Алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Ақкөл аудандық сотында ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша К.-ға қатысты аса ірі мөлшерде, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін  қылмыстық іс қаралды.

Сот анықтағанындай, Шортанды ауданының тұрғыны К. азаматтардың сеніміне кіріп, оларды алдап, тиімді шартпен мәміле жасауды ұсынған. Ол азаматтардан пайызбен қайтарамын деп қарызға ақша алып, өз қажеттілігі үшін олардың атына тауарларға бөліп төлеу рәсімдеп, несие, қарыздар алып, оларға пайыз төлеп, ай сайынғы төлемдерді өзі өтеп отыруға уәде берген. Жәбірленушілердің ақшалай қаражатын иемденгеннен кейін К. төлемдерді жасауды тоқтатып, байланысқа шықпай қойған.

К. қылмысты өзінің жұбайымен алдын ала сөз байласу арқылы жасаған. Жұбайы өз ЖК-нің банк шотын ақша аударуға беріп, жәбірленушілерді несие мен қарыз рәсімдеу үшін банктерге өз автокөлігімен апарып отырған.

Осылайша, К. әрқайсысына 600 мыңнан 45 миллион теңгеге дейін материалдық зиян келтіре отырып, 179 жәбірленушінің ақшасын иемденген. Бұдан бөлек, К. серіктестіктен 4,7 миллион теңгеге автошина сатып алып, сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерін орындамаған. Сонымен қатар, В.-ға жоқ бизнеске қаржы салуды ұсынып, бизнеске қажет деп одан да ақша алып, иемденіп кеткен. Осылайша, ол В.-ға жалпы 73,5 миллион теңге материалдық шығын келтірген.

К.-ның кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, құжаттармен, қолхаттармен, К.-ның өз түсініктемелерімен, беттестіру хаттамаларымен, банктік деректері және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Жаза тағайындауда сот кінәлінің кәмелетке толмаған баласының болуын, тұрғылықты жері бойынша оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай деп ескерді.

Сот үкімімен К.-ға 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Заңда 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған әйелдерге үкімнің орындалуын кейінге қалдыру белгілегендіктен, ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты, К-ның жазасын орындауы 1 жылға кейінге қалдырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. К.-ның жұбайына қатысты жеке қылмыстық іс қозғалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар