыққан сол науқастардың барлығы емделіп шықты, – деген Альбина Николаевна әріптестерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Науқастарды емдеп жазғаннан кейін ақ халаттылар өздері ұзақ оқшаулануда болған. Бірнеше мәрте коронавирусқа тест тапсырып, елең-алаң күндерді бастан өткізген. Аршалы аудандық ауруханасы ұжымының індетпен күресте қол ұшын берген аудандық әкімдікке, облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыстары шексіз. Коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған барлық медициналық персонал мемлекет тарапынан тағайындалған үстемеақыларын алған.
Әкімдік коронавирусты емдеуге тартылған ақ халаттылардың тұруы үшін Аршалы кентіндегі колледж жатақханасынан орын әзірлеп, қажетті заттармен, күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен. Дәрігерлерге арнап көп реттік костюмдер тіккізіп, барлық жағынан қолдау көрсеткен.Инфекциялық стационарда дезинфекциялық құралдардың, маскалар мен қолғаптардың жеткілікті болуын эпидемиолог маман қадағалап отырған. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған осы қауіпсіздік шараларының арқасында Аршалы ауданының медициналық қызметкерлері арасында COVID-19 вирусын жұқтыру деректері тіркелген жоқ.
–Біздің ақ халаттылар он төрт күн бойы инфекциялық стационардағы жұмыстарын атқарып, карантинге кеткенде, инфекциялық стационар үшін екінші бригаданы жасақтауға Ерейментау, Сандықтау және Жарқайың аудандарынан дәрігерлер, медбикелер келіп, көмек көрсеткенін айта кеткім келеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде, аудан дәрігерлері бірліктің, антқа адалдықтың өшпес үлгісін көрсетті. Науқастар жазылғаннан кейін инфекциялық стационарымыз жабылды. Осылайша сәуірде науқастарды коронавирустан емдеуге 86 медицина қызметкері тартылды, – деді Альбина Анюхина.
Қазіргі таңда облысымызда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауруханада маусымның 18-інен бастан 40 орынға лайықталған провизорлық стационар қайта ашылды. Бұл аршалылық ақ халаттылардың әлі де «майдан» алаңында екенін білдіреді. Бұдан бөлек, емхана штаттық режимде жұмыс істеуде. Емханаға келген адамдар алдымен дезкамерадан, термометриядан өтеді. Қызметкерлер жұмысқа келген бойда қызулары, жалпы жағдайы тексеріледі, жеке қорғаныс костюмдерін киіп, тек содан кейін ғана қызметтеріне кіріседі.
Бұл күндері аудандық аурухана ғимаратының негізгі корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы ғимарат толық жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда. Емхана күніне 200 адамды қабылдай алады. Онда 70 кереуеттік орыннан тәуліктік және күндізгі стационар бар.
Сөз соңында бас дәрігер Альбина Анюхинаның медицина саласындағы қажырлы еңбегін айта кеткеніміз артық болмас. Альбина Николаевна осы ауруханада 1983 жылдан еңбек етіп келеді. Дәрігер ретіндегі жұмыс өтілі 27 жыл. Негізгі мамандығы дәрігер-анестезиолог. 2005 жылға дейін реанимация бөлімінде меңгеруші, одан кейін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, өткен жылдың қаңтар айынан бастап бас дәрігер қызметіне тағайындалған. Әлемді жайлаған қауіпті індет дәрігерлердің қажыр-қайратын танытып берді деп есептейді кейіпкеріміз. Ол кемел келешекте аудандық аурухана қалалық аурухана деңгейіне көтерілетініне нық сенімді. Телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында бас дәрігер әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, салада кездейсоқ адамдардың болмауына, дәрігерлер жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарында жетістікке жете берулеріне тілектестігін білдірді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар