Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сұхбат - АРҚА АЖАРЫ

Сұхбат

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен ІЛИЯСОВ:

«Медицина саласын қолдау – ұлт саулығының кепілі»

–Сүлен Жеңісұлы, биылғы жыл денсаулық сақтау саласы үшін өте күрделі жағдайда басталды. Елімізде жұқпалы індет тарап, халық медицина саласы мамандарының, әсіресе, дәрігерлердің қоғамдағы орнын жете түсіне түсті. Үкімет те бұл орайда, індетпен күрескен сала мамандарын назардан тыс қалдырмады. Жалпы, осындай пандемиямен, әсіресе, емдеу жолы әлі нақты анықталмаған індетпен күресуге біздің облыс қаншалықты дайын болды?
–Шынымен де, биылғы жыл денсаулық сақтау саласы үшін ғана емес, барлық салаға көптеген өзгерістер әкелді. Медицина қызметкерлерінің қажеттілігі аса сезіліп, олардың абырой-беделі арта түсті. Қоғам жалғыз дәрігерлер ғана емес, ұстаздардың да қадірін білді, кәсіпкерлер мен жұмысшылар да өз істерінің маңыздылығын түсінді. Карантин баршамызға көп нәрсені үйретті, адамдардың бір-біріне деген адамгершілігі мен сыйластығының жойылып бара жатқандығын, отбасының қадірін ұғындырды.
Қытайдан бастау алып, әлем халқын дүрліктірген СOVID-19 вирусы біздің елімізге де жетуі мүмкін деген күннен бастап, Денсаулық сақтау министрлігінен түрлі нұсқаулар мен бұйрықтар келді. Облыстық әкімдікте де арнайы штаб құрылып, бұл жағдайға жан-жақты дайындық жұмыстары ұйымдастырылды. Біз астаналық облыс болғандықтан, әрі елді мекендеріміз елордаға жақын орналасқан соң осы сынға тас-түйін дайын болу керек едік. Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде нақты індетке шалдыққандарға 85 орын, облыстық көпбейінді ауруханасында провизорлы емдеу үшін 135 орын, Көкшетау қаласындағы жоғары медициналық колледжінің базасында карантиндік стационар үшін 320 орын әзірленді. Аудандарда да карантиндік, провизорлық кереуеттер дайындалды. Стационарларда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің тізімі жасалып, коронавирусты емдеу, диагноз қою, протоколдарды толтыру, науқастарда жұқпа анықталса, оларды госпитальдау бойынша толық оқытылды. Барлық медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектер мен вирусқа қарсы препараттар қоры толық алынды. «Тыныс» акционерлік қоғамы ИВЛ аппараттарын шығаруды қолға алып, ол үлкен көмек болды. Біздің өңір ғана емес, өзге облыстардан да тапсырыстар түсті. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, жан-жақты ақылдасып, келісіп жасалған жұмыстар мен дер кезінде жарияланған карантин режимінің нәтижесінде індеттің барлық аудандарға таралып кетуіне жол бермедік. Осы орайда, облыстық және аудандық әкімдіктерге зор алғыс білдіреміз.
–Біздің облыста бірқатар медициналық мекемелердің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, облыс орталығында биыл көптен күткен онкологиялық емхана іске қосылады. Ол шынымен де онкологиялық диспансердің жұмысын жеңілдете ала ма?
– Бұл мекеменің құрылысы шынымен де ұзаққа созылып кетті. Оның өзіндік себептері де бар. Бір ауысымда 150 адамды қабылдай алатын онкологиялық емхана ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда онда ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілері тартылуда, медициналық құрал-жабдықтарды жеткізіп беру жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта іске қосылса, онкодиспансердің жұмысын біраз жеңілдететіні сөзсіз. Целиноград ауданының Қосшы ауылында емхана салынуда. Онда халық көп, сондықтан, мұндай емхана аса қажет. Соңғы жиырма жылдағы көші-қонды есепке алатын болсақ, ондағы халық саны да едәуір өскен. Қазіргі ресми деректерге сүйенсек, онда 70 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Бұл емхана бір ауысымда елу адамды қабылдай алады. Қазіргі уақытта оның қабырғасы тұрғызылып, жылу өткізу және кірпішпен қаптау жұмыстары аяқталуда. Құрылыстың аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін деп жоспарланған. Бірақ, оның құрылысына әлі де қосымша 775,6 миллион теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл емхана республикалық бюджет қаржы есебінен бой көтеруде.
–Сонымен бірге, Көкшетаудың жаңадан бой көтеріп келе жатқан Сарыарқа шағын ауданында көпбейінді облыстық аурухана салу жоспары бар деген әңгімелер айтылады. Сол жайлы да түсінік бере кетсеңіз.
– Иә, ондай жоспар бар. Көпбейінді облыстық аурухана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында және республикалық бюджеттен қаражат қарастыру негізінде салынады. Ол 2026 жылға дейінгі Ақмола облысының медициналық мекемелерінің инфрақұрылымын дамытудың аймақтық жоспары негізінде іске асырылады. Оған шамамен 74,6 миллиард теңге сомасында қаржы қажет. Қазіргі уақытта Сарыарқа шағын ауданынан 16 гектар жер учаскесі бөлініп, онда зерттеу жұмыстары өткізілуде. Осы күні жобаны әзірлеудің егжей-тегжейлі жоспары бойынша мемлекеттік сатып алу процедуралары жүргізілуде.
–Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде коронавирус жұқпасымен күресіп жүрген медициналық қызметкерлерімен кездесу барысында Көкшетауда осы сала мамандары үшін арнайы үй салынатындығын айтқан еді.
–Бұл үй 40 пәтерлі болмақшы. Ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жылға жоспарланып отыр. Оған бөлінген жер жоғарыда атап өткендей Сарыарқа ауданында. Жоба құны – 280 миллион теңге. Жалпы, Ақмола облысында биыл Көкшетаудағы онкологиялық емхана мен Қосшыдағы емханадан бөлек, тағы да денсаулық сақтау саласының төрт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар – Шортанды мен Целиноград аудандарының Степное және Софиевка ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар. Алғашқысы бір ауысымда 25 адамды қабылдай алса, екіншісінде 50 адам дәрігерге жүгіне алады. Қазіргі уақытта бұл екі нысанда құрылыс әзірге тоқтап тұр, қаржы бөлінген кезде қайта жалғасады. Степной ауылына 83,7 миллион теңге, Софиевкаға –
212,3 миллион теңге қаржы қажет. Екі нысан да биылғы жылы тапсырылуы тиіс. Сонымен бірге, Целиноград ауданының Қараөткел ауылында екі дәрігерлік амбулатория, Қояндыда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының құрылыстары жоспарлануда, қазіргі уақытта олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тоғыз денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр, оған қазынадан 1,8 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Солардың ішінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық психикалық денсаулық орталығы, облыстық көпбейінді ауруханасының төрт қабатты гинекологиялық бөлімшесі, Көкшетау қалалық емханасы, Аршалы аудандық ауруханасы, Егіндікөл және Жақсы аудандарының бірқатар нысандары бар.
–Сүлен Жеңісұлы, денсаулық сақтау саласын дамытуда «Ауыл – ел бесігі» жобасының айтарлықтай үлесі бар ғой.
–Әрине, мәселен, осы мемлекеттік бағдарлама аясында Сандықтау аудандық ауруханасының ғимараты жөнделуде. Бұл жөндеу жұмыстары кезінде аурухананың үш бөлімшесі мен гараждары қайта қалпына келтіріледі, ауласы абаттандырылып, көркейтіледі. Оған республикалық бюджеттен 500 миллион теңге, ал жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге қарастырылды. Мердігер ұйым қазір лаборатория мен балалар бөлімшесінде демонтаж жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс қараша айында аяқталады.
–Қазіргі таңда медициналық мекемелердің күш-қуаты заманауи құрал-жабдықтардың болуымен өлшенеді. Біздің емдеу нысандары заманауи аппараттармен қаншалықты жабдықталған? Және бір сауал, облыстық көпбейінді ауруханада аса қажеттілік туғызатын МРТ аппараты көптен бері істен шыққан, оны жөндеу тиімсіз деген әңгіме бар.
– Өте дұрыс. Оны сатып алу үшін қаржы бөлінді, ағымдағы жылдың тамыз айында жеткізіліп беріледі. Жалпы, облыста 2020 жылы 1,1 миллиард теңгеге 126 медициналық құрал-жабдық пен облыстық көпбейінді ауруханаға бір магнитті-резонансты томография сатып алу жоспарланған. Олардың әрқайсысы үшін тендер өткізіліп, келісім-шарттар жасалды. Бүгінгі күні 12,3 миллион теңгесіне бесеуі жеткізілді. Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың шешімімен реанимация, кардиология және травматология салаларына қажетті қосымша 77 медициналық құрал-жабдық сатып алуға жергілікті бюджеттен 316,5 миллион теңге қаржы бөлінді.
–Енді кадр мәселесіне ауыссақ. Дәрігерлердің жетіспеушілігі анық жағдай. Олардың біздің облыста тұрақтамауының себебі де белгілі. Сонда да өңірде қанша дәрігер қолы жетіспейді?
–Қазіргі таңда облыста 1639 дәрігер және 5874 орта медицина қызметкері еңбек етуде. Әлі де 413 дәрігер мен 321 медбике қажет. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде мамандар жоқтың қасы. Елді мекендерде бүгінде 491 дәрігер мен 2268 орта медициналық қызметкері жұмыс істейді. Осындай шалғай елді мекендерге әлі де 97 дәрігер мен 113 орта медперсонал керек. Ауылға жастар барғысы келмейді. Оның себебі айтпаса да, түсінікті деп ойлаймын.
–Пандемия өңірлерде эпидемиологтар мен вирусологтардың аздығын да айқындап берді. Бұл жөнінде не айтасыз?
–Шынында да, облыста эпидемиолог мамандар тапшы. Оның сан қырлы себептері бар. Бұл жайлы айтылып жүр. Алдағы уақытта олардың беделі артып, жастар жағы осы мамандыққа ден қояды деген үміт басым. Біздің облысқа алпысқа жуық маман керек. Коронавирус індеті елімізде белең ала бастағанда онымен күрес жүргізуге эпидемиолог мамандардың білімі қажет екендігі айқын көрініс берді. Қазіргі уақытта індеттің ошағы болып отырған Целиноград ауданында жұмыс әлі де қатаң талаптар негізінде ұйымдастырылуда. Себебі, онда халық көп. Мәселен, статистика бойынша онда шамамен 70 мың адам тіркелсе, іс жүзінде 150 мыңнан астам адам бар. Ондағы жағдайды қадағалап, бақылауда ұстау үшін облыстан эпидемиологтарды жұмыс сапарымен 10 күнге 10 адамнан жіберіп жатырмыз. Індет анықталған ошақтарды бірден дер кезінде тексеріп, вирустың әрі қарай тарап кетуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар жасалып жатыр.
–Өңірде осы денсаулық сақтау саласының жас мамандарына қандай жеңілдіктер қарастырылған?
–Елді мекендерде жас мамандарды қолдап, көтермелеу үшін берілетін көтермеақы – 1 миллион теңге. Бұл облыстық мәслихат сессияларының бірінде депутаттардың ұсынысымен қабылданған шешім. Сонымен бірге, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға барған жастарға жылжымайтын мүлікке 1500 АЕК көлемінде несие және 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы беріледі. Сонымен бірге, біздің облыста әкімнің шәкіртақысы бар. Бұл да кадр тапшылығын қысқартудың бір амалы. Оны облыста 68 студент алып жатыр, алдағы уақытта олар оқуларын бітірген соң міндетті түрде біздің өңірде 3 жыл жұмыс істеулері тиіс. Жалпы, облысқа қажетті медициналық мамандықтар бойынша жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарында 35 студент оқып жүр. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ашылған «Жалпы медицина» факультеті де аймақтағы кадр мәселесін шешуге көп себін тигізеді деп сенемін. Оның алғашқы түлектерін асыға күтудеміз. Бұл арада мемлекеттік тапсырыс негізінде 50 білім гранты қарастырылған. Сонымен бірге, біздер басқа медициналық оқу орындарымен және түлектердің өздерімен келіссөздер жүргізіп тұрамыз. Қазіргі таңда «Еңбек.кз» ақпараттық жүйесі арқылы жүздеген жас маман келуге ниет білдірген.
–Медицина қызметкерлерінің еңбегі қалай бағалануда? Әсіресе, коронавирус пандемиясы жағдайында бұл мәселе аса өзекті болып отыр.
– Денсаулық сақтау саласында 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама бар. Ол бойынша орташа айлық еңбекақы кезең-кезеңмен өсіріледі, 2024 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы – екі есеге, орта медициналық қызметкердікі 1,6 есеге дейін көбейеді. Оның үстіне Ел Президенті Ұлттық сенім кеңесінде сөйлеген сөзінде дәрігерлер тапшылығын еңбекақының аздығымен, мамандықтың беделді болмауымен, дәрігерлер құқығының қорғалмауымен байланыстырып, түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алатындығын айтты. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекқысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды. Енді дәрігерлер экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық еңбекақы алады деп сенеміз. Мүмкін осы кезде мамандар тапшылығы жойылар.
Жыл басынан бері еңбекақы аймақтың 32 медициналық мекемелеріндегі 1,5 мыңнан астам дәрігерге 30 пайызға, ал, 5 мыңнан астам медбикеге 20 пайызға көтерілді. Ал, республикалық бюджет есебінен коронавирус пандемиясымен күрес кезіндегі қауіпті топтарға төленген үстемеақыға келер болсақ, облыста наурыз айында 529 медицина қызметкеріне 47 миллион теңге сомасында қаржы төленді. Қайта есептеу барысында қосымша тағы 433 қызметшіге жалпы сомасы 15,6 миллион теңгені құрайтын үстемеақы аударылды. Сәуір айында 1709 медициналық қызметкерге 262,6 миллион теңге үстемеақы төленді. Індетпен күреске жұмылдырылған дәрігерлер Зеренді және Бурабай аудандарындағы сауықтыру орталықтарында дем алды. Қазіргі таңда 8 дәрігер Бұланды ауданының аумағындағы «Көкше» сауықтыру орталығында дем алуда.
Сөз соңында облыс тұрғындарына айтарым, коронавирус індетін алдын алу үшін гигиеналық тазалыққа аса мән беріп, карантин талаптарын ұстаныңыздар. Бұл батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт. Барынша сақтанғандарыңыз абзал.
Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар