Көкшетау қаласында «Jas Otan» Жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының бастамасымен ақ халатты абзал жандарды қолдауға арналған «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы өтіп жатыр.
Бұл ауқымды шараға Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Мәди Елубаев басшылық ететін А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті қолдау білдіруде. Осылайша дәрігерлерге дәруменге толы себет сыйға тартылуда.
Осыған орай, «Jas Otan» Жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешевті әңгімеге тартқан едік.
– «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын бастадық. Ауруханаларға барып, дәрігерлерге құрамында қажетті дәрумендері бар жеміс-жидектер салынған себеттер таратудамыз. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген, күндіз-түні аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерімізді қолдауымыз қажет. Акцияны бірнеше күн бойы өткізсек дейміз. Күніне үш ауруханаға барамыз, – деген ол акцияның А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің қаржылай қолдауымен өтіп жатқанын да жеткізді.
Осылайша белсенді жастар алдымен жедел жәрдем стансасы қызметкерлеріне қуаныш сыйласа, әрі қарай Көкшетау қаласындағы бес стационарға барып, жеміс толы себеттерді таратуды жоспарлап отыр.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.