Ұстаз. Ғалым.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жолды ұстанған адамдардың өмірі сый-құрметке толы болатындығы шындық. Әсіресе, сол адамдардың көрнекті, белгілі ірі тұлғалардан дәріс алуы, тағылымды тәрбие көруі оларды нағыз ұстаздық өнердің иесіне айналдырады.

Біздің бүгінгі әңгімелеп отырған кейіпкеріміз – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ардагер ұстазы, техника ғылымдарының кандидаты, ҰҒА Академигі Хасен Қабдоллаұлы Абсалямов.
Хасен Қабдоллаұлы 1950 жылы 23 шілдеде Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласында дүниеге келді.
1968 жылы Степняк орта мектебін орыс тілінде бітіріп, 1969 жылы тұла бойындағы асқақ арманы Алматы қаласына жетелеп, ондағы Политехникалық институтының түсті металдар металлургиясы факультетіне түсті.
Сөйтіп, 1974 жылы Қазақ политехникалық институтын түсті металдар инженер-металлург мамандығы бойынша бітіріп шықты. Оқуын жақсы аяқтаған жас маман Хасен Абсалямов Павлодар қаласындағы алюминий зауытына жұмысқа жіберілді. Онда 1974 жылдың қазанынан 1982 жылдың ақпанына дейін технолог маман, технологиялық ауысым шебері, учаске бастығы ретінде бірқатар жұмыстарды атқарды.
Сол кездері өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметтерді аса жауапкершілікпен атқарған Хасен Қабдоллаұлы 1982 жылдың ақпан айында киелі де қасиетті туған мекеніне оралып, Көкшетау қаласындағы Васильков тау-кен байыту комбинатына ауыстырылды. Осы жылдардан бастап еліне адал қызмет етіп, әсіресе, Көкшетау қаласының дамып-өркендеуіне айтарлықтай үлесін қоса білді.
1982 жылдан 1984 жылға дейін зерттеу зертханасының бастығы, 1984 жылдан 1989 жылға дейін фабрика бастығы, 1989 жылдан 1991 жылға дейін «Васильков КБК» кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1994 жылдан 2002 жылға дейін «Васильков КБК» ААҚ-ның президенті лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.
2003 жылдан бастап Барчин және Обухов тау-кен байыту комбинаттарының директоры болып тағайындалды. 2012 жылдан бастап 2014 жылдың 30 қыркүйегіне дейін «КДА зауыты» ЖШС директоры болып жемісті еңбек етті. Басшылық қызметтерді атқара жүріп, Хасен ағамыз ғылыми ізденіс пен шығармашылық жұмыстардан бір сәт қол үзген емес.
2014 жылдан бастап Көкше өңіріндегі білімнің қара шаңырағы саналатын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Тау-кен ісі, өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының меңгерушісі болып, студент-жастарға дәріс берумен айналысты. Сөйтіп, өндіріс саласындағы көп жылдар бойы жинақталған мол тәжірибесін ел жастарына арнауды дұрыс деп шешті.
2015 жылы білім ордасындағы политехникалық факультетінің деканы болып тағайындалды. Ғалым ағамыз 2020 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы КМУ-гі «Өнеркәсіптегі жаңа технологиялар» зертханасын басқарып, студенттер мен магистранттарға және жас ғалымдарға жетекшілік етіп келеді. Сонымен қатар, Хасен Қабдоллаұлы Абсалямов бірқатар ғылыми еңбектер мен бес өнертапқыштық жұмыстың авторы болып табылады.
Мәскеудегі Болат және қорытпалар институты жанындағы басқарушы қызметкерлердің біліктілігін арттыру факультетін, ашық карьерлерде бұрғылау-жару жұмыстарын дайындау және жүргізу курстарын бітірген Хасен Қабдоллаұлы заман талабына сай өзінің біліктілігін үнемі жетілдіріп, одан әрі шыңдай түсу мәселесіне де қатты көңіл бөліп отырады.
Бүгінде жетпістің зеңгір шыңына келген ғалым ағамыз киелі Көкше жеріндегі іргелі білім ордасының жастарын, ондағы жас ғалымдарға барынша тәлім-тәрбие беріп, білім және ғылым жолына қажетті бағыт-бағдар беру үстінде.
Осынау ел игілігіне бағытталған адал еңбегі мен үлгілі қызметі Үкімет тарапынан әділ бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «III дәрежелі Еңбек Даңқы» белгісімен және «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бар саналы ғұмырын ел экономикасының дамып-өркендеуі мен оқу-ағарту саласына арнаған Хасен Қабдоллаұлы екі баланың әкесі, немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандардың бірі.
Хасен Абсалямов Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына бағытталған ізгі жоспарларының келешекте де іске асырылып, үлкен нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз!
Мерейтой иесі Хасен Қабдоллаұлы Абсалямовты бүгінгі мерейлі жасымен құттықтай отырып, ғалым ағамызға мықты денсаулық, таусылмас күш-қуат, шығармашылық табыс тілейміз!
Жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істері әрдайым сәтті болсын демекпіз!
Айдар ҚОЖАБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар