«Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы барысында Біржан сал ауданында тәлімді шаралар өткізілді. Бұл тұрғыда, жергілікті жомарт жандар өздерінің игі істері арқылы Құрбан айт мерекесінің мазмұнын кеңейте түскенін айтқымыз келеді.
Мәселен, «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі провизорлық стационарға 2500000 теңгенің 2 оттегі конденсаторын, 10 пульсоксиметрін, 20 дана көп қолданбалы комбинезон, 25 дана бір рет қолдануға ғана арналған комбинезон, 20 медициналық халат және төсек- орын жабдықтарын табыс етті.
Ал, жергілікті тұрғын Азамат Айтхожин ақ халатты абзал жандарға 220000 теңгенің қаржылай көмегі мен азық-түлік жиынтығын табыс етті. Сонымер қатар, «Әшім ата» мешіті, ауданның еріктілерімен бірлесіп, құрбандыққа шалынған қойлардың етін және азық-түлік жеткізіп беруде.
–Коронавируспен күресте ауданымыздың дәрігерлері күн демей, түн демей кезекшілікте болып, отбасынан жырақта жүріп қызмет етеді. Науқастарды қабылдаудан бастап, олардың көңіліне қаяу түсірмей, барынша қолдау білдіруге де тырысатынын көріп жүрміз. Бұл әсте оңай іс емес. Сынаққа толы сәттерде науқастарды емдеуге барын салуға серт берген жандардың абыройы асқақтай берсін. Осыған түсіністікпен қараған кең жүректі азаматтардың игілікті істеріне ризамыз. Мұндай шаралар әлі де жалғасын табатындығы анық,–дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самат Бермағамбетов.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.