АУЫЛ ШАРУАСЫ
«Кең Дала — 2» бағдарламасының аясында облыс аграршылары көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін төмендетілген мөлшерлемемен жеңілдетілген несие рәсімдей алады.
Бұл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің жұмыс тиімділігін тікелей арттыратын қолдау болып табылады.
Шаруашылықтар мен «KOKSHE» ӘКК» акционерлік қоғамы 2024 жылы 35 қарыз алушыға жалпы сомасы 11 миллиард теңге көлемінде несие берді. Ал, өткен жылы корпорацияның жұмысы айтарлықтай жеделдеді. Сөйтіп, 160 кәсіпкер 46,5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды.
Биылғы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» және «KOKSHE» ӘКК» акционерлік қоғамдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үш жылдың көлемінде жыл сайын 35 миллиард теңге сомасына кредиттік желі ашу туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл орайда, аграршыларды жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесі де қызықтырады. Қарыз алушылар несиені жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен алады әрі қарыз сомасының 85 пайызына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді.
Қазіргі уақытта Ақмола өңірінде көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Оның барысында фермерлерге жанар-жағармай материалдарын, тұқым, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер сатып алуға немесе жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге қаражат қажет. Міне, осындайда «Кең Дала — 2» бағдарламасының аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өздерінің ойға алған жоспарларын табысты жүзеге асыра алады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

