Антыңа адал бол!

Ел қорғаны

Абылай хан алаңында ҚР Төтенше жағдайлар минимстрлігі Мəлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 100 курсанты салтанатты түрде ант қабылдады.

Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев, академия бастығы Жұмабек Хасенов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, курсанттардың ата-аналары қатысты.

Курсанттардың алдында құттықтау сөз сөйлеген вице-министр Кеген Тұрсынбаев олардың кәсіби таңдауының маңыздылығын атап өтті.

– Азаматтық қорғау органдарындағы қызмет жай мамандық емес, бұл жүрек қалауы. Сіздер ерлік пен жанқиярлықты талап ететін жолды таңдадыңыздар. Мен сіздерге мықты рух, берік тәртіп және өз борышыңызға деген шексіз адалдық тілеймін. Бұл ант сіздерге әрдайым жол көрсетіп, адал қызмет етуге күш пен сенім берсін, – деді ол.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, академия ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Райымбеков, курсанттың ата-анасы мен курсант Жұлдызай Шаймұратова болашақ құтқарушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Ант қабылдау рәсімі жас курсанттардың өміріндегі ерекше сәт ретінде олардың азаматтарды қорғауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларда өз міндеттеріне шұғыл ден қоюға дайын екенін көрсетеді.

Академия гендерлік теңдік мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Ант қабылдаған курсанттардың арасында Отан қорғаушысы болу сияқты қиын әрі абыройлы мамандықты саналы түрде таңдаған қыздар да бар.

Салтанатты рәсім курсанттардың маршымен аяқталды. Ол олардың бірлік, тәртіп және антқа адалдығының нышанына айналды. Іс-шара соңында екінші курс курсанттары Академияның гимнін орындады.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар