Тарихтың терең қойнауынан сыр шертетін, яғни, осыдан 5 мың жыл бұрын жер бетінде бірінші болып жылқы малы қолға үйретілген әйгілі де киелі Ботай топырағынан түлеп ұшып, бүгінде абыроймен тоқсанның төріне қарай келе жатқан Қорабай Шамғанұлының өмір жолы келер ұрпақ үшін таусылмас қазына.
Ол соғыстан кейінгі жылдары білім іздеп, еліміздің ірі қалаларындағы жоғары оқу орындарына аттанған Ботай ауылының алғашқы зиялы толқынының белді өкілі. Оның тағдыры – қиындыққа мойымайтын қайсарлықтың, білімге деген құштарлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі.
Қорабай Шамғанұлы Ботай ауылында Шамған мен Ақыштың шаңырағында дүниеге келді. Әкесі Шамған Ұлы Отан соғысы майданында қаза тауып, анасы Ақыш жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Отбасының үлкені болғандықтан, Қорабай алғашқы еңбек жолын тылдың ауыр тауқыметінен бастап, бауырлары Әбу, Кәмәл, Раушан, Амандық, Қайырлы және Қайырбекке қамқор болып, ерте есейді. Ол бастауыш мектепті ауылында бітіріп, кейін Шоқан Уәлихановтың ата қонысы саналатын Сырымбеттегі әйгілі Қазгородок мектеп-интернатында оқуын жалғастырды. Бұл мектепте Шоқанның әулетінен шыққан атақты мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Шота Уәлихановпен бірге оқып, Елтай Ерназаров, Бәйкен Әшімов сынды дара тұлғалардың тәлімін алды. Осы қасиетті мекендегі білім нәрі оның болашақ инженерлік жолының іргетасын қалады.
1950 жылдардың ортасындағы Хрущев реформалары жастардың оқуға түсуін қиындатты. Енді жоғары оқу орнына түсу үшін екі жылдық өндірістік өтіл немесе әскери қызмет талап етілді. Осы қиын кезеңде Қорабай Алматы іргесіндегі Шамалған құрылыс техникумына оқуға түсіп, оны 1955 жылы бітірді. Дәл осы жерде ол өзінің өмірлік жары Розамен танысты. Араға 4-5 ай салып, Қорабай Ленинград қаласында үш жылдық әскери борышын өтеуге аттанды. Үш жыл бойы хат жазысып, сезімдерін суытпаған жастар 1958 жылы Шамалғанда үйлену тойын өткізді. Бұл таза махаббат хикаясы бүгінде үлкен мәуелі әулетке негіз болды.
Қорабай ағамыз кейін Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында инженер-электрик мамандығын меңгерді. Студент кезінде ол тек білім алып қана қоймай, факультеттің кәсіподақ ұйымын басқарып, жатақхана мен стипендия мәселелерін шешуде зор белсенділік танытты. Сол кезде-ақ бүйрегі өзіндей студенттерге бұрып, ұйым мүшелері алдында сөзін өткізгісі келіп тұратын. 1963 жылы диплом алған соң, туған өлкесіне оралып, Көкшетаудағы №57 мехколоннаға жұмысқа орналасты. Оның басты өмірлік мұратының бірі ауыл шаруашылығын жаппай электрлендіру болды. Сол бетпен бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау, Жезқазған, Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстарының кең даласында 500 шақырымдық жоғары вольтты желілерді тартып, елге жарық сыйлады. Тіпті, 1987 жылы тәжірибелі маман ретінде Ауғанстанға көмекке жіберіліп, дәл сол тұста бұрынғы кеңес әскерлерінің қатысуымен соғыс өрті шарпыған елде электр жүйелерін қалпына келтіруге атсалысты.
Қорабай Шамғанұлының ең үлкен армандарының бірі туған ауылы Ботайға электр жарығын жеткізу еді. 1960 жылдардың ортасына дейін ауыл тұрғындары өзге елді мекендердің халқы сияқты, «Ильич шамын» көрмей, керосин лампасымен отырған. Қорабай өз кәсіпорнының басшыларына өтініш жасап, жоспардан тыс болса да, Ботайға электр желісін тартуға қол жеткізді. Осылайша, 1966 жылы Ботай ауылында тұңғыш рет электр жарығы жанып, қуаныштарында шек болмаған ауыл халқының тұрмысы түбегейлі өзгерді. Бұл – оның туған жеріне деген перзенттік махаббатының, сол жолда сарп еткен күш-жігерінің ең биік көрінісі еді. Осы орайда, қадірменді ақсақалдың біздің газетімізге берген сұхбатын сөзбе-сөз келтіре кетуді жөн көрдік.
– 1963 жылы, 24 жасымда №57 мехколоннаға жұмысқа орналастым. Ол мекеме «Целинэлектросетьстрой» тресіне қарасты болатын. Содан ай, жылына ондаған, жүздеген шақырым электр бағандары мен желілерін (ЛЭП) тарттық. Біздің мехколонна осы жұмыста талай рет үздік атанып, сыйақысы өз алдына, бірнеше трест пен мехколонналардың ішінде Мәскеуге дейін алқалы жиындарға барып, талай жетістікке жеттік.
1973 жылы Көкшетау облысын электрлендіру толықтай аяқталды. Қазіргі «Көкшетау Энерго» жүйесін, барлық кернеу желілері мен қосалқы станцияларды біз салдық. Одан кейін жұмысымыз басқа облыстарда жалғасты. Мәселен, Гурьев облысында 220 кВат қосалқы станциясын салдық, Ақтөбе облысындағы ірі мұнай кен орындарында жұмыс істедік. 1978 жылдан бастап Жезқазған қаласы мен Байқоңыр ғарыш айлағы арасында 220 кВат желісін тарттық. Солай жүріп отырып, спутниктер ұшырылатын жерге дейін жеттік. Үш таудың арасынан өткізіп, 500 шақырымдық электр желісін 10 жылға тарта уақытта салып бітірдік.
Бағандарының биіктігі 22-26 метр аралығында болатын. Қажетті темір мен болат бұйымдарын, басқа да жабдықтарды Украинадағы зауыттардан алдыратынбыз. 20 жылдан астам уақыт зейнеткермін. Осылай электр желілерімен әрбір колхоз-совхозды қамтыдық, қазір олардың бәрі сол баяғынша жұмыс істеп тұр. Тек керегінде жөндеуден өткізсе болды. Жыл сайын энергоорталықтар басшылары «жарық беріп жатырмыз» дейді, бірақ, кезінде сол жарық жүйесін кім құрды? Оны құрған мына біз, ол туралы да айтылуы керек. Осы жағы кейде көңіліме келеді. Қазір біз салған барлық желілерді «Көкшетау Энерго» мекемесі пайдаланып отыр. Осы уақытқа дейін бұл желілерден ірі апат болды дегенді естіген жоқпын. Істен шықса шығып қалатын шығар, одан бері қанша уақыт өтті ғой. Кей жабдықтар ескірді, тозды. Бірақ, сол кездегі сапасына әлі күнге ешкім күмән келтіре алмайды.
Ол кезде байланыс жоқ, техника да ескі-құсқы болатын. Бір қажет құрылғы істен шығып қалса, тәулік бойы отыратынбыз. Сондай қиын жағдайда жұмыс істедік. Шіркін-ай, ол кезде қазіргідей осы заманғы техника болса, екі күндік жұмысты екі сағатта-ақ тындырар ма едік?! Бірақ, сөйтіп жүріп атқарған жұмысымыз әлі күнге бүкіл елдің игілігіне жарап отыр. Міне, адам баласы үшін бақыт деген сол.
Менің туып-өскен жерім жоғарыда айтқанымдай, Ботай ауылы. Әкем ерте қайтыс болған соң, Сырымбеттегі (Казгородок) мектепте оқыдым. Ол кезде мектебіміз облыс бойынша тәртіп пен оқудан алдыңғы қатарда болатын. Оқуымды жақсы оқыдым, бірақ, ол уақытта бұл үшін медаль берілмейтін. Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсу үшін екі жылдық жұмыс өтілі талап етілгендіктен, Шамалғандағы құрылыс техникумына түстім. 4 айдан кейін әскерге кетіп, сол кездегі мерзіммен Ленинград әскери округінде үш жыл қызмет еттім. Қазіргідей бір жыл емес, үш жыл! Қызметімді «старшина» болып аяқтадым. Кейін былайғы өмірімде аға лейтенант, капитан шендерін алдым. Әскерден КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Алексей Косыгиннің сол кездегі бүкіл әскерден босағандарға үлкен күш болған тиісті өкіміне сәйкес, «Жоғары оқу орнына түсуге дайындығы үздік маман» ретінде босатылып, 1958 жылы оқуға түсіп, 1963 жылы бітірдім.
1985 жылы мехколоннаға бас инженер болып тағайындалдым. Одан кейін Ауғанстанға «Загранэнерго» арқылы бас инженер ретінде екі жыл іссапарға жіберілдім. Ол жақта соғыс қимылдары жүріп жатқанда өзіме жүктелген міндетті ойдағыдай орындағаным үшін әскери наградаларым да бар. Жастарға айтарым «халықты алаламау керек, өзіңнен үлкенді де, кішіні де бірдей сыйлаңдар. Заман жақсы, келешек те жастардыкі, – деп сөзін аяқтады ақсақал.
Қорабай аға мен Роза апай алты перзент тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы жоғары білім алып, ата-аналары сияқты адал еңбектерімен еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тұңғыш қызы Гүлнар ұстаз әрі заңгер, Мейрам мен Ескендір инженерлік жолды қуды, Дина мен Әлия өнер мен білім саласында еңбек етеді. Бүгінде ақсақалдың 16 немересі мен 9 шөбересі бар. Қорабай ақсақал тек өз отбасын ғана емес, соғыста қаза тапқан әкесінің орнына іні-қарындастарын да жетілдіріп, анасы Ақышқа ерте сүйеу болды.
Алдағы 29 желтоқсанда Қорабай Шамғанұлы 90 жасқа толады. Оның еңбек кітапшасында жалғыз ғана мекеме, өзі адал еңбекпен 35 жыл еңбек жолын өткізген №57 мехколоннасы ғана жазылған. Ол – еліміздің энергетика саласының ардагері, туған ауылы Ботайдың мақтанышы, облыс орталығы Көкшетау қаласында да қадірменді аға ұрпақ өкілдерінің бірі және әулеттің ақылман абызы. Ата, сіздің жүріп өткен өмір жолыңыз біз үшін адалдықтың, төзімділіктің және білімнің шыңы. Сізге әлі де зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Жүз жасаңыз, Ақмола, Көкше өңірінің мәуелі бір бәйтерегі!
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

