Ерейментауда электр қуатын желден алады

Елімізде жел энергетикасын дамытудың мол мүмкіндігі бар. Мамандардың есептеуіне қарағанда, жылына 1 триллион кВт/сағат көлемінде энергия өндіруге әбден болады екен. Шынтуайтында бұл әлемдегі ең үздік көрсеткіштердің бірі. Ерейментаудағы «Golden Energy Corp» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осындай мол мүмкіндікті пайдалана отырып, тиімді жобаны жүзеге асыруда.

Таулы, қыратты Ерейментау өңірі еліміздегі Жоңғар қақпасы, Шелек, Қордай тәрізді жел бағыты үнемі ұйытқи соғып, алмасып отыратын дәліздердің бірі. Сол себепті бұл жерде жел энергетикасын өндіру әлеуеті өте жоғары. Түптің түбінде жел энергиясы балама энергия көздерінің арасында белсенді бәсекеге түсетіндей болуы керек. Қазіргі талпыныс осы бағыттағы қолға алынып отырған алапат шаруалардың алғашқы қарлығаштары десек те болар.
Жел энергиясын арнайы электр генераторларының көмегімен түрлендіру арқылы қуат көзін алған кезде шикізатты сатып алу – тасымалдаудың, қалдықтарды шығарудың қажеттілігі болмай қалады. Сол сәтте электр қуатын беруші компаниялардан дербестікке қол жеткізіледі және бір артықшылығы, экологияны ластайтын қалдықтардан арылып, табиғи ресурстар үнемделеді. Елге де өте пайдалы. Мәселен, отын электр қуатының шығындары біршама қысқармақ. Тағы бір тиімді жері, атмосфералық жылулық балансқа ешқандай әсер етпейді, оның үстіне табиғаттың оттегі қорын сақтайды.
Дәл осы өңірде алғашқы жел электр станциясы 2011 жылы пайдалануға беріліп, 45 МВт энергия қуатын өндіре бастағанын айта кетуіміз керек шығар. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы өнеркәсіп деңгейіндегі алғашқы қуат көздерінің бірі болғандығын да еске алсақ артық болмас. Аталмыш станция 2019 жылы құны 3,9 миллиард теңге тұратын 169947340 кВт электр қуатын өндірді. 2020 жылдың сәуір айына дейін құны 327,1 миллион теңгеге бағаланатын 14422000 кВт электр қуатын өндіріп, халықтың кәдесіне жаратты. Ал, Ерейменнің етегіндегі ел міне осындай жақсылықтың шарапатын бірнеше жылдан бері көріп келеді. Кейін қатарға қосылған «Golden Energy Corp» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы қуатқа үстемелеп үлес қоспақ. Жел электр станциясының қуаты 30 МВт. Жоба құны 5,6 миллиард теңгені құрайды. Әзірге құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып, үш турбина қатарға қосылған. Екінші кезеңде 25 МВт қуат өндіретін 14 турбина іске қосылмақ. Сол кезде 12 жұмыс орны ашылады.
«Ereymentau Wind Power» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясы жалпы қуаты 4,8 МВт болатын 11 турбинаның құрылысын жүргізуде. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары өрмек жүзінен ауды. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында басталған құрылыс жұмыстары 2021 жылы толық аяқталады. Станцияның құрылысына 160 адам тартылған. Толық пайдалануға берілген кезде тұрақты 8 жұмыс орны ашылады. Өңірге құйылған инвестиция құны 26,6 миллиард теңгені құрайды.
Жел электр станциясы жылына 180 миллион кВт энергия өндіруді көздеп отыр. Пайдалануға берілгеннен кейін өңірді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етудің сенімді көзі болмақ әрі қала бюджетін толтыруға игі әсерін тигізбек. Аз да болса жұмыс орындары ашылып, аудандағы жұмыссыздықты жоюға септігін тигізбек.

Байқал ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар