Байқау жеңімпазы – Ақтоғайдың Ардағы

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінің құрметіне орай Краснояр көп салалы инновациялық колледжінде «AгроШебер – 2025» салалық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Басқа байқаулардан ерекшелігі, мұнда тек колледж студенттері ғана емес, еңбек нарығында жұмыс жасап жатқан шаруашылық өкілдері де қатысуға мүмкіндік алды.

Байқаудың негізгі мақсаты – агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды мамандықтардың беделін арттыру, сондай-ақ, сала мамандары арасындағы білім мен озық тәжірибе алмасу алаңын құру. Байқауға қатысушылар арасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлері ғана емес, сонымен бірге, агроөндірісте еңбек ететін тәжірибелі механизаторлар да бақ сынады.

Жұмысшы мамандықтары жылына тұспа-тұс келіп отырған байқау қонағы ретінде Беларустан Смилович мемлекеттік колледжінің өкілі Степан Кончиц қатысты. Айта кету керек, байқауға қатысты ұйымдастырушы колледж ағымдағы жылы Смилович мемлекеттік колледжімен және көрші Павлодар облысы Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжімен ынтымақтастық туралы маңызды меморандумдарға қол қойған. Бұл қадам кадр даярлау мәселесіндегі өңіраралық және халықаралық байланыстарды кеңейтуге деген ұмтылысты білдіреді.

Қатысушыларды осы іс-шараға демеуші «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Анар Аяпбергенова марапаттады. Бұл марапат жастардың еңбекке деген ынтасын арттырып, колледж бен өндіріс арасындағы берік байланыстың жемісін көрсетері анық. Жүлде қоры 300 мың теңгеге жуық болған байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болды. Жарыс нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынды  Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің студенті Ардақ Асаинов, ал, 2-орынды Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің білімгері Мұхаммед-Әли Дрезов иеленді. «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Денис Штир 3-орынға жайғасты.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, «AгрoШебер» байқауы енді жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Бұл шешім аграрлық мамандықтардың дамуын ұдайы назарда ұстап, кәсіби стандарттарды үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

– Көпсалалы Инновациялық колледж ұжымының басшысы Сайран Өмірзаққызы Шабданованың атына зор алғыс білдіреміз. Ұжымыңыз осы іс-шараға тек өңірлерді ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысатын салаларды, сондай-ақ, колледждерді де жинай алды. Бұл байқаудың жалғасы болады деп үміттенеміз, – деп Анар Аяпбергенова өз атынан білім беру мекемесінің тарапына алғысын білдірді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар