Бүркіттінің бауырында бір ауыл бар

Ел еңсесін көтеретін – еңбек. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы әсер беретін Қызылағаш ауылының еңсесін тіктеп, іргесін бекітіп тұрған да адал еңбектің арқасы.

Мыңнан астам тұрғыны бар, етек-жеңі кең пішілген ауылдың негізгі күнкөрісі төрт түлік мал. Селолық округте тіркелген 45-ке жуық шаруа қожалығы өрісті малға толтырып отыр. Оның 10-ы кәдімгідей техникасы сайлы, қорасы құтты, мал басы көп шаруа қожалықтары.
Кенесары ханның тойы өткен Бүркітті тауының етегінде жатқан Қызылағаштың көркейетін жөні бар. Өйткені, Бурабайдың баурайындағы курортты аймаққа жақын орналасқан. Соның шарапаты тиіп, жол да жиі жөнделеді. Биыл ауыл ішіндегі көптен жөндеу көрмеген жол да жөнделе басталыпты.
–Кей жерде ауыл тұрғындары жұмыс таба алмай отыр деп естиміз,–дейді селолық округ тұрғыны Қасен Құсайынов,–ал бізде керісінше, жұмыс істейтін адам табылмайды. Ілкіде «ауылдың ажары – азаматынан» дейтұғын қанатты сөз болатын, осы сөз дөп айтылған. Міне көрдіңіз бе, биылдың өзінде қаншама шаруа тындырылды. Қызылағаштың құтты мекенге айналуы, көнекөздердің айтуына қарағанда, ел ардағы – Еркін Әуелбековтің келуінен басталса керек. Ол кезде бұл елді мекенде не мектеп, не ауыз су болмаған. Ел жағдайын көрген Еркін Нұржанұлы жалма-жан облыстық сала басшыларын шақырып, осы жерде кеңес өткізіп, тапсырма берген екен. Сол тапсырманың арқасында мектеп те, жол да салынып, су тартылған.
Қуаты күн санап артып келе жатқан елді мекен ендігі арада жоқ-жітігін жамап-жасқап, қапысыз қамдану үстінде. Сонау 1975 жылы салынған орта мектептің төбесі толық жаңартылып жатыр.
–Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде мектептің шатыры жөнделіп жатыр. Оған 50 миллион теңге қаражат бөлінді. Маусымның 25-інде келісім-шарт негізінде жұмыс басталған болатын. Екі айда жауып берді, енді ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз,–дейді орта мектептің директоры Дидар Қалиев,–жалғыз мектеп қана емес, шағын орталық та жөндеуден кейін жұтынып тұр. Қабырғалары түзетіліп, әкетеліп, сырланып құрылысшының қалағынан жаңа шыққан ғимарат тәрізді болып тұр. Жиһаздары да жаңартылды.
Әуел баста мектеп 600 орынға лайықталып салынған екен. Уақыт өте келе өтпелі кезеңнің өкпек желі мұнда да салқынын тигізген. Әйтсе де, тәубе дерлік. Биылғы оқу жылында 184 оқушы білім ошағының табалдырығын аттамақ. Негізгі мектеп жаман тұмауға байланысты қашықтықтан оқытылатын болғандықтан бастауыш сынып оқушылары кезекші топқа өтініш беруде екен. Қалған сыныптар қашықтықтан оқытылады. Жалпы бірқатар елді мекендердегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасымен салыстырғанда берекелі ауылдың білім ошағы жап-жақсы жарақтандырылған. Өткен оқу жылында да интернеттің игілігін көрген сыңайлы. Қазір мұғалімдер қауымы негізгі сабақтарына қамдануда.
Мектепте екпін түсіріп айтатын жап-жақсы дәстүр қалыптасыпты. Айталық, білім ошағын бұрын бітіріп кеткен мектеп түлектері соңғы қоңырауда өздерінің ыстық ұяларына көмек қолын созады екен. Тозған жабдықтарын ауыстырып, жаңа жиһаздар әпереді. Оқушыларға қажетті техникалық құралдарды да сыйға тартады. Үстіміздегі жылы музыкалық орталық пен жылжымалы проектор әперіпті. Бұл да бір былайғы жұртқа құлаққағыс ретінде айтатұғын дүние.
Мектеп жанындағы «Балдырған» шағын орталығы жып-жинақы, жап-жарық. Үш топта 54 бала тәлім-тәрбие алуда. Екі топ толық, бір топ жарты күн жұмыс істейді екен. Осының өзі-ақ ауылдың 11 адамын жұмыспен қамтып отыр. Орталық бүлдіршіндері бес мезгіл тамақтандырылады.
Ауыл іргесі берік. Тұс-тұста жаңа үйлер салынып жатыр. Осының барлығы әуелі бірліктің, содан соң алға ұмтылған еңбектің арқасы. Сол еңбектің арқасында әлеуметтік-тұрмыстық жағдай да тәп-тәуір. Елді мекендегі отбасылардың 80 пайызына ауыз су желілері тартылған. Тұрмыстары құтты қалалық жердегідей.
Туған жердің төсін түлеткен, адал еңбегіне сүйенген Қызылағаш ауылының тұрғындары қазір қысқа қамдануда. Мал қораларының маңындағы қаз-қатар тізілген тау жоталары тәрізді қоянжон маялар ел ішіндегі берекені анық аңғартып тұрғандай. Көңілге түйгеніміз, ырыс та ынтымаққа үйіріледі екен ғой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар