Көкшетауда осындай атаумен «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған студенттік турнир өтті. Додаға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай өңірлерінен және Астана қаласынан келген жастар қатысты.
Сайыстың ашылу рәсімі «Bolashaq Saraiy» мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Шара барысында облыстық филиал төрайымы Анар Аяпбергенова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс бағдарламасына асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, садақ ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі мен футзал енгізілді. Ұйымдастырушылардың бұл турнирді өткізудегі мақсаты ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, жастардың белсенді өмір салтын қолдау және оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Асық атуда спортшылардың мергендігі сыналды. Шараның көркін қыздырған ойындар – арқан тартыс пен футзал. Қанша дегенмен, командалық ойынды талап ететін бұл ойындар спортшылардың бірлігін күшейтіп, көрерменге қызық сәт сыйлады.
– Биыл ұйымдастырылып отырған «Ауыл ойындары» солтүстікте бірінші рет Көкшетауда өтті. Турнирге 7 оқу орнының студенттері қатысты. Өз басым, ұлттық ойындарды дәріптеуді құптаймын. Мемлекет басшысы да бұл туралы әрдайым ұлттық ойындарды дамыту керек деп есептейді, – дейді Анар Аяпбергенова.
Сайыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы үшінші орынға жайғасты. Екінші орынды Астана командасы місе тұтты. Ал, байқау жеңімпаздары – Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары бірінші орынды қанжығалап, республикалық турнирге жолдама алды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен кубоктар табысталды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

