Осы экономикалық бағытымыз дұрыс

Өткен өміріміз бен келешектегі тағдырымыздың нақты кілті ол – шаруашылық кәсібі екенін білеміз. Бірде жеке, бірде қоғам, бірде тұтас мемлекет болып айналысқан өмір тәртібі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Тіршіліктің көзі еңбекте екені жалпы дәлелденген сөз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп қазақ жай айтпаған. Ал, еңбектің басы мен соңы шаруашылық көздерінде. Оны гректер oikoc – дом, хозяйство, яғни, үй шаруашылығы, ал nomo – правило, заң деп түйіндейді. Былайша айтқанда, «шаруашылықты жүргізудің тәртібі» деген ойды білдіреді. Көптің көңілінен шыққан бұл ұғым барлық жерде қолданылып, мемлекет, аймақ, бірлестіктер жеке шаруашылықтарда кеңінен пайдаланылды.

Ел мен адамдар өскен сайын оның мағынасы да өзгеріп, жан-жақты өріс алатыны анық. Шын тапқан табыстың еңбек өнімділігінің, шаруашылық нәтижесінің ортақ макро-микро экономикалық үрдістерін анықтайтын жол да әлеуметтік өмірдің деңгейі негізінде экономикаға байланысты. Өткен күндер соның дәлелі. Артта қалу, өмір қиыншылықтарын жеңе алмаудың әсері болатыны рас. Көптеген Азия, Африка, Оңтүстік Америка құрылықтарының мемлекеттері бірнеше жыл бойы осы шырмаудан шыға алмады. Тек шаруашылықты дұрыс ұйымдастырудың арқасында ғана оның өрісі өсіп, жаңа деңгейге көтерілетінін білеміз. Қазақстанның экономикасы да 1960-1970 жылы жаңа оқу бітіріп келген кадрлармен толықтырылып, көп ретке келді. Әрине, бәрін істемегенмен жоспардың деңгейі өсіп, жауапкершілік өзгерді. Жалақы төлеу нақты жүргізіліп, басқару істері өзгеше болды. Есеп-қисап, сараптама дұрыс ұйымдастырылып, еңбек өнімділігіне мән бере бастады. Жұмыс табыспен байланыстырылып, жаңа шаруашылық әдістерін қолдану бірте-бірте қолға алынды. Бірақ, оның бәрі науқандық түрде өткізіліп, жалпы шегіне жетпегені айқын.
Осы тұрғыда Қазақстан да басқа одақтас республикалар сияқты экономикалық табыстан кейін қалып, кіріссіз өмір кештік. Осының өзі толыққанды нәтижесіздіктің салдарынан жұмыс көлемі біресе кеңейтіліп, біресе азайтылып, тұрақтылықтан да айрылдық. Бұл кеңес үкіметінің таралуына себеп болған сияқты. Саяси құбылысқа шыдауға болады, ал, түбі тесілген шелектен су ішуге болмайтыны сияқты шаруашылықты дұрыс ұйымдастырмасаң, түбі опық жегізетінін ұмытпау керек. Басқа дамыған мемлекеттерде бұл жағы басқаша болды. Онда жұмыс істеген әрбір адам ерікті жағдайды пайдаланып, экономикалық табыс көзін іздеуіне мұрсат алды. Ол халыққа да, өзіне де пайдалы жұмыс еді. Жағдайды дұрыс түсінген халық осыны қолдады. Кадрлар мен капиталды дұрыс пайдаланып, экономиканың ықпалымен алға шықты. Бұған банктің несиесі де, заңның жәрдемі де, үкімет органдарының қолдауы да демеу болды. Сол тәртіптің арқасында нәтижесіз болған жоқ. Ыңғайлы істің жүйесіне көшкесін экономикамыз да біртіндеп дұрыстала бастады. Нәтижесінде алдыңғы елдердің сапына кіре бастадық. Бұндай жетістік бұрын-соңды болмаған еді, енді тәуелсіздіктің арқасында артта қалған еліміз еркіндікпен жұмыс істей бастады. Қазіргі кез сол істің қорытындысы. Көбінесе шикізатпен ғана айналысып, оны өндіріп, ауыртпашылығын көтеріп істесек те, өндірісіміз табыссыз болып, тек бесжылдықтың жоспарларын орындаумен күн өткіздік.
Дүниедегі білгір экономистерді бізге жөнді көрсетпеді. Оларды капиталистік жүйені қорғаушылар деп ат қойды. Тек соңғы уақыттарда шыққан ғылым иелері Джон Кейнс, Ирвинг Фишер, Альфред Маршал сияқты экономист оқымыстылардың сөздері мен істеріне мән беріп, сол жолмен шаруашылықтарды ұйымдастырып, экономика туралы жазған жаңа әдістерді кіргізуге тырыстық. Ғылыммен істелген істің қатесіз болатынын оқып білдік. Бұл жаңа жол тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана іске асты. Басында, шынын айту керек, өткен ғасырдың 60-80 жылдары экономикаға мемлекет көңіл аударып, кейбір элементтерін экспериментальді түрде кіргізіп, шаруашылық есеп, диспетчерлік қызмет, жоспарлау түрлері (біржылдық, көпжылдық), мамандандыру (Көкшетау облысында ет, сүт, астық, картоп, жеміс шаруашылықтары ашылды) жұмыстары жүргізілгені анық. Бірақ, ол да айтарлықтай болған жоқ. Біреуге ұнап, біреуге ұнамай, бұйрықпен, жұртпен келіспей, партиялық тәртіппен өткенін білеміз. Іскер мамандарымыз көп жылды жай өткізіп алды. Оны дұрыстайтын жүйе жоқ, теорияда түйін болмады. Жоғары экономикалық оқудың өзі тек ҚазГУ-де жүргізіліп, кейін ғана институттар мен факультеттер ашылды. Халықтың еңбек ақысы ол кезде бухгалтерлік есеп бойынша қалай болса солай таратылып, колхоз шаруашылығы техникалық, құрылыс көлемінен артта қалды. Сонда да осының өзіне риза болған халық, Отан соғысынан әзер шыққасын үндемей, көнгенін көзіміз көрді. Осы кезде оқыған азаматтар Рүстем Шериязданов, Зарап Темірбеков, Василий Муромцев, Ақтай Әбілмәжінов, тағы басқалары Алматыдан бітіріп, аудан, облыс көлемінде жұмыс істей бастады. Олар тек жоспарлаумен және кейбір қорларды бөлумен айналысқаны мәлім. Бертін экономист мамандардың жетіспегендігі сондай, совхоз-колхоз жүйесінде кездейсоқ адамдармен толықтырылып, қағазбастылық өріс алды. Өндіріс көлемі жөнді пайда болмай, көбі банкротқа ұшырап, нарық жүйесінде істейтін елдермен тең келе алмады. Бұның соңы республикалардың таратылуына, Кеңес үкіметінің ыдырауына, кәсіп пен шаруаның ақыры ақшасыз, пұлсыз, өнімді өз бетімен өндіре алмайтын халге әкеліп соқты. Соның бірі – қазақ мемлекеті де, далада қалғандай күйге түсіп, енді өз аяғымызбен ілгері басуға тура келді. Бұны түсінген Түркия, Германия, Жапония және Англия мемлекеттері көмек беріп, ақшамызды шығарып, жаңа экономикалық жүйеге аяқ бастық. Істің мәні нақты жауапкершілікте болатын. Әркім өз шаруасымен айналысып, өзі үшін аянбай жұмыс істеуге құштар еді. Ақы төлеу, банктермен жұмыс істеу, құқығын пайдалану, табыс табу, нарықты білу, үкіметпен шартты төлемдері тікелей өз істеріне айналғанын ұнатты. Осының арқасында шаруашылықтардың жұмыстары басқаша сипат алды. Бұнымен айналысқандар қазір совхоз-колхоз дегенді ұмытты, ол түрден қашып, тек келешек өзінде екенін түсінді.
Осы уақытта Көкшетау, Торғай, Қызылорда сияқты әр облыста істеген Еркін Нұржанұлы Әуелбеков жұмыс көлеміне жан-тәнімен беріліп, мәселені ұғып, дұрыс жөн сілтейтін. Басшы қызметтен кеткесін де жай отырмай, өзінің туған ауылы – Жаңасуда жаңа шаруашылық ұйымдастырып, мектепке дейін салды. Осындай істі істеген бұдан басқа да жақсы мамандар мен ел басшылары шықты. Олар М.А.Чжен, Қ.Қ.Құсайынов, А.И.Төлебаев, Қ.Н.Нұғыманов, А.А.Өміржанов, И.Е.Перекальский және осыған талпынған азаматтар К.Қ.Сәменов, А.З.Оспанов, С.К.Ибраев, С.К.Айтуғанов, С.Х.Балтабаев, Т.А.Жақыпов, К.К.Жәпенов, Ж.Ахмедияров, А.Құлтаев, А.П.Сидоренко, С.К.Кәкімов, Е.Б.Нұғыманов, Н.М.Позднякова, Е.Е.Мусина, тағы басқалары біздің шаруашылықтарымыздың басты тұлғасына айналды. Экономика саласында енді бұрынғыдай емес, жаңа тәртіп орнап, шет елдердегідей нарық жүйесі қалыптасып, маркетинг, менеджер, программист, фирма басшылары, финансист-менеджер, банк саласының және статистика-есеп саласының мамандары қосылып, тәуелсіз Қазақстанның экономикасын жаңа жолға шығаруға ат салысты.
Аса қиын жағдайға ұрынсақ та бірте-бірте еңбектің күшімен жаңа жетістікке жеттік. Біраз жерді аралап, Германия, Франция, Канада, Қытай елдерінің тәжірибесін үйреніп, жақсысын алғанымыз есімізде. Батыста бизнеспен айналысу шаруашылықтың иесіне, маманға және үкіметке керек дүние болатын. Ол болмаса қатардан шығып қалатының (банкрот) даусыз. Бәріне бірдей ортақ тәртіпті айтпай-ақ, өзіңе-өзің жауап беруге тырысасың. «Өткен іске өкінбе» деген қазақ сөзі қашанда әр жағын ашатын терең ойлы мағлұмат. Өткен іс өтті, жаңа өмірге аяқ бастық. Оқытып үлгерген жастарымыз жаңа экономиканы игеру үстінде.
Тәуелсіздік дәуіріне жетіп, дұрыс саясаттың арқасында енді өзімізге-өзіміз келгендейміз. Нарықпен жұмыс істегендер кемелденіп, құқықтық тәртіп орнап, ақша нарығы артты. Еркіндік пен үйрену тәрбиесі бұрынғыдай емес, жаңа жолға түсті. Әрине, бұл оңай шаруа емес, әлеуметтік саланы көтеру үшін біздің басты мақсатымыз әлі алда.
Қасымхан ҚҰСАЙЫНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар