Тоқсанның тұғырынан көз салғанда…

Пенде ғұмырдың пешенесіне жазылған ақ түйенің қарны жарылған қуаныштың көріктісі – тоқсанның биігі болса керек-ті. Осы бір ғұмыр-дәптерді парақтап қарасаңыз, өміршең өнеге мен ғибратқа толы. Әсіресе, қоғамға сіңірген еңбегі, туған еліне деген шарапаты өзгеге үлгі боларлықтай.

Ол тұста ел ішінде медицина дамымаған. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан қаншама сәби көктей солып жатты. Егер аман қалса, тумай жатып татар дәмі таусылмаса, Алаш баласы қанша болар еді?! 1936 жылы дүниеге нәресте келеді. Ел ішін қуаныш кернеген. Елберген ұрпақтары шат-шадыман. Сол сәтте үй іргесіне аяулы есімі Көкше жұртшылығына жақсы мәлім, абыз ата Өзібек Елемесұлы ат басын тірепті. Кәдімгі Қызыр ата кейпінде. Қуаныштың үстінен түскен. Нәрестенің атын өзі қойып, батасын беріпті. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, бұл шаңырақта да әлденеше бала өмірге келіп, бірі де кідірмей келмеске аттанып кеткен. Өзібек ата шақалақтың құлағына азан шақырып атын қойыпты. Өтелбай десе керек. Бұрынғы жарық дүниенің бақыты бұйырмаған сәбилердің өтеуі, солар көрмеген қызықты, солар жасамаған жасты осы нәресте жасасын, өкініштің өтеуі болсын.  Аузы уәлі адамның екінші сөзі бұдан кейін туған ұлдың атын Тоқтар қойыңдар болса керек. Бұл табалдырықтан аттап келетін жамандық атаулы сонымен тоқтайды. Айтса айтқандай, өмірде де солай болған. Қадірлі Қанай бидің ұрпағы, өзі те тектінің тұяғы Өз-ағаңның айтқаны айнымай келген. Мына бір қызыққа қараңызшы, Өтелбай ағаның баласы Бекболат дүниеге келгенде де Өз-ағаң Қанай бидің ұлы Бекболаттың атын берген.

Қызығынан қиындығы мол жастық шақ туралы бұрын да талай жазғанбыз. Қиындығы мол дегеніміз, балалық балғын шағының өзі Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарына тап келді. Соғыстың аяғына қарай онға таяп қалған Өтелбай да өгіз айдап, шөп, астық жинасып дегендей, кәдімгі ауылдың қатал тағдыр буыны бекімей тұрып қара жұмысқа салып қойған бір қолғанат баласына айналды. Жарытып тамақ ішпей, киім кимей, қаршадайынан ел тірлігін күйттеген сол бір тарын кезең әрдайым көңіл көгенінде. Ендігі арада шоқ қайыңдар көмкерген Қызылсая ауылында өсіп-өніп, асқан қиындықпен жоғары оқу орнын бітіріп, азамат атанған Өтелбай ағаның өнегелі өмірі туралы қамырдан қыл суырғандай етіп айта кетсек.

Еңбек және тыл ардагері, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының аудиторы, Қазақстан Республикасы аудиторлар палатасының құрметті мүшесі және ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы аудитының ардагері Өтелбай Елбергенұлы қазіргі Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының Қызылсая ауылдық округінің Қызылсая ауылында 1936 жылдың 14 наурызы күні колхозшы-шаруа отбасында өмірге келген. Бұл елді мекен ертеректе Кіндік ауылдық Кеңесіне қарасты Сайынбөлек ауылы атанған. Өтелбай Елбергенұлы Қызылсая орта мектебінің 1955 жылғы түлегі. 1958 жылы Петропавл қаласындағы бухгалтерлік техникумды сәтті тәмамдап, ауыл шаруашылығы саласының бухгалтері мамандығын алып шыққан. 1969 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқып, бухгалтерлік есеп бойынша экономист мамандығына ие болады.

1955 жылы еңбек жолын Қарағанды облысына қарасты Атасу кен байыту комбинатында аға кен бұрғылау жұмысшысы болып бастаған. 1958 жылы техникумды бітірген жас маман Шағалалы тәжірибе стансасы жаңа құрылып жатқан кезде Желтау бөлімшесінің аға бухгалтерінен бастап, 1960 жылы сол кеңшардың бас бухгалтерінің орынбасары қызметін атқарып жүргенде, 1961 жылдың 17 наурызында жаңа құрылып жатқан «Бұлақ» совхозына бас бухгалтер қызметіне ауыстырылған.

Бұдан кейін экономикасы ауырлап тұрған шаруашылықтарды нығайту жөніндегі Үкімет қаулысына сәйкес әр жылдары Щучье ауданының Жамантұз мамандандырылған мал бордақылау бірлестігі мен «Фрунзе» кеңшарына бас бухгалтерлік қызметке ауыстырылып, өзін тағы да іскер де білікті маман ретінде көрсете білді. Алғашқысына үнемі жаңашылдықты қолдайтын Өтелбай ағамыз өз еркімен барып еді. Ондағы ойы күре жолдың үстіндегі сырт қарағанда тәп-тәуір осы шаруашылықта жұмысты дұрыс жолға қойып, жұмысшыларға еңбекақы төлеуде ынталандыру жүйесін, шопандар мен трактор-егіс бригадаларына шаруашылық есепті енгізу болатын. Өрелі азаматтың бұл құлшынысының, есеп-қисапқа жетіктігінің нәтижесі көп күттірмеді. Шаруашылық таза пайда тауып, жұмысшыларға 18 айлық еңбекақы көлемінде он үшінші қосымша сыйақы есептелді. Дегенмен, бұған жоғары жақта күмән туып, Қаржы министрлігінен тексере келгенде бәрі дұрыс болып шықты. Сөйтіп, тиісті сыйақы жұмысшылар қолына тиді. Осылайша сол кездегі озық жұмыс әдістерімен есеп жүйесін жетілдіруді, қарапайым еңбек адамына осындай бір жанашырлықпен қарауды бас маман келесі шаруашылықта да жалғастырды.

Осылайша Өтелбай ағамыз үшін  көрікті Бурабай жерінде  өткен 11 жыл шын мәнісінде қалыптасып өсу, адал да қажырлы еңбегімен елге танылу, көптің бір кәдесіне жарау кезеңі болды. Көптің кәдесіне дегенде, тіліміздің ұшына елдің кәдесіне деген сөздің де келіп қалуы тегін емес. Өйткені, жоғарыдағы бір басына жетерлік жұмысымен қатар, ағамыз жастайынан фотосуретке түсіру өнерімен де шұғылданып, одан әрі бұл ынта-ықыласы кино камераға ойысып, деректі фильмдер жасап, Алматыда өткен әуесқой киногерлер байқауында  екінші жүлделі орынды жеңіп алған жан. Бұл жетістігі 1987 жылы облыста бірінші болып жапонның «Панасоник» бейне камерасын сатып алып, осы іспен ден қоя айналысуына жол ашады. Сөйтіп, сексенінші жылдардың соңынан бастап тәуелсіздігіміздің таяп қалуымен және келуімен өңірімізде бірінен соң біріне ұласқан ұлыларымыздың мерейтойлық астары мен ақындар айтыстары, түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен концерттік бағдарламалар, спорт шараларының бір де біреуі  Өтелбай ағамыздың жоғарыдағы бейне камерасының объективінен  тыс қалмайды. Мәселен, Абылай ханның 280 жылдық торқалы тойынан түсірілген ұзын-ырғасы 39 сағаттық 15 бейнетаспа, Кенесары ханның, Ақан серінің тойларындағы әрқайсысы төрт-төрттен 12 сағаттық 8 бейнетаспа нағыз ұлт рухының жанды шежіресі дерсіз. Мұның сыртында Шоқанның 150 жылдығынан, басқа да осындай тарихи сәттерден белгі болып қалған тағылымды бейнетаспалар қаншама. Олар аға шаңырағының бір бөлмесінің жарты қабырғасына жуығын алып тұр. Ол кезде Көкшеде кезінде бір ашылып, бір жабылған телевидениенің әлі болмағанын ескерсек, мұның өзі жұрт той тойлап жүргенде, камераның құлағын ұстап, жанкештілікпен жасалған қыруар шаруа. Бүгінде арамызда жоқ талай асыл бейнелермен сол көнермес, бүгінгі жаңа техникамен қайта жазып алса мәңгілік  өшпес бейнетаспалар арқылы ғана табысуға болады.

Одан бері де жылдар жылжып, қоғам өзгерді, ел аузында тек жақсы жағынан ғана аты шыққан Өтелбай Елбергеновтің де заман ағымымен өзін тағы бір жаңа қырынан сынап көруіне мүмкіндік туды. Осылайша бұдан 20 жыл бұрын, яғни, 1996 жылы «Есеп және аудит» аудиторлық фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бұған есеп-қисаптан мол тәжірибесі де, осы саладағы адал қызметі де әбден негіз боларлықтай еді. Бүгінде шынында солай болып шыққанына осы істің ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін әріптестерінің де, республикамыздағы аудиторлық қызметтің тізгінін ұстап отырған басшылардың да толық көздері жетіп отыр. Өткен уақыт ішінде серіктестік 98 кәсіпорын-ұйым, мекемеге аудиторлық тексеріс жүргізіпті. Олардың ішінде осы кеңсенің қызметіне жүгінген «Алтынтау» кен байыту комбинаты, «Көкшетау минералды сулары», «Көкшетау әуе компаниясы», «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» акционерлік қоғамдары, тағы басқа да ірі ұйымдар бар. Солардың бәрінде өз жұмысын тиянақты атқарып, сенім биігінен көрінген серіктестіктің, онымен бірге, Өтелбай ағамыздың да мерейі қашанда болсын үстем.

Бұл сөзімізге ол кісінің осы күні Қазақстан Республикасы аудиторлар Палатасының құрметті мүшесі әрі осы Палатаның ақсақалдар алқасының төрағасы екендігі де толық дәлел бола алады.

Күні бүгінге дейін Қызылсая орта мектебінің ғасырға жуық тарихы бар делінеді. Бұл шындық. Кейбір мәліметтерде «1964 жылы 191 балаға типтік жобадағы мектеп бой көтерді. Бұған себепші болған «Бұлақ» совхозының директоры И.А.Петренко» деп жазылып келді. Ал, шындығында бұл небары совхоздың жатақханасы болатын. Көзі қарақты оқырманға түсінікті болуы үшін мән-жайды түгел баяндау қажет. Ол үшін әрине, басынан сабақтаған жөн. Өкімет қаулысымен бұрынғы колхоздарды совхозға айналдыру науқаны кезінде, 1961 жылдың басында Бұлақ МТС-і құрамындағы колхоздар, оның ішінде Қызылсая ауылындағы «Коммунизм» колхозы да бар, жаңадан құрылған болатын. МТС құрамына совхоздың төртінші бөлімшесі болып кірген. Бұрынғы МТС директоры И.А.Петренко совхоз директоры болып тағайындалды. Бұл кезде Өтелбай аға «Бұлақ» совхозының бас бухгалтері қызметін атқарып жүрген. Қырық жылға жуық уақыт өтсе де арнайы мектеп ғимараты салынбаған. Білім және ғылым министрлігіне де хат әлденеше рет жолданды. Әйтсе де ел адамдарының тілегіне ешкім құлақ асқан жоқ. Бәрінің айтар бір жауабы бар. Қолданыстағы заңға сәйкес «совхоз бөлімшелерінде мектеп салуға бюджеттен арнайы қаражат қарастырылмаған» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Алайда, ауылға ең керегі мектеп. Қалайда мектеп салынуы керек. «Бұлақ» совхозының директоры И.А.Петренко Қызылсая ауылында мектеп салу жөніндегі мәселеге қарсылық білдіріп, совхоздың мектеп құрылысын салуға заң бойынша құқығы жоқ деген желеу айтады. Сол тұста осы мектептің салынуына Өтелбай ағаның себі тигені тарихи шындық.

Ағаның зайыбы, Көкшетаудың іргесіндегі көпке белгілі Ортақ ауылының тумасы Балкеш (Мақпал) Қабдөшқызы да өзіне сай мәдениетті, мейірбан жүрегінен жан жылуы молынан төгілген, отбасына ұқыпты, ардақты ана. Өмірінің ізі, көңілінің нұры болып жан жадырататын 5 ұл, 3 қызы, олардан тараған 26 немере, 10 шөбересі де Өтелбай ағаның бұл тіршіліктегі басты қуанышы. Солардың ішіннен ұлы Талғат та жастайынан өзі сүйген фотосуретшілік өнерге әуес болып, Бурабай ауданында жекеменшік «Арай» телекомпаниясын ашқан. Денсаулық болса, тоқсанның тұғырында да жұртыма пайдамды тигізе берсем деп ойлайтын Өтелбай Елбергенұлы Елбергенов міне, осындай абыройлы ел ағасы. Өзі туралы көп сөзге жоқ болса да,  қадірін елі білетін нар азаматтар қашанда Ақмола, Көкшедей киелі мекеннің көркі ғой. Өтелбай ағаға қарап та, солай дейміз біз!..

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар